Руханият

Модернизм дәуіріндегі қазақ киімі

Қазақ даласында сирек кездескен және қазақ қоғамының жағдайына сәйкес келе бермейтін жаңа тұтыну өнімдері енген сайын ауқатты адамдар осы сән-салтанатты заттарға ие болу арқылы өздерінің қоғамдағы әлеуметтік мәртебесін көрсете білген. Ал, қымбат заттарға қол жеткізе алмағандар дала элитасының шығарған сән үлгісіне еліктеуге тырысты. Яғни, қазақ даласының қоғамында жаппай «еліктеу» нәтижесінде және оған жаңа сәндік және қолтаңбалы нысандардың ықпал етуінің арқасында тұтастай Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері түрлене түсті. Бұл дәуір модернизмін білдірді.

Қазақстанға капитализм енген сайын, Ресейден келген тауарлар Орталық Азия өнімдерін ығыстыра бастады. И.Левшин ХІХ ғасыр басында кедейлер киімді үй жиһаздарының маталарынан және киізден кисе, ХІХ ғасыр ортасында қазақтар сатып алынған маталардан киім кие бастағанын жазды.

ХVІІІ-ХІХ ғасырлар қазақтардың ерлер мен әйелдер киімінің жиынтығы Қазақстан аумағында тұрақты және біркелкі болды. Киімдердегі әлеуметтік айырмашылықтар көбінесе матаның сапасымен және әрленуімен бір уақытта киетін киім санымен анықталған.

Қазақстан тарихы бойынша кейбір кітаптарда мынадай дәлел келтіріледі: түзде қарапайым көшпенді хан немесе сұлтанды кездестіргенде, аттан түсіп, оң жақ тізесіне тұрып, бас иеді. Бұл жағдайда хан немесе сұлтан сәлемдесудің жауабы ретінде оң қолын жолаушының оң иығына қоятын. Әрине, осы жерде туындайтын орынды сауал бар: қарапайым көшпенді қарсы келе жатқан бір топ адамның ішінен ақсүйекті қалай таниды? Мәселен, ХVІІІ ғ. және ХХ ғасырдың басында қазақ билеушілері қара-қоңыр түлкі терісімен қапталған конкус тәрізді ақ немесе қызыл түсті бас киім кигенін айтуға болады.

Түс – киімнің образында үлкен рөл ойнады. Құжаттық дереккөздерге жүгінсек, билеуші элита өкілдерінің сәнді киімі болып саналған шапандар, көбінесе қызыл, алқызыл, қоңыр қызғылт, қызылкүрең реңкті барқыт немесе қырмызы маталардан тігілді.

ХVІІІ ғасырда барлық хандар мен сұлтандар осылай киінді, бірақ жүзжылдықтың аяғында бұл киім түрін күрделі фасонды және әр түсті қамқа киімдер ығыстыра бастады. Бұл, бір жағынан, киімнің белгі элементтерінің эволюциясын көрсетеді, екінші жағынан, қарапайым көшпендінің мұндай киімдерді сатып алуға қаржысы болған жоқ және ол киімдермен қарапайым ортаға шығуға болмайды, себебі ол билеуші элитаның ерекшелігі болып саналды.

Киімнен басқа үлкен семантикалық жүкті қазақтардың зергерлік әшекейлері алып келді. Өткен ғасырлардың жазба дереккөздеріне сәйкес, жүзік, мөрдегі өрнек арқылы мөрдің иесін, қауымын білуге болады. Айталық, тамшы тәрізді пішін билеуші элитаға тән болды, киелі қауым – қожалар домалақ пішінді жүзік-мөр, батырлар мен старшиналар сопақ, алмұрт және шаршы тәріздес жүзік-мөр тақты.

ХІХ ғасырдың ортасынан көйлектер негізінен ресейлік ала шыттан, қытайлық және басқа да фабрикалық қағаз маталардан тігіле бастады, сонымен қоса ақ маталар да қолданылды, ал, бір түстес маталар көйлек тігуде өте сирек пайдаланылды. Сырттан әкелінген маталарды көбінесе ақсүйектер  тұтынды. Қазақтардың негізгі бөлігі былғары, тері, үйдегі жүннен жасалған бұйымдарды қолданды. Бай әйелдер көйлектерін жібектен, атластан, барқыттан, зерлі маталардан тікті. Оны күнделікті көйлек үстінен немесе ішіндегі көйлек сыртынан киді. Жібекті ортаазиялықтар ұнатты, ал Қазақстанның шығысында қытайлық жібек пайдаланылып, тек ХХ ғасырдың басында қолданысқа ресейлік фабрикалық жібек енді. Жас келіншектер мен қыздар өз көйлектерінің кеуде тұсын, етегі мен жеңін кестелеуді және жапсырмалармен әшекейлеуді сәнге айналдырды. Алдыңғы жағадан етегіне дейін тұтас сызықпен шекпенді әшекейленгендей жапсыра тігу сирек болды. Кестеленген желбіршегі және әшекейлері бар көйлектерде әшекей бұйымдар көйлектің ашық жерлері мен тігістерін жауып тұратын. Бай әйелдер сәндік шапандарды қымбат матадан тігіп, кейде оны оқамен, кестемен және терімен әшекейлеген. Бірақ ХХ ғасырдың ортасында сәнді киім ретінде ұзын жеңді қамзолдар саналды. Сәнді, қымбат әшекейленген шапандар үйлену киімі ретінде де сақталып отырды.

Үйлену шапаны ұзатылайын деп отырған қыз баланың жасауының негізгі бөлігі саналды және алдын ала дайындалды. Бай қалыңдықтарға зерлі матадан маңлық (алтын және күміспен қоса тігілген қытай жібегі) тігіп, терімен астарлады.

Қазақ қыздарының жылы киімдері ер киімдеріне ұқсайды. Қыздардың жеке қысқы киімдері тек бай отбасыларда болған, бірақ тон қыз жасауының негізгі бір бөлігі болды. Тонды әйелдер өздеріне тіккен жоқ. Әйелдердің қысқы киімдері куш, ал байларда сәнді жабылған тон болды. Кедей отбасынан шыққан қазақ қыздары сырмалы шапан немесе күйеуінің тонын киді.

Әйелдердің тонын көбінесе түлкі терісінен жасады. Сонымен қатар, елтірі, ешкінің терісі пайдаланылды. Байлар тондарын кәмшат терісінен немесе басқа да бағалы мамықты аң терілерінен тікті. Астарлауға ашық түсті қымбат мата (жібек, барқыт) көбінесе атлас және басқа да қағаз маталарды қолданды. Тонның ішкі шеттері мата кесіндісімен тігіліп, сырты түлкі немесе кәмшат терісімен көмкерілді. Кейде тонды барқыт немесе оқалы жолақтармен әшекейледі.

Қазақ қыздарының киіміндегі бір ерекше дүние – алдыңғы жағы тігілмеген белдемше (юбка) тәрізді қаусырма киім. Бай әйелдер белдемшені барқыттан немесе жібектен тігіп, оқа және кәмшат терісімен көмкерді. Белдікті барқыттан, қамқадан, шұғадан жасады: олардың пішіні мен әшекейлері былғарыдан кем болған жоқ. Олар қатты негізге (киіз, былғары, тігісті мата) тігілді және кейде төменгі жиегі маржандармен, ұсақ моншақтармен безендірілді, кейде мыс немесе күміс оюлармен, тастармен сәнделді. Кейбір бай қыздар сән қуып, зергерлер жасаған оюлы күміс белдіктерге құмар болды. Сондай-ақ, Солтүстік-Батыс Қазақстанның бай қыздары (Бөкей ордасы, Кіші жүз) ашық түсті барқыттан тігіліп, алтынмен зерленген ерекше тақия киді. Қазақстанның оңтүстігінде тұрмысы жақсы қазақтар өз қыздарына көбінесе өзбекше жасалған, ал солтүстік пен батысында татар нақышта жасалған тақиялар сатып алатын болған. Бай қыздар мен келіншектер әшекейленген аяқ киімдер киді. Сәнді етіктер мен кебістерді жасыл және қызыл былғарыдан, сафьяннан, ал  ХХ ғасырда фабрикалық лакталған былғарыдан тікті.

ХІХ ғасырдың соңына қарай қыз-келіншектер шалбар кимейтін болды. Бұрын қазақ қыздары әсіресе атқа мінгенде шалбар қажетті киімінің бірі болатын, олар ерлердікіндей шұғадан, қағаз тәрізді қалың маталар мен қойдың жүнінен тігілді. Бай қыздарда көшіп-қону үшін ерекше талғамдағы, ыңғайлы барқыт, жібек және басқа да қымбат маталардан тігілген, әшекейлі шалбарлары болатын.

ХІХ ғасырдың басында биік өкшелі қайқы тұмсықты аяқ киім атқа мінгенде ыңғайлы болды. Жүруге ыңғайлы, аласа өкшелі басқа да аяқ киімдер болған. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап ресейлік фабрикалар өндірген былғары етіктер кеңінен қолданыла бастады.

Қорыта келгенде, қазақ даласында, қазақ қоғамының барлық салаларында, оның ішінде сәндік және қолданбалы өнерде үнемі өзгерістер болып отырған. Сондай-ақ, ұлттық киім үлгісі киім иесінің әлеуметтік көрсеткіші болды және иесі туралы белгілі бір ақпарат беріп, оның қоғамдағы алатын орнын көрсетті.

Б.НҰРҒОЖИНА,

Ұлттық мұражайдың

 ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының

магистрі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button