АймақБас тақырыпҚарағанды

Металлургтердің мерейі

Теміртау биыл өзінің ең бас­ты мерекесі – Металлург күнін бұрын-соңды болмаған ауқымда және ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Ел мақтанышына айналған мамандық иелерінің құрметіне ұйымдастырылған биылғы думан ерекше сипат алды. Дәл осы айтулы күні өмірін шойын балқыту мен болат құюға арнаған еңбек майталмандары мен сала ардагерлеріне жоғары құрмет көрсетіліп, олардың ерен еңбектері ұлықталды. Мерейлі сәтте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өндіріс озаттарына мемлекеттік және ведомстволық жоғары наградаларды салтанатты түрде табыс етті.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Металлургия – ел экономикасының сегіз пайыздан астам салмағын көтеріп қана қоймай, осы салада еңбек ететін 200 мыңнан астам адамның маңдай терімен өрілген мемлекеттің берік тірегі. Мерекелік жиында сөз алған Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өндірісті жаңғырту және бәсекеге қабілетті өнім шығару бойынша жүктеген міндеттерін тілге тиек етіп, бұл мақсаттың алтын діңгегі – білікті мамандар екенін қадап айтты.

– Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз бен мамандыққа адалдықтарыңыз – барлық жетістіктің берік негізі, – деді ол.

Марапатталғандардың қатарында домна пештерінің көрікшілері, агломератшылар, машинистер, инженерлер, өндірістік учаске бригадирлері және басқа да түрлі мамандық иелері бар.

«Еңбек даңқы» төсбелгісі иегерлерінің бірі – құбыр электрмен дәнекерлеу цехының ауысым шебері Ардақ Сағадиев. Кәсіпорынға 18 жасында келген ол еңбек жолын тегістеуші болып бастаған. Кейін бригадир, одан соң технолог-оператор қызметіне ауысып, бүгінде ауысым шебері болып еңбек етеді.

– Кәсіпорында 18 жасымнан бері жұмыс істеп келемін әрі өмірімді осы кәсіпорынмен байланыстырдым. Бұл – менің өмірімнің маңызды бөлігі. Бүгінгі марапат мен үшін үлкен құрмет әрі еңбегімнің бағаланғанының белгісі, – деді Ардақ Сағадиев.

Металлургтерді құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов та келді. Ол Теміртаудың еліміздің басты металлургиялық орталығы мәртебесін сақтап отыр­ғанын, ал, саланың болашағы кәсіпорындарды жаңғырту және жас мамандарды даярлаумен тығыз байланысты екенін айтты.

– Теміртау – қазақстандық металлургияның айқын символы. Бүгінде кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, заманауи технологиялар енгізілуде, өндірістегі қауіпсіздік пен экологиялық талаптар күшейтілуде. Дегенмен, саланың ең басты байлығы бұрынғысынша адамдар – кәсібіне адал, жауапкершілігі жоғары металлургтер. Дәл осы мамандар Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіп кешендерінің бірінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Отандық металлургияның берік іргетасын қалап, мол тәжірибесін кейінгі буынға аманаттаған ардагерлерге ерекше алғысымды білдіремін, – деді Ермек Алпысов.

Қазіргі таңда Qarmet компаниясы құны 3 миллиард АҚШ долларынан асатын ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асыруда. Бағдарлама өндірістік қуаттарды жаңартуды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруды және экологиялық жобаларды жүзеге асыруды қамтиды. Металлургиялық комбинаттың домна пештері мен №1 табақ прокаттау цехының әдістемелік пештері газға көшіріліп, бұл атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары компания жыл сайынғы болат өндірісін 5 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Металлург күніне арналған мерекелік шаралар «Астана» алаңындағы концертпен жалғас­ты. Теміртау тұрғындары мен қала қонақтарының алдында M›Dee, Айқын, Jazzdauren, Мирас Жүгінісов, Yenlik, «Ирина Кайратовна» және «Винтаж» топтары өнер көрсетті.

Концертке 65 мыңнан астам көрермен жиналып, кеш мерекелік отшашумен қорытындыланғанын айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button