Мемлекеттік тілге назар айрықша
Жақында ғана облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жанынан құрылған «Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен «Ұлттық стандарт негізінде мемлекеттік тілді оқытуды жетілдіру және біріздендіру жолдары» атты әдістемелік семинар өтті.
Семинар шымылдығын ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова ашып, оқыту орталықтарындағы мемлекеттік тілді оқыту мәселесіне тоқталды. Жаңадан құрылған орталықтың нақты мақсаты мен міндеті де айтылмай қалмады.
Биылғы жылдың І жартыжылдығында облыс аумағында мемлекеттік тілді оқыту курстарына – 1398, ағылшын тілін оқыту курсына – 974 тыңдаушы қамтылған. Оның ішінде, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырмасы негізінде мемлекеттік тілге – 365, ағылшын тіліне – 165 адам қамтылған.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында облысымыздың аудан және қалаларында тілдерді оқыту орталықтары ашылып, қазақ және ағылшын тілдерін оқытуда. Семинар барысында тілдерді оқыту орталығының жүйесі жөнінде Балқаш қаласының тілдер орталығының директоры Қымбат Мәулетова, Шахтинск қаласының «Бастау» оқу-әдісте мелік орталығының директоры Бибігүл Дауылбаева, Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Меруерт Ахметжанова, Жезқазған қаласының «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Ақгүл Ошағанова, Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының әдіскері Береке Жарылғапова баяндама жасады.
Тілді оқытуда жеке кәсіпкер ретінде жақсы нәтижеге қол жеткізіп отырған Жанар Байғұлақова мен Алмагүл Қызалғышова да осы семинардан табылды. Олар да жылдар бойы жинаған тәжірибелерімен бөлісті.
Ресурстық тіл орталығының латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Жұпар Жақанова қордаланып қалған мәселелерге тоқталып, оны шешу жолдарында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Орталық жұмыстарын қатаң сынға алып, жүйелі жұмыс жасау қажеттігін баса айтты. Мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасының бірізге түспеуін, сағат санының үйлеспей жатқанын, «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешенінің толыққанды қолданылмауын, оқыту курстарында ақпараттық-технология мүмкіндіктерінің қарастырылмағанын, тіпті, кей орталықта компьютерлік сыныптардың талапқа сай еместігін сынға алды.
Ресурстық тіл орталығының латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері Әсия Смақова жаңа әліпбиді оқытып-үйретудің әдістемесін көрсетті.
Семинар жұмысын қорытындылаған ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова болашақ жоспармен бөлісті.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»