Бас тақырып

Нұралықтар белсенділік танытты

Нұра ауданының азаматтары Түркістан облысының Арыс қаласында жойқын жарылыс әсерінен бүлінген тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысты.

Нұра ауданының азаматтары Түркістан облысының Арыс қаласында жойқын жарылыс әсерінен бүлінген тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысты.

Нұра ауданы әкімінің орынбасары М.Жұманов бастаған топ құрамында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры И.Пронин, жаттықтырушылар М.Ескендіров, Е.Смайылов, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызмет көрсету маманы А.Мұсабаев, аудандық құрылыс бөлімінің әдіскері Е.Нұртазин, «Тәуелсіздік» саябағының директоры Т.Шолтаев, жүргізушілер А.Әбденов пен Е.Орманбаев секілді бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де болды.

Аталмыш топ апат орын алған аумақта Қарағанды облысының төтенше жағдаймен байланысты апаттарға қарсы комиссиясының құрамында жұмыс істеді. Оқ-дәрі қоймасынан шыққан өрттің әсерінен болған жарылыс күшінен бүлінген үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының бел ортасында болып, тұрғылықты халықтың ризашылығын иеленді.

  • Арыс қаласындағы зақымдалған үйлер қалпына келтіру үшін Қазақстанның барлық облыстарынан келген топтарға жүктеліп, секторларға бөлінген. Жарылыс нүктесінен бір шақырымдық радиуста орналасқан Ақымбеков көшесіндегі 129 пәтерлі 4 қабатты үйді жөндеу міндеті Қарағанды облысының жауапкершілік аймағында болды. Біз, яғни, учаскелік жасақтың мүшелері тұрғындарға өтемақыны есептеу үшін құжаттарды жинау жұмыстарына жәрдемдесіп, шығындарды талдау шараларын ұйымдастырдық, – дейді топ мүшесі И.Пронин.

Құжаттардан бөлек бұзылған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының өзі екі кезеңнен тұрған. Біріншісі – үйдің сыртқы қабатын реттеу мен қираған терезелерді ауыстыру. Соның нәтижесінде 140 жаңа шыны пакеттер орнатылған. Ал, екінші кезекте бөлмеаралық және пәтерге кіретін есіктерді жаңарту жұмыстары жүргізілген.

Бүгінгі күні Нұрадан көмекке аттанған алғашқы топтың жартысынан астамы елге оралды. Ал, аудан әкімінің орынбасары М.Жұманов басқаратын топтың қалған құрамы әлі де апат салдарын жоюға қатысуда.

Қайғылы жағдайға ортақтасқан ауданның бюджеттік ұйымдары мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік еңбекақыларын аударды. Демеушілік көмек нәтижесінде арнайы құрылған қорға 6 млн. теңгеден аса көлемдегі қаржы жиналды. Қаржылай көмек әлі де жалғасын табуда. Арнайы құрылған қор қаражаты есебінен облыс әкімі Е.Қошановтың шешіміне сәйкес аталған көпқабатты тұрғын үй ауласына балалардың ойын алаңы орнатылды.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button