Бас тақырыпҮкімет

Нақты міндеттер белгіленді

Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ халықтың қарыз жүктемесін төмендетуге қатысты жұмыстарды талап деңгейінде орындауды тапсырды. «Біз осы акция туралы жарияладық. Атап айтқанда, бұл акция бір жолғы сипатқа ие. Алдағы уақытта осы тектес шаралармен әуестене алмаймыз, оған құқығымыз жоқ. Дегенмен, халыққа жариялаған бастаманы дер кезінде әрі сапалы орындауымыз керек» – деді мемлекет басшысы.

«Төлем қабілеті төмен азаматтарға қатысты қарыз жүктемесін төмендету бағытындағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?» – деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сауалына Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «Ағымдағы жұмысты Үкіметпен бірге 2 блокқа бөлдік. Бірінші блокта біздің қолдаумен қамтылатын топқа қатысты мәліметті салыстыру жұмыстары ескерілген. Мәліметтер базасын салыстыру жұмыстары осы аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан тиянақталады. Алдағы аптадан бастап шілденің аяғына дейін екінші деңгейлі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен, сондай-ақ Проблемалық несиелер қорымен арадағы шарттар бекітіледі. Жоспар бойынша 1 қыркүйекке дейін банктерге қатысты қажетті төлемдер аяқталады. Айыппұл мен өсімпұлға байланысты мәселелерді 1 тамызға дейін шешеміз», – деп жауап берді.

Сонымен қатар, Ерболат Досаев «ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлықты іске асыру үшін Ұлттық банк кепілсіз тұтынушылық кредиттеріне қатысты айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару механизмін бекіткенін мәлімдеді. Биылғы жылғы 30 шілдеге дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары тұрақсыздық айыбы бойынша салынған берешекті кешіреді. Бұл ретте өсімпұлдар мен айыппұлдардың 70 пайызын қаржы мекемелерінің өздері өтейді, 30 пайызын өтеу үшін Ұлттық банктен мақсатты қаражат бөлінеді. Оның көлемі 17 млрд. теңгені құрайды. Бұдан бөлек, қолға алынған шаралар тұтынушылық кредиттеудің барлық субъектілерін, оның ішінде онлайн-кредиторлар, ломбардтар және халыққа несие беретін басқа да заңды тұлғалардың әрекеттерін толық реттеуді қамтиды. Субъектілер 2020 жылғы 1 шілдеге дейін алғаш рет уәкілетті органдарда есептік тіркеуден өтуге міндетті. Тиісінше, барлық кредит беру субъектілері уәкілетті органдардың бақылауында болады. Бұл азаматтардың борыштық жүктемесі туралы толық ақпарат алуына, нарықтың ашықтығын арттыруға және жүйелік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Президент Үкімет пен Президент Әкімшілігіне осы бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Бұдан бұрын хабарланғандай, мемлекет азаматтардың 300 мың теңгеге дейінгі қарызын өтеп береді.

Ел мүддесін ескерген бірегей қадамның әлеумет үшін игі әсері қаншалықты мол болса, жалпы қоғамға қайтарымы да мейлінше жағымды болары анық. Біздің бағамдауда, ізгі ниеттен туындаған бұл әрекет жоғары билік пен бұқара қауымның өзара ықпалдасуын одан әрі нығайта түседі. Елдік мұратты барлық ұстанымнан биік қоятын мемлекеттің мерейі – үстем, болашағы – жарқын, әрине.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button