Жаңалықтар

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ: “Ұлт мүддесімен үндескен мүмкіндік”

Қазақстан дәл қазір аса бір саяси сындарлы сәттің табалдырығында тұр. Өйткені, сайлау – уақыт тезінде қалыптасқан жетістіктер мен проблемалар, болжамдар мен мүмкіндіктер сараланып, тарих таразысына тартылатын саяси науқан. Таразының бір басында – уақат талабы, екінші басында – халық тағдыры. Осы тұрғыдан алғанда, сайлау үрдісі өзінің саяси салмағынан ажырап көрген емес.

Иә, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 сәуір күнгі Қазақстан халқына арнаған үндеуі ел өміріне саяси серпіліс әкелді. Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы қабылданған шешім – уақыттың құрсағында пісіп-жетіліп, әбден толғағы жеткен мәселе. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының бұл шешімі – елдің жарқын болашағы үшін жасалған тарихи жауапкершіліктің көрінісі. Сонымен қатар, бұл шешімнің Қазақстан халқы үшін маңыздылығы тіптен орасан.

 Біріншіден, Қазақстан – саяси билік элитасы әбден қалыптасқан, әлемдегі көшбасшы мемлекет. Отыз жылға жуық уақыт биліктің ауыспауы негізгі саяси теория бойынша елді аса қатерлі дағдарысқа алып келуі мүмкін еді. Ал, бізде олай болған жоқ. Ұлы Дала төсіндегі Қазақстан мемлекетін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев асқан көрегендікпен басқарып, еліміздің ішкі әлеуеті мен сыртқы саясаттағы мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланды. Нәтижесінде, Қазақстан қарқынды дамып, саяси жүйесі салиқалы қалпынан айныған жоқ. Тұрақтылық тұғырланып, келісім кемелденді. Нақтылай айтқанда, тұрақтылық Қазақстанның екінші атына айналды. Мұның барлығы – Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел ертеңі үшін жасаған өлшеусіз еңбегінің жемісі.

Екіншіден, Қазақстанның шын мәнінде демократиялық мемлекет екендігіне күмән келтіретін сыртқы күштер мен саяси сәуегейлердің болғаны жасырын емес. Өзінің Президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімі арқылы Елбасы осы мәселеге нүкте қойды. Билік заңды тұрғыда және бейбіт жолмен ауысты. Тұңғыш Президенттің алты құрлықты абдыратып тастаған бұл шешімі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін одан сайын арттырып жібермесе, кеміте алған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан-ақ демократия қағидаттарын қазық еткен мемлекетте ғана болатын үрдіс екенін уақыт мойындатты.

Шынымен-ақ, 30 жыл бойы тыныштықта, тұрақтылықты тұғыр етіп, мамыражай тірлік кешкен қазақстандықтардың өзі бұл өзгерісті тосырқай қабылдады. Көңілдерге «Енді қалай болар екен?», «Ел тізгінін енді кім ұстар екен?» деген сияқты күмәнді сауалдар ұялады. Мұндайда әлдебір саяси топтар мен ішкі-сыртқы «ойыншылардың» өрекпіп кететіні бар. Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі шешімі осының барлығына нүкте қойып, транзиттік процестің мәселесі түбегейлі шешілді.

 Өзінің Қазақстан халқына арнаған үндеуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «…Әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек», – деді. Еліміздің жарқын болашағы үшін қабылданған тағдырлы шешімнің негізгі себептерінің бірі – осы. Оның сыртында, транзиттік билік, яғни, өтпелі уақытша биліктің тиімсіз тұстарын айқын сезінуіміз керек. Мәселен, экономикалық үдерістерге тигізетін салқыны. Билігі тұрақты емес мемлекеттің экономикасына инвестиция салуға деген қызығушылық күрт төмендеп кетуі әбден мүмкін. Өйткені, «бүгін – бар, ертең – жоқ» билікке деген сенімнің шектеулі болатыны – заңдылық. Осы тұрғыдан алғанда, бізге кезекті сайлау мерзімін күтіп отыру сонша тиімсіз болатын еді.

Сондай-ақ, геосаяси мәселенің өзектілігін Президентіміздің өзі тілге тиек етті. Яғни, әлемнен оқшауланып, стратегиялық белгісіздікке жол беруге болмайды. Біз – әу бастан-ақ бағытын айқындап алған елміз. Елбасы бастаған сара жолы, Стратегиялық бағдарламалары, асыл мұраты бар толыққанды мемлекетпіз. Кешегі Кеңестер одағының күйрендісінен енші алмай шыққан ел бола тұра, өте қысқа мерзімде еңсемізді тіктеп, шекарамызды шегендеп, етек-жеңімізді қымтап алдық. Саяси-экономикалық реформаларды ретті жүргізіп, жемісті қорытындыладық. Халықтың әлеуметтік тұрмысына баса назар аударып, адами факторды бірінші кезекке шығардық. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы бекем бірлік пен ауызбіршілікті қамтамасыз еттік. Мұның барлығы – баға жетпес құндылық және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы қайраткерлігі мен сұңғыла саясаткерлігінің арқасында мүмкін болған игілік. Ал, өтпелі кезеңнің ұзаққа созылуы осы құндылықтарға нұқсан келтіруі әбден мүмкін еді. Сайып келгенде, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімнің астарында ұлттық мүдде жатыр.

 Әрине, сөз басында айтқанымыздай, сайлау – сындарлы сәт. Десек те, кемел келешек үшін жасалатын тарихи таңдау, әрбір қазақстандықтың жүрек қалауы – мүмкіндік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!» деді. Ендеше, алаңдайтын ештеңе қалған жоқ. Сайлау күні белгіленді. Тек қана әрбір қазақстандық саяси белсенділік танытып, ел болашағы үшін өз таңдауын жасауы керек. Ұлт мүддесімен үндескен мүмкіндікті мүлт жіберіп алмайық!

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Мәжіліс депутаты,
заң ғылымдарының докторы, ҰҒА мүше-корреспонденті

Басқа материалдар

Back to top button