Бас тақырып

Ән салшы, Динара! Әнші подполковник туралы үзік сыр

Табиғатынан тән емес мүлдем екі түрлі құбылыстың үйлескенін көрдіңіз бе?! От пен судың… Ащы мен тәттінің… Қайтпас қайсарлық пен «аспаннан ақ бұлт түскендей» әдеміліктің… Өр рух пен көргенде еріксіз таңдандырмай қоймайтын нәзіктіктің… Өз басым көрмеппін. Мүлдем кереғар екі құбылысты бір арнаға тоғыстыру мүмкін емес тәрізді, әсте. Қателеседі екенбіз. Бәрі мүмкін. Оксюморон дерсіз. Айтпағымыз облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Динара Әбдішева һақында… Кереғарлық не дейсіз ғой сонда?

Қарағанды қаласындағы мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаты мұғалімдерінің көзіне түскенде балабақшаға анасы Ләззат жетектеп апарып, жетектеп алып қайтып жүрген шынашақтай Динара небары үш жаста ғана болатын. Қызының ән айтқанда әсерленіп, көзінен ерекше бір жалын байқалатынын сезген анасы да қызын түрлі байқаулардан, фестивальдардан қалдырған емес. Іздегенге – сұраған. Мұғалімдердің өзі қолқа салып, болашағынан үміт күткені тағы бар. Осылайша, 1994 жылы Динара музыкалық мектептің бірінші сынып оқушысы болып шыға келді. Әуелде фортепиано сыныбында оқыған ол жоғары сыныптарда жеке әндерді орындай бастады. Түрлі байқаулар, фестивальдар… Облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулардың ешқайсысынан жүлдесіз оралмаған Динараның алдында әншіліктің даңғыл жолы ашылғандай еді. Тіпті, тағдырдың өзі оған әнші ретінде оң жолын сілтеп, батасын бергендей. Себебі, Астана қаласындағы «Шабыт» өнер академиясы да сол кезде ашылған еді. Динараның арманы – академияға түсу, әнші болу ғана.

…Сол кезде көзі тірі марқұм әкесі – Ахметжан Тұңғышбаев қатал болса, анасы – Ләззаттың мінезі жібектей еді. Айтпағын қабағымен-ақ ұқтыратын әке бейнесі – қызының әлі күнге көз алдында. Оның үстіне, өмірдің ащысы мен тұщысын көріп, өмір тезінен өткен ата-ананың ақылы мен кеңесі қияға енді ғана қанат қаққан сарыауыз балапан үшін, әлбетте, дұрыс болатыны анық. Дауысында ерекше сиқыр бар кенже қызы Динараның әнші ретінде алдына жан салмай, кез келген деңгейдегі байқаулардан тек бірінші орынды ғана иеленіп жүргенін көрсе де қатал әке бір күні ойын күрт өзгертті. Қатты айтқан жоқ, ақылмен жеткізді. «Қызым, адамға тұрақтылық керек. Ол үшін мамандық алу маңызды. Кез келген жерде, кез келген жағдайда әніңді айта аласың. Оны тастамайсың әрі бөгет емес» дегені бар. Әкенің сөзі – заң. Заңгер болуға шешім қабылдады. Жанының қалауы – әншілігін де тастамауға уәде берді өзіне. Мақсат та түбегейлі өзгерді. Қалай да Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына түсу керек. ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып шығу керектігі тағы бар. Еш ойланбастан он жыл бойы білімін алған, талай арманына қанат бітірген мектебін Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатына ауыстырды. Әншілігі өз алдына, білімде де алдына жан салмаған Динара бұл мектепте де жақсы көрсеткіштер көрсетті. Бірақ, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, норматив көрсеткіштері жақсы болса да, академияға түсе алған жоқ, резервке ғана алынды. Бірақ, қатал әкенің қайсар қызы бұған еш налыған жоқ. Қарағанды экономика университетінің заң факультетіне қабылданды. Студенттерімен мақтанатын университет ректоры Ерқара Аймағамбетов қолдау көрсетті. Жастайынан танылып қалған әнші қызды облыста өткен шаралардан қалдырған емес еді сол кезде. Әсіресе, өнеріне қолдау көрсеткен Рымбала Омарбекова апайын ерекше есіне алады.

Бірақ, жүрек қалауы мен бірбеткейлік арманға жеткізбей қойған ба адам баласын?! Екінші курста Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен академияның курсанты атанды. Əке арманын орындаған қызыл дипломды жас маман Михайлов полиция бөлімінің тергеушісі болды. Уақыт өте келе жұмысына тиянақты, əншілікті де, тергеушілікті де қатар алып жүрген маманға қызыққан жол полициясы басқармасының басшылығы өздеріне шақырды. 2010 жылдан аталған басқармаға жұмысқа орналасты. Қатардағы қызметкерден басшылық лауазымға дейін көтерілді.

Айтпақшы, ішкі істер органының ардагері Əбубəкір Əбдіровті ерекше құрмет тұтып, сыйлайтыны бар Динараның. Дəл осы адамның қызмет жолында жетістікке жетуде ықпалы болғанын да жоққа шығармайды.

Жол полициясы басқармасында қызмет ете жүріп өмірлік жолдасы – Дəурен Əбдішевті кездестірді. Тұрмыс құрды. 2014 жылы Ажар есімді қызы дүниеге келді. Əн айтып, фортепианода ойнаған қызына қарап, өзінің балалық шағы есіне түседі Динараның. Тоғыз жасар Ажар да түрлі деңгейдегі байқаулардан бүгінге дейін тек бірінші орын ғана алып келеді. Өзі əкесінің арманын орындап, əншілікті полицияға айырбастаса, қызы анасының жолын қуып, əнші болуды армандайды.

2018 жылы ұлы Санжарын дүниеге əкелді. Динара Жаңаарқа елінің өнегелі келіні, Дəуреннің адал жары. Ажар мен Санжардай балалардың ардақты анасы.

«Əкемнің арманын орындадым» дейді өзі. «Бастысы – əкем «қызың ұлға бергісіз» деген сөзді естіді» деп көзіне жас алады.

Подполковник Динара Əбдішеваның жан жолдасы Дəурен Əбдішев те полиция саласында. Əншінің жары болудың да өз қиындығы бар. Бірақ, қолдау мен қабылдау бар жерде кедергіге жол жоқ емес пе?! Жолдасы Дəуренге дəн риза. Себебі, Динараның əн айтпаса жанының жабырқайтынын, көңілінің солғын тартатынын ол да біледі. «Жұмыстан шаршап, болмаса, ренжіген сəттерімде студияға барып əн жазамын. Сол кезде бойымда ерекше күш пайда болып, қанаттанып кетемін. Ол кезде мені мүлдем танымай қалуға болады» деп күледі өзі. Облыстың полиция департа ментінің қызметкерлері де мерекелік шараларда Динараның əнін күтеді. Себебі, дауысында ерекше бір сиқыр бар. Патриоттық əндерді ғана орындайтын болғандықтан ба екен, əлде?! «Шыбын жанды шүберекке түйіп жүретін» полицияның күнделікті қым-қуыт тіршілігінде осындай бір ерекше сəуленің болғаны да дұрыс шығар…

Полиция подполковнигі Динара Əбдішева – осындай адам. Оның бойында табиғатынан тəн емес құбылыстар үйлескен. От пен судың… Ащы мен тəттінің… Қайт пас қайсарлық пен «аспаннан ақ бұлт түскендей» əдеміліктің… Өр рух пен көргенде еріксіз таңдандырмай қоймайтын нəзіктіктің…

Динараның арманы əлі асқақ. Ару, əнші, подполковник бүгінде ғылым жолына бет бұрған. Кезінде өзі түлеп ұшқан Бəрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына ауысып, полиция департаментінде алған тəжірибесімен бөліспек. Бірақ, əншілігін тастамақ емес. Себебі, ол – жанының қалауы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button