Жаңалықтар

«Наурыз айы келгенде…»

Аймақта Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу кешегі амал күнінен басталды. Ол наурыздың 23-іне дейін жалғасады. Мереке аясында ән-күй ғана әуелеп қоймайды. Оған қоса, жүректерді жылытар, жанды жұбатар қайырымдылық акциялары да өтеді. Мұның сыртында, бұлақ көзін ашып, ағаш отырғызу сынды экологиялық мақсаттағы игі істер де баршылық. Жалпы, өңірдің Наурыз мейрамына дайындығы туралы облыс әкімінің аппарат отырысында мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, тоғыз күн әр тақырыпқа арналған және сол тұрғыда шаралар ұйымдастырылады. 22 наурыз күні аймақтың аудан-қалаларында 302 киіз үй құрылады екен.

Әр күнге белгіленген тақырып сол күннің мән-мазмұнын ашпақ. Ол күндер танымды, тарихты, дәстүрді, ілім мен білімді қамтиды. Ал, негізгі мерекелік шара әдеттегідей 21-22 наурызда кең ауқымда аталады.

– Облыстың қала-аудандарында негізгі мерекелік шаралар 21-22 наурызда этноауылдар аясында, театрландырылған қойылым, концерт, спорттық жарысқа ұласып өтеді. Облыс бойынша 302 киіз үй орнатылады, – деді Еркебұлан Жұмакенов.

Қарағандыда басты мереке 22 наурызда. Қалада 31 ақ боз үй тігіледі. Орталық саябақтың жағалауында театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылады. Ұлттық спорт та ұмыт қалмайды. Қолөнершілердің туындылары жиналғандардың көзайымына айналмақ. Кеншілер мәдениет сарайындағы Бұқар жыраудың 355 жылдығына арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты республикалық айтыс мереке көркін қыздырмақ екен.

Осындай ілкімді істер әр аудан, қалада да жалғасын табады. Мәселен, Шет ауданында «Біздің көше тұрғындары» тату көршілік байқауы өтсе, Абай ауданының этномәдени бірлестіктері мереке мәнін кіргізе түседі. Саран қаласында «Алтын мұра» хореографиялық өнер фестивалі, Приозерск қаласында құрақ құрау, Қарқаралы қаласында сатирик М.Тоқмырзаның 55 жылдығына арналған әзіл-сықақ байқауы Наурызға орайластырылып іске асады.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button