Білім

Әмина АЙМАҒАМБЕТОВА: Көшбасшылық пікірсайыста шыңдалады

Қазіргі таңда оқушылар мен студенттер арасында дебат – кең тараған трендтің бірі. Кейінгі жылдары Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен дебат қозғалысы білім беру ұйымдарында қайта жандануда. Себебі, жас буынның болашағы үшін дебаттың берері көп. Аймақта білім беру ұйымдарындағы пікірсайыс қозғалысының жай-күйі жайлы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Дебат клубы президенті, облыстық дебат координаторы Әмина Аймағамбетовамен әңгімелескен едік.

Сурет:автордан

– Әмина Әмірханқызы, әңгімені дебаттың өзінен бастайық. Дебат ойнау жастарға не береді? Пікірсайысшы болудың артықшылығы неде?

– Дебат жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл оқушылардың ораторлық қабілетін, сөйлеу мәдениетін, сыни ойлау дағдысын қалыптастырып, кез келген тақырып бойынша ойын еркін жеткізуге, публикадан қорықпауға үйретеді. Дебат арқылы олар жаңа орта, жаңа достар табады. Пікірсайысшы болу – әрбір тұлғаның лидерлік қасиетін оятады.

– Қарағанды облысының еліміздегі дебат қозғалысын дамытудағы үлесі қандай?

– Қарағанды облысы басқа да өңірлерге қарағанда дебат бойынша көшбасшылардың бірі. Бізден республикалық чемпиондар шықты. Оқушылар арасындағы дебат 2020 жылдан бері жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Былтыр алғаш рет Ақтоғай ауданындағы «Факель» сауықтыру лагерінде өңірдегі мектептердің қатысуымен ауқымды слет өтті. Балаларға өте ұнады.

Жоспар бойынша биыл мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің клубтағы санын арттыру – басты приоритетіміз болып отыр.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Пікірсайыс клубы (ҚарУПК) бар. Жақында клуб 15 жылдық мерейтойын тойлады. Біздің клубтан көптеген танымал тұлғалар шыққан. Олардың көпшілігі бүгінде телевизия саласында, беделді компанияларда, жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жатыр.

– Дебатқа қатысатын оқушылар мен студенттер саны көп пе?

– Қазір аймақта 7169 адамды қамтитын 445 пікірсайыс клубы бар. Былтыр олардың саны 403 болды. Биыл дебат клубтары мен қатысушылар көбейгені байқалады. Олардың ішінде 387-сі мектептегі пікірсайыс клубы. Мұнда 5697 оқушы дебатқа қатысады. Қарағандыдағы балалар мен жеткіншектер сарайында 142 адамды қамтитын 5 клуб және Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 1330 адамды қамтитын 53 дебат клубы бар.

– Балалар арасындағы дебатта қандай тақырыптарға баса мән беріледі?

– Әрине, ересектерге тән күрделі тақырыптарды қамтымаймыз. Оқушылар арасындағы пікірсайыста қоғамдағы ең өзекті тақырыптарға баса мән береміз. Көбіне мектеп ішіндегі зорлық-зомбылық, буллинг, экономика, тіл мәселесі, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, адамдардың тең құқығы, оқу бағдарламасына енгізіліп жатқан жаңашыл пәндер туралы тақырыптар қамтылады.

– Оқушыларды турнирге кімдер дайындайды?

– Турнирге өздерінің жетекшілері, яғни мұғалімдер дайындайды. Кейбір ұйымдарда студенттер жұмылдырылған. Олар тренингтер, дайындық жұмыстарын өткізеді. Балалардың қызығушылығын ояту – мұғалімдерден. «Жанам деген жүрекке от беремін» дегендей, пікірсайысшы болам деп келген балаларға біз дебат ойнаудың қыр-сырын үйретеміз. Жас буынның болашағы үшін дебаттың көп көмегі бар. Десе де, оқушылардың дебатқа қызығушылығын оятуға қоғам да әсер етеді. Алдымен пікірсайыстың танымалдылығын арттырып, жүлделі орындарға демеушілік көрсетіп, балаларға түрлі сыйлықтар беру керек. Сонда пікірсайысшы балалар саны көбейеді деп ойлаймын.

– Пікірсайысшылар турнирінде жүлдегер атанған оқушыларға мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер жасалады?

– Көп жағдайда турнирлерде жеңіске жеткен оқушыларға университетте оқу гранттары беріледі. Одан бөлек, турнир мен жарыстың ауқымына қарай құнды сыйлықтар беріледі. Мектеп оқушыларының сабақтарына жеңілдік жасалады.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button