Өмір өткелдері
Тәуелсіздіктің таңы атты деп бөркімізді аспанға атып, қуанғанымызбен жас мемлекеттің қалыптасу кезеңі оңай болмады. Осының алдында өмірдің барлық салаларын қамтыған тоқырау кезеңі терең экономикалық дағдарысқа ұласты. Халық шаруашылығының барлық саласы күйзеліске ұшырады. Әсіресе ауыл шаруашылығы құлдырады. Партияның тегеурінді күші арқасында әкіреңдеген кешегі ел билеген азаматтар абдырап қалды. Басқаруды ескірген әкімшілік-әміршілік жолмен емес, нарықтың заңдарына сәйкес жаңаша жүргізу қажет болды. Міне, осындай жағдайда халықпен жұмыс істеп, тілін таба алатын тәжірибелі де жаңа тұрпатты басшылар қажет болды.
Тілеубек Зейнешев заман ұсынған талаптар биігінен көрінген, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын жүзеге асыруға қабілетті азамат болып шықты. Ол ел басына түскен күрделі уақытта бірнеше селолық ауданды, облыстың ауыл шаруашылық басқармасын іскерлікпен басқара білді.
Бүгінде Тілеубек Ережепұлы ақсақалдық жас – 75-ке толып отыр. Соған қарамастан Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы сияқты қоғамдық қызмет атқарып, қамкөңіл қарттардың көңілінен шыға білуде. Төменде біз Тілекеңнің өмір белестері туралы әңгіме етпекпіз.
Ауыл баласы Тілеубек Зейнешевтің өмір белестері өзінің жүздеген, мыңдаған тұстастарына ұқсас. Айырмашылығы – өзінің пешенесіне жазылған тағдырдың тауқыметтеріне сарқылмас күш-жігерімен төтеп бере біліп, өмірден өз орнын, өзіндік өмір өзегін таба білуінде. Алдына қойған мақсатына жетер жолда қайсарлық, өмірге, білімге құштарлық, табандылық таныта білді. Әйтпесе жетімдіктің азабын, соғыс жылдарындағы жетімсіздіктің зардабын бір адамдай көріп-ақ бақты..
Ол Ұлы Отан соғысының аса қиын кезеңінде, ел тағдыры әлі белгісіз болып тұрған 1942 жылдың 15 қыркүйегінде сол кездегі Қу, кейін Егіндібұлақ атанған ауданның Айнабұлақ ауылында туыпты. Әкесі Ережеп бесікте уілдеп жатқан үш айлық нәрестені маңдайынан бір иіскеп майданға аттанған екен. Сол күйі қан майданға кірісімен хабарсыз кетеді. Мұндай болатынын кім білген, тіпті, еске түсірерлік фотосуреті де қалмапты.
Соғыс кезіндегі тұрмыс тауқыметі белгілі. Шешесі Күлжәмила мал баққан колхоздың қысы-жазы бір таусылмайтын шаруасына жегіліп, Арқаның ақтүтек боран, ақырған аязы мен аптаған ыстығына көніп, шиеттей төрт баланы ел қатарына қосу қамымен болады. Соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі жоқшылық заманның балалары ерте есейеді (Оларда бақытты балалық шақ деген болып көрген емес). Тілеубек те он жасқа жетер-жетпестен бұғанасы қатпай жатып-ақ колхоз жұмысына араласады. Жазда шөп шалғы сүйреткен өгіздің басына ие болса, қыста сал-салаларда қар басып қалған шөмелелерді аршып, қыстаққа тасуға көмектеседі.
Он алты жасында, яғни 1958 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтаса да шешесіне көмектесіп, бауырларын ер жеткізу мақсатында жоғары білім алуға асықпай ауылда жұмыс істеуге бекінеді. Арманы – автомашина жүргізіп, ауыл арасында желмен жарыса жүйітку еді. Бірақ, дәл осы кезде Қарқаралының зооветтехникумын бітіріп келген ағасы Сарқанды колхоз басқармасы ауылға механизатор мамандары керек болған соң тракторшының оқуына жібермек болады. Анасының ақылымен ағасы мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, оның орнына тракторшының курсына еріксіз Тілеубек аттанады. Сонан Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхозда шынжыр табанды ДТ-54 тракторымен бір жаз бойы жер жыртады. Дарылдаған үні жер жаратын трактормен ағасы Мақсат екеуі кезекпен жұмыс істейді.
Дегенмен, алға қойған мақсатын орындамай қоймайтын Тілеубек ебін тауып, күзгі жиын-терін аяқталған соң Баянауылдағы нағашысының үйінде тұрып, жүргізушілік курсқа түседі. «Шофердің мамандығына ол кезде жарты жыл оқытатын,– деп күле еске алады Тілеубек Ережепұлы өмірінің осы бір кезеңін,– ол кезде ауылда бұл өте қат мамандық болып есептелетін, жастардың бәрі шофер болуды армандайтын».
Ауылына қайтып оралса, ағасы Сарқан тыңда жаңадан құрылып жатқан «Комсомол» совхозына бас зоотехник болып бармақшы екен. Тілеубек те жаңа совхозға барып, судай жаңа машинаға мінбекші болады. Бірақ онысынан түк шықпайды. Еншісіне ескі-құсқы жүк машинасы тиіп, оны бөлшектеп қайта жинақтап алуға тура келеді. Бұл бір жағынан жаман да болмайды. Техниканы өз қолымен жинап, әрбір тетігін бүге-шігесіне дейін біліп алады. Інісінің май-май болып, ескі машинаны жөндеумен күні өтіп жүргеніне жаны ашыған Сарқан ағасы мен шешесі оқуға түс деп күңкілдей береді. Тілеубектің өзі де бұл кезде ауылды жерге жоғары білімді маман қажет екенін жете түсінген болатын. Сондықтан, 1961 жылы ол Алматы қайдасың деп астанаға тартып тұрады да әйгілі Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне түседі. Алыстағы ауылдан келген алғыр бала институтты үздік бітіріп, ғалым-агроном мамандығына ие болады. Оның қабілетін білетін ұстаздары кафедрада қалып, ғылыммен айналысуды ұсынады. Кім біледі, сол тілекке құлақ асса, Тілекең бүгінде ауыл шаруашылығы саласының ғұлама ғалымы болып отырма еді? Бірақ оны алыстағы ауылын, туған-туыстарын қимады, туған жердің еңбек симфониясы қол бұлғап шақырғандай болып тұрды.
Жоғары білімді маманның еңбек жолы Егіндібұлақ аудандық ауыл шаруашылық басқармасының аға агрономы лауазымынан басталады. Жігерлі жас жігіт қоғамдық жұмыстарға араласып, көзге түседі. Сөйтіп, 1968 жылы облыстық комсомол комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылады. Ол кезде ұйымдастырушылық қабілеті бар жоғары білімді жастар комсомол жұмысына шақырылып, содан біртіндеп партия, совет органдарына жауапты қызметтерге көтерілетін. Бұл тұрғыдан алғанда жастар ұйымының атқаратын ролі зор болды. Осының айқын дәлелі Т.Зейнешевтің қызмет баспалдақтарымен өсуі болып табылады. Екі жылдан кейін ол облыстық партия комитетінің ұйымдық-партиялық бөлімінің нұсқаушысы атанады. Ал 1973 жылы обком оны ұйымдастыру жұмысындағы іскерлігі, ауылдың экономикалық және әлеуметтік проблемаларын шешуде қабілеттілігін ескере отырып, жаңадан құрылған Мичурин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне ұсынады. Көп ұзамай ауатком төрағасы болып сайланады.
Осы жылдары Тілеубек Ережепұлының өмірінде естен кетпес кездесу болды. Комсомол қызметінде жүргенде ол еліміздің болашақ Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен танысып, қызметтес болады. Кейін олар бірге СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінде сырттай оқиды. «1979 жылдың күзінде, – деп еске алады Тілеубек Ережепұлы,– мені Нұрсұлтан Әбішұлы өз жұмыс бөлмесіне шақырды, бұл кезде ол облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып істейтін. Хал-жағдайымды сұрастырып, Мичурин ауданында жеті жылдай отырып қалғанымды білген соң маған Молодежный аудандық атқару комитетінің төрағасы жұмысын ұсынды. Мен, әрине, келісімімді бердім де Нұрекеңе сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді жұмсайтыныма сендірдім.
Бұдан кейін Елбасы мені назарында ұстап, кездескен жерде хал-жағдайымды. сұрастырып жатады. Сонда мен Нұрсұлтан Әбішұлының өзімен бірге қызмет істеген адамдарды ешқашан ұмытпайтынына көзім жетті. Мұны ол кісіден 60 және 70 жасқа толған мерейтойларыма байланысты жолдаған құттықтау сәлемхаттарын алғанда жақсы сезіндім».
Тілеубек Ережепұлы өмір жолында талай тамаша адамдармен, білікті басшылармен бірге қызмет істегенін мақтан етеді. Кезінде өзінің еңбек жолына үлкен ықпал еткен Егіндібұлақ аупарткомының бірінші хатшысы Н. Садықовты ілтипатпен еске алады. Ол А.Г. Коркин, В.К. Акулинцев, К.Г. Устименко, П.П Нефедов, М.Т. Есенбаев, К.Е. Мұхамеджанов сынды облыс басшыларымен қоян-қолтық еңбек етті. Олардың барлығы да облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып, өңірлерге нақты көмек көрсетті.
1984 жылы Т.Зейнешевке құрамында ондаған совхозы бар облыстық жеміс-овощ агроөнеркәсіп бірлестігін басқару жүктеледі, сонан соң облыстық агроөнеркәсіп кешеніне жетекшілік етеді. Ол басқарған аудандар мен облыстық мекемелер жоғары көрсеткіштерге жетіп, Тілекеңнің де басшы ретінде беделі өседі. Халық сенім білдіріп, сайланбалы органдардың бел ортасынан көрінеді. Ол Қазақстан Компартиясы XV және XVII съездерінің делегаты, Қазақстан КП Орталық комитетінің мүшелігіне кандидат, бірнеше мәрте аудандық, үш мәрте облыстық кеңестің депутаты болып сайланады.
Тілеубек Ережепұлының өміріндегі елеулі белес облыс құрамындағы селолық аудандардың бірінші басшысы болу еді. 1987 жылы өзінің туған Егіндібұлақ ауданы партия ұйымының бірінші хатшысы болып сайланады. Бұл елімізде демократия мен жариялылық өрістеп, халық басшылардың аттарына сын -пікірлерін ашық білдіре бастаған уақыт болатын. Тоқырау жылдарының салдарынан ауыл-селолардың әлеуметтік және экономикалық дамуында шешуін қажет етер проблемалар қордаланып, ауыл тұрғындарының мәдени және рухани өміріне назар аударылмай келді. Сондықтан, жаңа басшы аудан жанашырларының көмегімен осыларды шешуге бел шеше кірісіп кетеді. Алдымен ауыл-селоның тазалығына, сыртқы келбетін ажарландыруға зер салады. Көшелердің күл-қоқыстан арылып, абаттандырылуы, жарық қойылып, асфальт төселуін талап етті. Аудан орталығында «сақалды құрылыс» атанып, көп жылдан бері пайдалануға берілмей тұрған жаңа үлгідегі аурухана кешенін іске қосып, халықтың алғысына бөленді. Елді мекендердегі емханалар мен фельдшерлік пункттер жаңа жабдықтармен жарақталып, алыс ауылдарға жедел жәрдем көліктері бөлінді. Тұрғындарға жиырмадан астам жуық қос бөлмелі тұрғын үйлер тарту етілді.
Тілекең басқарған жылдары туған жердің рухани өмірінде де түбірлі өзгерістер орын алды. Осы өңірдің даңқты тумалары – шертпе күйдің шебері Тәттімбеттің, күрескер ақын, сазгер және әнші Мәдидің, мемлекет және қоғам қайраткері Нығымет Нұрмақовтың есімдері елді мекендер мен шаруашылықтарға беріліп, олардың өмірі мен халыққа сіңірген еңбегі кеңінен насихаттала бастады. Тәттімбет жерленген қорым қалпына келтіріліп, бұл жерге зәулім ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ, аудан орталығында тарихи-өлкетану мұражайы ашылып, оның алдына Тәтекеңнің мүсіні қойылды. Жерлестері Тілеубек Зейнешевтің туған жерінің игілігі үшін атқарған осынау шаруаларын қашанда ілтипатпен еске алысып отырады.
Тілекең тындырған айтулы шаруаның бірі – ауданға қазақ халқының кемеңгер биі Қазыбек бидің есімін беруге сіңірген өлшеусіз еңбегі болып табылады. Барлық селолық округтерде тұрғындар жиынын өткізіп, халықтың пікірін жинады. Ақыры 1992 жылдың ақпан айында өзі басқа қызметке ауысып бара жатса да, аудандық кеңестің сессиясын өткізіп, ауданды қасиетті бидің атымен атауға шешім шығарып кетті. Бұл шешім 1993 жылдың 5 мамырында сол кезде қалыптасқан тәртіппен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен бекітілді. Кейін осы жұмыс жалғасын тауып, Егіндібұлақ аулында халықтың қаржысына еңселі ескерткіш орнатылып, Бабаның 325 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Бірақ реформаларды жүзеге асырудың қиын-қыстау кезеңінде ауданды тарату қажет болды. Дегенмен, Тілекеңдер бастаған шаруа аяқсыз қалмады – 2001 жылы Үкімет шешімімен облыс орталығының бір ірі ауданы кемеңгер бидің есіміне ие болды. Енді, міне, үстіміздегі жылы облыс жұртшылығы қазақ халқының кемеңгер биінің туғанына 350 жыл толуын бүкілхалықтық мереке ретінде атап өтіп, оның ғасырдан ғасырға жеткен асыл мұрасы мен ол туралы айтылған сөз, жазылған мақалалар жинақталған қос томдықты жарыққа шығарды.
Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алып, өз алдына отау тіккенде Т.Зейнешевке бір кезде өзі қадасын қадаған Мичурин ауданын басқару жүктеледі. Реформалар басталған тұста ауданның облыс орталығы мен серіктес қалаларын жеміс-көкөніспен қамтамасыз ететін шаруашылықтары қиын жағдайға тап болды. Шаруашылықтар тарап кетудің аз-ақ алдында тұр еді. Тілеубек Ережепұлы облыс басшылығымен кеңесе отырып, жаңағы совхоздарды өңірдегі ірі өнеркәсіп орындарының қарамағына беру жөнінде шешім шығартып алады. Қалыптасқан жағдайда бұл бірден бір дұрыс шешім еді. Өндіріс алпауыттары өз тараптарынан село еңбеккерлеріне техника, тұқым сатып алуға көмектерін аямады. Қазір сол шаруашылықтар «дербестіктерін» қайтарып алып, жылдан жылға қалалықтардың дастарқанын егіншілік өнімдерімен молынан қамтамасыз етіп келеді. Бір қызығы, Тілекеңе өзі құрған ауданды өзі таратуға тура келеді. 1997 жылы ол қайрадан облыстың ауыл шаруашылық саласын басқарады.
Облыстағы ірі әкімшілік-аумақтық құрылым – Бұқар жырау ауданын басқарған жылдар – Т.Зейнешев өмірбаянындағы тағы бір белесті кезең. Ол мұнда 1999 жылдан 2006 жылы зейнеткерлікке шыққанша еңбек етіп, өзінің іскерлігі, жұмысты тиянақты атқаруы, үлкен-кішімен сөйлесе білуі сияқты асыл қасиеттерімен аудан тұрғындары алдында жақсы атымен есте қалады дей аламыз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан қайра жаңғыруы осы Тілеубек Ережепұлының есімімен тығыз байланысты. Сөзіміз дәлелді болу үшін цифрлар мен деректерге жүгінейік.Тек ауданды басқарған алғашқы екі жылдың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жалпы көлемі екі есе артып, жаңадан 1100 жұмыс орны ашылады. 30 шаруа қожалығы тіркеледі, 47 шағын бизнес субъектілері ашылады. Бұл құрғақ цифрлардың астарында ауданның атқарушы органының жүргізген зор ұйымдастыру, үгіт-насихат жұмысы жатқанын атап өтуіміз керек. Аудан әкімі ретінде Тілекең шаруашылық басшылары бір-бірін біліп, бірінен-бірі үйренуін, қолғабыс беруін талап етті. Осы мақсатта тұрғындармен кездесіп, таңдаулы округтердің іс-тәжірибесін тарату мақсатында семинарлар, кеңестер өткізіп тұрды.
Әсіресе, аудан тұрғындары Тілекеңнің тарағалы тұрған «Ботақара» құс фабрикасын қайрадан іске қосуға жұмсаған ерік-жігерін жыр қылып айтады. Әуелі құс өсірушілермен кездеседі, төрт сағатқа созылған бұл кездесудің пайдасы зор болды. Әкім фабрикаға қуатты инвестор табуды мақсат етіп қояды. Сондай инвестор табылады да. Бүгінде Владимир Матвеев басқаратын «Ақнар» құс фабрикасының аты бүкіл Қазақстанға, қала берді алыс-жақын шетелдерге мәлім.
Әдеттегідей аудан әкімі тұрғындардың әлеуметтік қорғалуын назардан тыс қалдырмайтын. Жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар жұмыссыздарға, көп балалы отбасыларына, жалғызілікті жандарға әлеуметтік көмек көрсетіліп тұрды. Сол үшін қамкөңіл қарттардан алған алғысы шексіз.
Әкімнің бұл ауданда рухани саланы дамытудағы жұмысы да ұшан-теңіз. Осы жылдары мұражай, қарттар үйі, балалар мен жасөспірімдер мектебі, емхана, интернат ашылып, аудан орталығының моншасы күрделі жөндеуден өтті. Ежелгі православие шіркеуі дінге сенушілерге қайтарылып, Жыржыс қажы атындағы мұсылмандар мешіті қызмет ете бастады. Аудан аты берілген Бұқар жырау бабамыздың қоладан құйылған мүсіні дәл аудандық әкімдік ғимаратының бір қапталынан орын тепті. Идеологияландырылған ескі атаулардан арылып, тарихи топонимдерді қайтару ісінде де ілгерілеушілік байқалады. Қазақтың классик жазушысы Ғабиден Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуы қарсаңында Токаревка кенті жерлес жазушының атымен аталатын болды. Ульяновский деп аталатын аудан орталығының атын өзгерту бойынша біраз түсінік жұмыстарын жүргізуге тура келді. Оның тарихи атын қайтару қажет еді. Шынында да бұл мекенге қандай ғана ат тағылмады. Орыс губернаторы Санниковтың, большевиктердің көсемдері Троцкий мен Ульяновтардың аттары телінді. Ботақара жеріне олардың үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сондықтан, аудан орталығының ірге тасы қалануының 100 жылдығы қарсаңында елді мекен өзінің тарихи Ботақара атауын қайтарып алды. Аудан азаматтары мен Баба ұрпақтарын ұйымдастырып, Қаздауысты Қазыбек би қайтыс болған Теректібұлақ деген жерге ескерткіш белгі орнатуының өзі неге тұрады?!. Қазір бұл жер оған жақын орналасқан Бұқар жырау кесенесімен қатар облыс тұрғындары мінәжат ететін қасиетті орындардың бірі болып отыр.
Міне, Тілекеңнің өмір өткелдері осылай өрілді. Бүгінде ақсақал жасы 75-ке келіп қалыпты. Қарап отырсақ, ол облыстың бірнеше селолық аудандарын, атап айтқанда, бұрынғы Мичурин, Молодежный, Егіндібұлақ өңірлерін басқарып, мінсіз қызметінің бағасы ретінде қазіргі атауларымен Абай, Осакаров, Қарқаралы, Бұқар жырау аудандарының Құрметті азаматы атанды. Оның еңбегі мемлекеттің жоғары наградаларымен аталып өтті. Өзінің ең алғашқы марапатына – «Құрмет Белгісі» орденіне 1973 жылы Мичурин ауданында істегенде ие болған екен. Біраз жылдан кейін екінші рет тағы осы орденді кеудесіне тағады. «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері атанады. Тәуелсіз Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталып, 1996 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағына ие болады.
Әрине, осындай жетістіктерге жетуіне өмірлік жары, ұзақ жыл мұғалім болып қызмет еткен, халыққа білім беру ісінің үздігі Клара жеңгеміздің де қосқан үлесі зор. Олар төрт бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелер сүйіп отыр.
Тілеубек Ережепұлы жетпіс бесіне желе жортып жетіп, құдай берген денсаулықтың арқасында қатардан қалмай қоғамдық жұмыстардан қол үзбей жүр. Ол 2013 жылдың ақпан айынан Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесін басқарады. Бұл жұмыста да абыройлы, жігерлі, тамаша ұйымдастырушылық қабілетімен көрінуде. Оның басшылығымен қалада Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты атап өту шаралары ұйымдастырылды. Соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық көрсетіледі, жастар арасында әскери-патриоттық жұмыс үзбей жүргізіліп келеді. Жақында ардагерлер ұйымы өздерінің құрылуының 30 жылдығын атап өтті. Облыс әкімі Е.Қошанов, қала, аудан әкімдері осынау оқиғаға байланысты ардагерлер қозғалысының белсенділерін салтанатты түрде қабылдап, жылы лебіздерін білдірді. Бүгінде Қарағанды қаласының ардагерлері шама-шарықтарынша қоғамның рухани дамуына, халықтар достығын нығайтуға, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге лайықты үлес қосып келеді. Осы қызметте жүріп Тілеубек Ережепұлы 2016 жылы Елбасының Жарлығымен Отанымыздың жоғары наградасы – «Парасат» орденімен марапатталды.
Сөзімізді Елбасы Н.Назарбаевтың мерейтой иесінің 70 жасқа толуына байланысты жолдаған құттықтауынан бір үзіндімен аяқтағымыз келіп отыр. Онда былай делінген: «Сіз Қарағанды өңірінің заман талабына сай дамып, өркендеуіне тікелей үлес қостыңыз. Ортаға сыйлы, ағайын-досқа қадірлі, көпке құрметті болып ғұмыр кешу – азаматтықтың асқар шыңы. Ғұмырыңыз ұзақ, деніңіз сау болып, әлеуетіңіздің қызығын көре беріңіз…».
Осы тілекке қосыла отырып, Тілеубек Ережепұлын асқаралы белес – 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз.
А. ЖАНҒОЖИН,
Ж. ТОМПИЕВ.