Жаңалықтар

“Ән салшы, гитара!”

Кеншілер мәдениет сарайында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Сарыарқа самалы» І Республикалық бард фестивалі өтті. Онда қатысушылар авторлық әндерін орындауға құқылы болды. Орындалар әндер мемлекеттік тілде ғана емес, өзге тілдерде де шырқалатындығы жарияланған. Тек өзгермейтін шарт – әндер міндетті түрде гитарамен жеткізілуі керек-ті.

Аталмыш іс-шарада өнер көрсеткен жас бард ақындар өз шығармаларымен қатар Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев және басқа да танымал тұлғалардың әндерін сахнаға алып шықты. Екі кезеңнен құралған байқау қатысушыларының саны 40 адамға жетті. Әлемдік індетке байланысты фестиваль көрерменсіз онлайн түрде өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – облысымызды елдің мәдени ордасы ретінде таныту. Жас жеткіншектерді музыкаға, поэзияға баулу, авторлық әндерді сараптап, авторлық әндердің үздік үлгілерін тарихқа таспалау. Ән жүйесін дамыту һәм әр өңір ақындарын өзара байланыстыру, өнер өрісін кеңейту, тәжірибе алмасу және жанды рухани байыту. Павлодар, Өскемен, Ақтөбе, Шымкент, Алматы және Қарқаралыдан жиналған ақындар өнеріне қазылық еткен Фарид Сахабутдинов, Мейрамкен Ахметбеков, Владимир Бегунов, Юрий Насибуллин, Марина Насибуллина, Нұрлан Ахметбаев сияқты елге танымал тұлғалар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады. Байқаудың бас жүлдесін (Мемлекеттік тілдегі сөздер мен музыканың толық авторы) жерлесіміз Әлімжан Макенов жеңіп алды. Ал, (Орыс тіліндегі сөздер мен музыканың толық авторы) жүлдесі шымқалалық Павел Поповқа бұйырды.

– Сыны шыңға жетелер қазылардың пікірлері орынды болды. Аймақтың ең мықтылары жиналған екен. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Байқаудың бас жүлдесінің иегері ретінде аты-жөнімді естігенде ерекше сезімде болдым. Сөзбен айтып жеткізуге бола ма, білмеймін! Жалпы, бұл Арқаның әншілік өнерінің өркендеуі деп білемін өз басым. Сондай-ақ, сайыста қарсылас болсақ та өмірде дос болып қалған әріптестердің ыстық ықыласын ерекше атап өткім келеді. Айналдырған екі күн көлемінде жақын досқа айналғандаймыз. Өте тамаша тәжірибе алмасу болды десем, артық емес, – деді өз сөзінде сайыс жеңімпазы Әлімжан Макенов.

Сонымен қатар, бұл сында тек орындаушылар ғана емес, байқауда орындалған әндердің композиторлары да марапатталды. «Үздік композитор» атағына қазылар Нұр-Сұлтан қаласынан Кенжебай Әміровті, Ақмола облысынан Юрий Романюкті және қарағандылық қос сазгер Рафаиль Габайдуллин мен Федор Снигиревті лайық көрді. Өзінің ерекше орындауымен сахна серісіне айналып, «Үздік орындаушы» атағын қарағандылық Юрий Ерохин иеленді. Иә, «ат тұяғын тай басар» демекші, кешегі тау тұлғалы Табылды болуға талпынып жүрген ізбасарлары көп бүгінде ел арасында. Бұған дәлел – әр аймақтан ат терлетіп, сахна жаңғыртқан бар ақындардың жаңа тынысы һәм өзгеше мақамы. «Арқаға келіп, әншімін деме», сайыс неге тап осы Қарағандыда өтті? Бұл сұрақ оқырман жұртты алаңдатары сөзсіз. Бұл Арқа – кешегі ән алыбы Мәди, Әсет секілді сал-серілер мекені себебі. Қорабай Есенов «Жас қаламымен» жан нұрландырған шақ келді еске еріксіз. Түбінде Қарағанды мәдениеттің ошағы болып қалады-ау тарихта…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button