Демалыс күндері қарағандылықтар өңірдің басты кәсіби мерекесі – Кеншілер күнін атап өтті. Қарағанды облысының әкімдігі мен «Qarmet» АҚ бірлесіп ұйымдастырған мерекеге ауа райының суықтығына қарамастан 50 мыңға жуық тұрғын жиналды.
24 тамыз күні Қарағандыдағы Тәуелсіздік алаңында өткен мерекелік концертте ең алдымен, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері мен Марат Бекішев әннен шашу шашты. Сондай-ақ, джаз оркестрі де өнер көрсетті. Кейінірек кештің басты хэдлайнерлері қазақстандық эстрада жұлдыздары Luina, Shiza, Ninety One, «Банд’Эрос» тобы қарағандылықтарға серпіліс пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қадағалауға полиция департаментінің 500-ден астам жеке құрамы жұмылдырылды. Мерекелік шара кезінде ешқандай құқық бұзушылыққа жол берілген жоқ. Полиция қызметкерлерімен концерт кезінде ата-анасы және жақындарынан адасып қалған 35 бала табылып, туысқандарына қайтарылды.
Ал, 25 тамыз күні Абай, Саран және Шахтинск қалаларында Shiza, RaiМ және JUZBIR тобының қатысуымен мерекелік концерт өтті. Мерекелік шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Qarmet» компаниясының Бас директоры Вадим Басин және Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов қатысты.
– Құрметті жерлестер, кеншілердің еңбегі – жауапкершілік және рухтан тұрады. Сіздер біздің үйлерімізді энергиямен және жылумен қамтамасыз етесіздер, елдің экономикалық тірегіне айналдыңыздар. Біз өз шеберліктерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін еңбек әулетін мақтан тұтамыз. Сіздердің күштеріңіз, сіздердің рухтарыңыз – біздің аймақтың мақтанышы. Мерекемен шын жүректен құттықтаймын және жұмыстарыңызға жеміс тілеймін! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Бұдан соң сөз алған Вадим Басин жиналғандарға жүрекжарды лебізін жеткізді. Еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі.
– Осы керемет күні барша кеншіні құттықтаймын! Бақыт, амандық және жаңа еңбек жетістіктерін тілеймін. Мерекелеріңізбен, – деді Вадим Басин.
Мерекелік шаралар отшашумен аяқталды.
– Кеншілер мерекесі – жылына бір рет келетін айтулы күн. Елімізге танымал әншілердің өнерін тамашалап, демалып қайттық. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Белгілі өнер иелерін тірідей көргеннің әсері бөлек екен. Кеншілердің жұмысына сәттілік тілейміз. Өмір қауіп-қатерге толы кеншілердің даңқы арта берсін, – дейді қала тұрғыны Әділбек Қанатұлы.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz