Бас тақырып

“Мені құртқан – Көкшолақ” немесе сыртқы жарнаманың жай-күйі

Қазақ тілінің құтын қашырып тұрған не дейсіз ғой? Бірінші, қазақ – қазақпен қазақша сөйлессін. Яғни, қандай да бір қоғамдық ахуал мемлекет құраушы ұлттың өзінен басталады. Бұл тұрғыдан алғанда, екінің бірі мүдделі болмай тұр деген сөз. Екінші, көшедегі көрнекі ақпарат пен жарнамаға жабысқан жетесіз аудармалар – некесіз туған баладан жаман «қағынып» тұр. «Мені құртқан – Көкшолақ» демекші, бұған «Гугл переводтың» да сөзбе сөз аудармасы «септігін» тигізуде. Үшінші, «балық басынан шіриді» дегеннің кері де жоқ емес. Басшылықта отырған кез келген жоғары лауазым иесі ана тілімізде ағып тұрса, қане? Мемлекеттік мекемелердің көбі жұмыс құжаттарын әуелі ресми тілде рәсімдеп, қазақшаға аударады. Журналистік тәжірибеден білеміз оны.

Қазір Қарағанды облысында «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық» айлығы жүріп жатыр. Сіз де, біз де айта-айта жауыр болған тақырып дегенімізбен, күреспей қарап отыруға бола ма?! Бұрын жылына 2 рет өтіп жүрген айлық рейд биыл 4 рет, яғни, тоқсанына бір мәрте облыстағы аудан-қалалардың бәрін қамтиды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың өкілдері осы жолы Қарағанды қаласының Зональная көшесінің бойындағы 17 нысанға рейд жүргізді. 17 орынның бесеуінен түрлі қате табылды. Кәсіпкерлік нысандардың әкімшіліктеріне заңнама талаптары, сондай-ақ, көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі грамматикалық және стильдік қателер мен қатені түзетудің шекті мерзімі көрсетілген ұсыным хаттар қалдырылды, әдістемелік көмек көрсетілді. Мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы, қазақ тілді мәтіндегі стильдік қателер, Ұлттық комиссияда мақұлданған латыннегізді әліпбиге байланысты емле ережелеріне қайшы келетін жазулар сияқты заң бұзушылықтар кездесті. Бір ғана Зональная 77/а мекен-жайы тұсына шоғырланған ломбард, дәмханалар, шағын сауда-саттық орындарынан бірнеше қате таңбаланған маңдайшалар мен жарнамалар шықты. Ондағы шағын және орта бизнес өкілдеріне ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабы мен «Жарнама туралы» Заңының 6-бабына сәйкес ескерту жасап, дұрыс жазылу тәртібін түсіндірді. Түсіндіргенде, қалай? Заң бойынша, жарнама мемлекеттік және ресми тілде іліну керек әрі қазақ тіліндегісі жоғары немесе сол жағында тұруы тиіс. Олай болған күннің өзінде ана тіліміздегі жарна ма көбіне қате жазылады. Ресми тілден тікелей аударма жасағанда, жалғауын дұрыс тіркемейді, болмаса, мағынасы үйлеспейді. Мемлекеттік мекемелерде мұндай қате кетсе, қатаң жазаланады. Ал, шағын және орта кәсіп иелеріне тек ескерту жасалады. Себебі, еліміздегі бұл саланы барынша дамыту көзделгендіктен, олардың өнімдері тұрғындардың денсаулығына кесірін тигізіп жатпаса, басқа жағына кешіріммен қаралсын деген арнайы заңдастырылған талап бар. Соған байланысты, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма және аудан, қалалардағы салалық бағыттағы бөлімдер қатені көрген жағдайда, меншік иелеріне тек ескерту жасап, бір ай уақыт береді. Олар бір ай ішінде ілінген жарнамаларының қатесін түзеуге тиісті. Олай етпеген күнде тағы да, ескерту жасайды. Мәселен, Зональная 77/а мекенжайындағы «М-Ломбард» қабырғасындағы «Қолжетімді бағамен сату әшекейлер» деген жарнаманы түсініп көріңіз. «Әшекейлер қолжетімді бағамен сатылады» ғой, дұрысы. Осы сияқты бірнеше қателіктер анықталып, тиісті ескертулер берілді. Нәтижесі бір айдан соң белгілі болмақ. Ал, ағымдағы айлық рейд облыстың барлық өңірлерінде 1 наурызға дейін жалғасады.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жанынан құрылған көрнекі ақпарат пен жарнамаларды орналастыруда орын алған қателер бойынша ақпарат қабылданатын және кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсететін «жедел желі» (8 (7212) 567476) қызметі жұмыс істейтінін естеріңізге саламыз.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button