Жаңалықтар

Мың тағдыр, бір Отан

Қарағанды медицинасының бастауында өзге ұлт өкілдерінің тұрғаны тарихи шындық. Оларды Сарыарқа топырағына тағдыр талайы айдап келсе де, қалған саналы ғұмырын ғылымның, сол арқылы тұтас өңір мен елдің дамуына арнады. Ділі, тілі басқа болса да, тілегі бір еді. Әр саланың мамандары енді ғана бой көтеріп жатқан Қарағандыны дамытуға үлес қосты.

«Қызыл аурухана»

Профессор В.Савич, техникагроном А.Разба, микробиолог Р.Цион, инженер мамандары В.Бресневич, В.Лиод, авиаконструктор А.Туполев… Айта берсе, тізім жалғаса береді. Сол уақыттағы аты мәлім ғалымдардың арасынан аймақтың алғашқы дәрігері Герман Алалыкин туралы айтпақпыз. Себебі, Қарағанды медицинасы осы кісінің есімімен басталады.

Ауруханасы тұрмақ, қаланың өзі жоқ кезде Герман Никанорович пен оның жары Ядвига Фридриховнаны Алтай өңіріне кетпек болған жерінен Қарағанды «Шахтострой» көмір орындарының басшысы Корней Горбачев Қазақстанға аттанатын геологиялық экспедиция құрамына қосады. Г.Алалыкинді Қазан университетінің медицина факультетін бітіріп, одан кейін Петербургтегі профессор Бехтеров клинкасындағы қызмет орнынан бірінші дүниежүзілік соғысқа шақырады. Сол жерде тұтқынға түсіп, сондағы лазареттің дәрігері болады. Тек алты жылдан кейін ғана еліне оралу бақыты бұйырған екен. Десек те нағыз қажырлы еңбегі қазақ жерінде басталғандай.

Медициналық құралы, керекжарағы жоқ ен далада көмекке мұқтаж жанға қол ұшын беру көзсіз ерлік. Медициналық мекеме әуеліде барақта болыпты. Ал, кейін аурухана ағылшын концессионерлерінен қалған қызыл кірпішті ғимаратта орнықты. Облыстың бүгінгі медицналық мекемелерінің алғашқысы сол «Қызыл аурухана» еді. Ол туралы Ядвига Алалыкина естелігінде «Бізге жалғыз кірпіш ғимаратты берді. Бірақ, медицналық мақсатта пайдалану үшін жөндеу қажет еді. Осы ғимаратта алғашқы амбулатория, кейін 15 орындық стационар ашылды. Науқастармен бірге, бір бөлмесінде өзіміз де орналастық» – деп жазады. Бірі – хирург, бірі – терапевт болса да басқа мамандар болмағандықтан, барлығын өздері атқарған. «Жазық далада теміржолсыз, жарықсыз, мамандарсыз, почта, телеграфсыз алғашқы денсаулық сақтау орнын ашу бізге қорқынышты емес еді» – деп те еске алады Я.Алалыкина.

1930 жылы алғашқы аурухананың есігі айқара ашылды. Сол күні дәрігер қабылдауына 4 адам келеді. Ал, жылдың соңында дәрігерлерге келушілер қатары 15 мыңға жеткен. Ауырғандар аурухананың жанына киіз үй тігіп алып жатыпты. Дәрігер күн-түн демей бәріне қолдан келген көмегін аямапты. Герман Никанорович ота жасаған алғашқы адам №1 кеніштің жұмыскері Рахым Ибраев болды. Операция керосин шамының жарығымен өтіпті. Медициналық құрал-жабдықтар жоқ, отаға алюминийден жасалған қасықты пайдаланған деген де дерек бар. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбегі де дәрігердің ісіне адалдығын тағы бір дәлелдей түседі. Адамды алаламай, алдына келгенге көмек қолын созып, қомқорлық танытқан. Бүгінде Қарағанды медицинасының мықтылығы мамандығына жан-тәнімен берілген Г.Алалыкин, П.Поспелов, В.Башкирцев, А.Боровик сынды дәрігерлердің сара жолының арқасында деп білген жөн.

Бірінші дүниежүзілік соғыста алған жарасынан Герман Никанорович 1960 жылы 74 жасында дүниеден өтеді. Ол саналы ғұмыры мен бар күш-жігерін арнаған топырақта мәңгі мекен тапқан…

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button