Рухани жаңғыру

Менің тілім – мәңгі жасайтын ұлы тіл

    Жаһанданған жаңа заманда болашағымызды бағдарлап, рухымызды жаңғыртып қазақ ұлты жаңа қадам жасады. Елбасы көрегенді бағытты нық ұстанып, латын әліпбиіне  көшуді қабылдады. Тарихи шешім. Ұлттың тарихқа өз елдігін таңбалаған сәті.

Латын әліпбиі. Уақыт көшіне ілесіп ұлтымыздың ұлы шешім қабылдауы көпшілік талқысынан, ұсынысынан өткені белгілі.

Тарихтың сырға толы парағына үңілсек,  кешегі көзінен жас, көкірегінен шер саулаған қазақтың болашағын бағдарлаған Алаш зиялылары кім үшін шырылдап еді? Әрине, ұлтымыздың ұлылығы мен рухымыздың биіктігі үшін шырылдады. Алаш зиялылары да латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Латын әліпбиі арқылы ұлттың болашағы үшін түрлі жұмыстар атқарды.

Халық үшін, ұлттың болашағы үшін  бүгін латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалды. Латын әліпбиіне халықтың көзқарасы қандай? Әрине, «Мен-қазақпын!» деп жаңғырта жырлаған Ж.Молдағалиев айтқандай қазақтың  ұлт негізінде бірлігін латын  қарпіндегі әліпбиге көшумен бастамақ. Латын әліпбиі – дүниежүзі тілдерінің тұғыры. Оған дәлел өркениетті  тілдердің  негізі, тарихи  тамыры  латын тілінен алынған.  Ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең  қуаттысы – тілі» деп бекер айтпаса керек. Тарихын жаугершілікте, ұлттығын тілінде сақтаған менің тілім жоғалмауы тиіс.

Әліпби – ұлттық тілдің негізі. «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дегендей сан түрлі кедергілерден, қиындықтардан елдігін сақтап жеткен қазақ тілінің болашағы зор болуы тиіс. Себебі, латын әліпбиі негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қалың көпшілік арасында қолданыста болды. Яғни, латын әліпбиі қазақ елі үшін таңсық, аспандағы қол жетпес жақұт емес. Елдің қолданған, көңілімен тоқыған, жүрегімен ұғынған тілі. Жаңа ғасырда жасағалы тұрған жаңа қадамға ел көзқарасы да жақсы. Ел болып қабылдап, қоғам қолдаған нұсқа қашан да айқын әрі дұрыс. Осы шешім арқылы Қазақ­стан ғылым мен ақпаратта толағай жетістіктерге  жетері хақ. «Тамшы тама берсе тас теседі» дегендей қажырлы еңбек пен халықтың қолдауы үлкен нәтижеге бастайтыны анық. Өйткені, латын әліпбиі бізді ғылымға, жаңа технологияларды игеруге, түсінуге, қабылдауға жақындата түседі. Ғылым-білімге құштар жандар мен цифрлы технологияны игергісі келетіндер латын әліпбиін тез-ақ меңгерері сөзсіз.

Латын әліпбиіне көшу туралы алғаш рет айтылған тұста халықтың кейбір бөлігінің сенімсіздік көзқараспен «Ол не?» деген пікірмен қарағаны рас.  Бұрынғы орыс кириллицасының  дұрыстығын, ендігі жерде латын әліпбиіне көшуіміз  «ұлт болып үдере көшумен тең» деп айтқан сандырақты пікірлер де болды. Кириллицадағы 42 әріптің тек тоғызы ғана қазақ халқының таза да бай тілін танытатын төл дыбыстар еді. Өзімізге тиесілі тоғыз дыбыс мемлекеттік тілімізді реформалау жолына есік ашты. Яғни, қазақ елі жаһандық бәсекелестік талаптарына сай батыл шешімді ұстана алды. Әліпби – тілдің негізі, сөйлеудің  бастауы, жазудың кепілі.

Әр халық өз тілімен жасампаз. Небір зұлматты кезеңдерден  сүрінбей өткен қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне алаңдамасақ та болады. Ата-баба сөйлеген тіл, бесік жырын әндеткен тіл, тоқсан ауыз сөздің түйінін келтірген тіл мәңгі болмақ. Өз тілін құрметтеген, өзге тілді меңгерген қазақ елінің латын қарпіндегі әліпбиге көшуі келешекті бағдарлаған, болашағын жоспарлаған шешім. Әрине, жаңа әліпбиге көшу бірден орны-орнымен орналаса қоймайды ғой. «Инемен құдық қазғандай» ізденуді, тынымсыз үйренуді қажет етеді.

«Айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарар» дегендей тек мектеп оқушыларына барын салып үйретіп, латын әліпбиін меңгерткенмен қоғам қалыс қалмауы тиіс. Осы ретте БАҚ-тың атқаратын қызметі зор. Бұқара халықты ызыңдаған масадай оятып, латын қарпін үйретуге, оқытуға, қалыптастыруға шақыратын да БАҚ өкілдері.

Тарихи шешім ағаттықты кешірмейді. А.Байтұрсынұлы шырылдағандай латын әліпбиін енгізген соң, қалың елді оған бағыттау  жұмыстары да ыңғайлы, тиімді болуы керек емес пе? Ол үшін не істеу керек? Әрине, емле ережесі, жаңаша пернетақталар, дыбыстың  бейнеленуі  өте сауатты  даярланып, ортаға  ұсынылуы қажет. Әрбір азамат сауатты «үлгіден» күнделікті жаттығып үйренуі тиіс. Қоғам өзгеруі оқу құралдарын көптеп таратудан бастау алады.

Менің көзқарасым сан қилы  тайғақты, тар жолдан өткен егемен еліміздің Алаш зиялылары армандаған латын әліпбиіне көшуі дұрыс. Бұл тарихи қадам латын қарпі арқылы тарихи жетістіктерге жетелейтініне кәміл сенемін. Себебі, менің тілім мәңгі жасайтын ұлы тіл. Әліпби жүйесі өзгерсе де, Сұлтанмахмұт айтқандай «Сүйемін туған тілді анам тілін» деп әлемге жар салып, қазақ атын, «Алаш» атын танытамын. Ойып орын алатындай, халық толық түсінетіндей, сауатты жаза алатындай латын әліпбиімен ендігі қазақ көші бірге, бірлесе жолға шықпақ. Қандай жағдай болса да, латын әліпбиі қазақ елімен, ал қазақ елі латын әліпбиімен «Мәңгілік Ел» идеясымен Нұрлы болашаққа нық басып, рухани жаңғырып, халық қолдап, жұмыс жасауға бет бұрды. «Тіл – салт-дәстүр, тіл – тарих, тіл – мәдениет». Тіл мен  латын қарпін бір-бірінен бөліп қарау – қателік. Осындай қателіктер қайталанбай, әлемдік бәсекеге қабілетті жастар латын қарпі негізінде сөйлеп, жазып, талай додалардан жүлделі болғай!

Ләззат ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

Бұқар жырау агротехникалық колледжінің қазақ тілі және

 әдебиеті пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button