«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

Менің өмір мектебім

Арқаның айнасы «Ortalyq Qazaqstan» газетіне биыл 90 жыл толып отыр. Осынша уақыт оқырманның қолында болған облыстық газеттің уақытында шығуына 32 жыл еңбек сіңіргенімді мақтан тұтамын. Газеттің 90 жылдық тарихының үштен бірінде менің де қолтаңбам қалған екен. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары ол уақытта журналистерді даярлайтын жалғыз оқу орны – ҚазМУ-ды бітіріп, бір топ жігіт облыстық және аудандық газеттерге келген еді. Солардың алғашқы легінде Әбсаттар Тұрғанбеков, Самат Жүнісов, Тілеуқабыл Байтұрсынов, Дүйсенбек Ысқақов, Мағауия Сембай, Бағдат Мекеев және мен болдым. Алғашқы үшеуі бірге оқыған. Қалғандары бір-бір курс төмен оқып бітірген едік. Жастары келіп қартаймаса да осы жігіттердің барлығы қазір марқұм болып кетіпті. Тірі жүргені мен екенмін. Сексенінші жылдары ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп Дәулетбек Мақашев (марқұм) келді. Тоқсаныншы жылдардың басында Жұлдыз Тойбек, одан соң ең соңғы болып Болатбек Қауысов Алматыдан келіп, қатарымызға қосылды. Одан кейін әрбір қаладағы университеттерден журналистика факультеті ашылып, ҚазМУ-ға ешкім бармайтын болды ғой. Әрине, облысымыздың газеттері мен радио-телевидениясына жолдамамен келген басқа аймақтың қыз-жігіттері болды. Мен өз облысымыздан шыққан ҚазМУ-дың түлектері туралы айтып отырмын.

Осы жігіттердің барлығы кезінде «Ortalyq Qazaqstan» газетіне шама-шарқынша еңбек сіңірді, ауыр жүгін арқалады. Ауыр жүк дейтін себебім ол уақытта газетте қызмет істеу қиындыққа толы еді. Барлық облыстық газеттер аптасына 4 рет шыққанда, біздің газет 5 рет жарық көретін. Ол уақытта республикалық газеттер ғана 5 рет шығатын. Бұл Қарағанды облысының экономикалық қуаты зор болғаны үшін облыстық газетке маңыз берілген болуы керек. Сондықтан, газетке материал шақ келмейтін. Күніне әр журналистке 150 жол авторлық мақала беру нормасы болатын. Оны күнде есепке алып, летучкада кім қанша жол бергені айтылатын. Норманы орындамасаң түрлі сыйақыдан қағыласың. Үнемі орындамасаң жұмыстан кетесің. Қазіргідей материал топырлап түсіп жататын электронды пошта жоқ. Күніне бөлімге 2-3 хат түссе қуанатын едік. Оның өзін бөлім меңгерушісі алып қоятын. Әрине, келген хат-хабар дайын материал емес, оны қайта жазып мақала жасау керек. Хат болмаса жер-жерге телефон шалып, дерек, цифр жинап одан бірдеңе шығарамыз. Күндіз үлгермегенді түнде жазу керек. Әйтеуір, 150 жолды қалайда беруің керек. Мұның сыртында өз атыңнан мақала, очерктер бар. Мақала жазбасаң қаламақы жоқ. Оның үстіне газетте көрінбей кетсең, мәселең редколлегияда қаралып, сенің кәсіби жарамсыздығың туралы әңгіме қозғалуы мүмкін. Газет күн сайын шығатындықтан күнде таңертең 9.15-те лездеме (летучка) басталады. Онда кезекші болған журналист сол газеттің қалай шыққаны, қандай жақсы мақала, қандай нашар дүниелер болғанын баяндайды. Олақ құрылған сөйлемдердің астын сызып көрсетеді. Сол газетке мақалаң шықса не айтар екен деп, қыл үстінде отырғандай боласың. Күнде осы. Мүйізі қарағайдай аға журналистердің аузына қарап отырғаның. Қысқасы, лездеме дегенің жанып тұрған от. Онда сын да болады, мақтау да айтылады. Әңгіменің көбі қалайда газетті жақсы шығару жайында. Кеткен кемшілікті көрсетсе, содан сабақ аласың, былай жазуға болмайды екен деп, кәдімгідей ойланып қаласың. Өз басым осындай лездемелерден сабақ алып, көп нәрсені үйрендім. Жазуға атүсті қарамау керектігін түсіндім. Мақаланы даярлау кезінде сөйлем құрылысы, стилистикамен қоса, ең аяғы орфографиялық, әріп қатесін жібермеу маңызды. Бұл арада ұсақ-түйек жоқ.

Осы уақыттағы журналист еңбегінің ауыр болатын тағы бір себебі – олар үнемі жол үстінде жүретін. Қазіргідей интернет, ұялы телефон жоқ. Бір мақала жазу үшін іссапарға шығып, ауыл-ауылды аралап ке тесің. Астыңда көлік жоқ, жаяу журналисті кей басшылар менсінбей қалады. Газетіміз обкомның органы болғандықтан, қорыққандықтан бір бригадирдің салдыраған машинасына отырғызады. Содан егістікті немесе қыстақтарды аралап кете барасың. Кешке сол бригадирдің үйіне қонып, бала-шағасының асына ортақтасасың. Ертеңіне директорға қайта барып, енді ауданға жеткізіп салсаңыз деп қипықтайсың. Ол маңғазданып, маңдайын тыжырынып, қоқиланып алады да парторгке тапсырады: «Ауданға бара жатқан бензовозға салып жіберіңіз» – дейді. Бейне бір чемодан сияқты. Өзің жалынышты болған соң ештеңе дей алмайсың. Оның есесіне барған шаруашылықтың экономикасы, әлеуметтік саласы, клуб пен мектеп, бала-бақшаға қатысты мәліметтерді көбірек алуға тырысасың. Бір еңбек озаты жайлы очерк жазу үшін онымен кездесіп әңгімелесуің қажет. Осы материалдар саған біраз уақытқа азық болады. Шетінен кертіп жаза бересің. Сенің «қорың» таусылды-ау деген кезде редактор шақырып алып: «Журналистердің аяғы жетпей жүрген бір жер бар еді, енді соған барып кел» – дейді. Содан бір-екі күн өткенде Қарқаралы ауданының бір түкпіріндегі «Еңбек» совхозы немесе Теңіз ауданының «Құланөтпес» совхозының бір қыстауына қарай жүк машинасының кабинасында шаң-шаң болып, салдырап кетіп бара жатасың. Жас болған соң біздерді көбірек іссапарға жібереді. Біз де бас тартпаймыз. Жолдың бейнетін көрсең де лездеме деген пәледен құтыласың, құлағың тыныш болады.

Сол кездегі газетте істеудің тағы бір қиындығы – баспаның техникалық жағынан кенжелеп қалуы еді. Жазған мақалаңды машинкаға бастырудың өзі бір күш болатын. Редакцияда 5 машинистка болды. Соларға кезекке тұрамыз. Ағалар бірінші кетеді. Айша, Мәлике, Хадиша, Кабира, Күлзия апайларға жалынғандай болып бастырып алған мақалаңды кейде бөлім меңгерушісі шимайлап тастайды. Содан апайларға қипықтап қайта барасың. «Қыршын, сен де бір пәле болдың ғой» – деп бір бұрқ етіп алып, қайта басып береді. Баспаханада мақала линотип деген қорғасын құятын машинкаға теріледі. Одан соң макет бойынша беттеледі. Мұның бәрі қолмен жасалады. Сол себепті, газеттің жарық көретін номері түн ортасында басуға беріледі. Таң ата басылып, таңертең оқырманның қолында болады. Кезекші болған журналист газет баспаға кеткенше соңында жүреді. Біздің буын осындай ауыр мектептен өтті. Журналист еңбегінің қиындығын олардың көп өмір сүрмегенінен білуге болады. Сол жылдарда істеген жігіттердің бәрі елудің ішінде, 60-тан асып зейнетке шыққан соң бақилық болып кетті. Тіпті, Самат Жүнісов, Шайхан Жандаев, Дәулетбек Мақашев 40-тың ішінде дүниеден өтті. Ұзақ жасаған журналист саусақпен санарлық, оның өзінде аға буындар ғана.

«Ortalyq Qazaqstan» газетінде қызмет істеген 30 жылдың ішінде үйренген, төселген әдетімнің бірі – орыс тіліндегі мәтінді бірден оқып отырып, машинисткаға диктовка жасап аудару болды. Аударманы тікелей аудару аудандық «Ленин туы» газетінде бес жылдай жауапты хатшы болғанымда басталған еді. Ол уақытта мамандық алуға түрлі училищеден түрлі хабарландырулар, тіпті Ресейдің қалаларынан көп түсетін. Оны тү гел басуды облыстық полиграфия басқармасының бастығы Мәлік Имашев тікелей бақылайтын. Себебі, сырттан түсетін қаражатпен байланысты болуы керек. Оны жауапты хатшыдан басқа да аударатын адам жоқ. Ал, 1982 жылы «Ortalyq Qazaqstan» ауысып келген соң тағы жарнаманың аудармасына түстім. Редакцияның телетайп және жарнама бөлімінде Жаңабек Түсіпбеков деген құлағының мүкісі бар адам қызмет істейтін. Өте сауатты адам еді. Жеке бөлмеде отырады. Қасында Хадиша Ақпанова деген машинистка апайды беріп қойған. Күні бойы облыстан және басқа қалалардан түскен хабарландыруларды аударып отырады. Сол Жәкең өкпеден ауырады екен де, жаздыкүні үш ай санаторияға кетеді. «Орталықтың» жауапты хатшысы Рымқұл Сүлейменов менің аудандық газетте осындай аудармамен айналысқанымды біледі. Содан үш жыл қатарынан жаздың үш айында жегіп қойды. Мұнда ешкім барғысы келмейді. Жұмыс көп, қаламақы жоқ, шолақ 100 сом жалақысы бар. Одан мен жамандық көрген жоқпын. Білмеген сөзімді Жәкең тастап кеткен қалың сөздіктен қарап алып, төселіп қалдым. Бөлімге келгенде қорықпай орысша материалдарды аударып жүрдім.

Тікелей аударманы тәп-тәуір меңгергенімді мына бір жағдайдан кейін білдім. 80-ші жылдардың соңында облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы болып Қуаныш Сұлтанов істеді. Бір күні оның машинкаға басылған бес беттік материалы келіп түсті. Редакторымыз Тілеуқан Жүсіпов марқұм еді. «Мына мақала екі тілде ертеңгі газетке шығуы керек. Сен осыны тездетіп аударып, түстен кейін өзіне апарып оқытуың қажет» – деп тапсырма берді. Қолмен жазып аударсаң кемі бір күн кетеді. Редактор жарты күн ғана беріп отыр. Содан қорқа-қорқа тікелей оқып отырып аудардым. Түстен кейін Қ.Сұлтановтың алдына бардым. Ол кісінің негізгі мамандығы журналист, қызметті аудандық газеттен бастаған, қазақша оқыған адам ғой. Қыпылықтап отырмын. Ол түгел оқып шықты да, бір-екі сөзін өзгертті. «Дұрыс екен, баса беріңдер» – деп сыртына қолын қойып берді. Сондағы қуанғаным-ай! Редактор да риза болып жатыр. Содан редакцияға түскен барлық ресми дүниені жүрексінбей аударатын жағдайға жеттім. Тіпті, Астанадан түскен ресми дүниелерді аудармасын күтіп отырмай, газетті бөгемеу үшін өзіміз аударған кездер болды.

Айта берсең әңгіме көп. Бүкіл саналы ғұмырым газет редакцияларында өтті. Соның 32 жылын «Ortalyq Qazaqstan» газетіне арнаған екенмін. Осы уақыт ішінде не көрмеді дейсіз, қызық та, шыжық та болды. Құлаш-құлаш мақала да, ұсақ-түйек хабар да жаздық. Себебі, газет шығару барысында ол да қажет. Абыройсыз болған жоқпын. Бір кезде облыстық газетте техникалық қызметкерлерді қосқанда 50 шақты адам қызмет істеді. Осы үлкен ұжымның жас-кәрісімен тіл табысып, жақсы атпен зейнетке шықтым. Кейде жиын-тойларда біреулер «Аға, сіз кім едіңіз?» – деп сұрайды. «Орталықты» оқысаң білесің. «Серік Сексенұлы мен боламын» деймін. «Ә, білеміз, талай мақалаңызды оқығанбыз» – дейді. Соған кәдімгідей қуанып қаласың. Оқырманның ойында қалыппын, жаман журналист болмағаным ғой деп ойлайсың.

Газет тасқа басылған дүние. Бұрынғы журналистердің жазғандары соның тікпелерінде жатыр. Менің өмір мектебім болған «Орталық Қазақстанның» шаң басқан тікпелерінде менің де ізім сайрап жатыр. Қарашаңыраққа сіңірген еңбегім сол газеттің беттерінде. Газетіміздің 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Кейінгі толқын өскін журналистердің қаламы ұштала берсін, ағаларының жолын берсін!

Серік СЕКСЕНҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Суреттерде:

  1. Журналистер Серік Сексенов пен Серікбай Алпысов;
  2. Әріптестермен кезекті іссапар кезінде.

Басқа материалдар

Back to top button