Ресми

Мемлекет мәдениетке ерекше көңіл бөлуде

Өткен жылы жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемияның кесірі бізді де айналып өтпеді. Өңір мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан бірқатар өнер майталмандарынан көз жазып қалдық. Айтулы тарихи тұлғаларымызға арналған көпшілік-бұқаралық жиындардың біразы онлайн форматқа ауыстырылды. Бірақ, жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйысып еңбек етуіміздің арқасында жылды оң нәтижелермен қорытындыладық.

Өткен жылдың наурыз айынан бастап мәдени ұйымдар онлайн режимінде жұмыс істеуге көшті. Техникалық қиындықтарға қарамастан онлайн-іс-шараларды өткізу қолға алынды. Бұған Қазақстанның Мәдениет қызметкерлері күніне арналған «Рухани Қазына» ІІІ республикалық онлайн-фестиваліне өңіріміздің мәдени қызметкерлерінің сәтті қатысып, зор жетістікпен оралғандары дәлел. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар арасында Қарағанды өңірінің мәдениет ұжымдары мен жекелей қызметкерлеріміз жеңімпаздар саны бойынша республика көлемінде бірінші орынды иеленді. Кітапхана, музей және мәдени-демалыс қызметтері номинациялары бойынша 7 жүлделі орын облысымыздың мәдениет майталмандарына бұйырды.

Мәдениет саласындағы маңызды қолдау «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасын іске асыру шеңберінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу болды. Қарағанды облысының 45 мәдениет және архивтер нысандарын жөндеуге 2 млрд. 360 млн. 888 мың теңге бөлінді және «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 249 млн. 663 мың теңгеге 3 мәдениет нысаны жөнделді.

Мәдениет және архив объектілері жұмыс орындарын құру жөніндегі жоспарды асыра орындады. Жоспар бойынша 794 жұмыс орны құрылып, жұмысқа 855 адам тартылды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтарынан 415 адам жұмысқа орналастырылды.

Облыста «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін көрсететін 20 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2020-2025 жылдарға арналған «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоспардың басты бағыттарының бірі архивтердің материалдық-техникалық базасын нығайту және архив құжаттарын цифрландыру үшін ұйымдастырушылық техникасын сатып алу болып табылады.

Архив жұмысында «Архивтік анықтамалар, көшірмелер немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметін көрсету өте маңызды және аумақты еңбекті қажет етеді. 2020 жылғы 30 желтоқсандағы жағдай бойынша облыс архивтеріне ұйымдардан, республика азаматтарынан, алыс және жақын шетелдерден тақырыптық және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы түрлі мәселелер бойынша 62 604 өтініш келіп түсті.

Мәдени мұраның өлке тарихын зерттеудегі орасан зор маңызын ескере отырып, аймақтың тарихи-мәдени ескерткіштерін сақтау, зерттеу және насихаттау жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылы Орталық Қазақстанның ежелгі металлургия ескерткіштеріндегі, Қарашоқы қорымындағы, Жошы хан кесенесі жанындағы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі, Теңіз, Ұлытау және Жезқазған аймақтарындағы Алтын Орда кезеңіндегі тарихи-мәдени ескерткіштердегі археологиялық қазбалармен жұмыс жүргізілді.

Тарихи жәдігерлер Сүттібай би кесенесін, Дайыр төре (Ақтоғай өңірі), Қыстаубай кесенесін, Теректі кесенесін, Оспан кесенесін (Ұлытау өңірі), Көлбай кесенесін (Қарқаралы), Таймас батыр кесенесін (Абай) қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүрді.

Бүгінгі таңда Талды тарихи-археологиялық паркі аумағындағы ескерткіштерге археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, 2021 жылдың қыркүйек айында Талды тарихи-археологиялық паркін ашу жоспарлануда.

Облыстың театр-ойын-сауық ұйымдары жыл бойы карантинді ескере отырып, барлық ұйымдар сияқты онлайн режимінде жұмыс істеді. Карантин кезінде әлеуметтік желілерде және YouTube арналарында шығармашылық ұжымдардың мемлекеттік және күнтізбелік күндерге арналған спектакльдері мен концерттері қойылды.

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай біздің облыста мерейтойлық датаға арналған жүздеген іс-шаралар өткізілді.

С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Н.Жұманиязовтың «Жас Абай» драмасы және жақында ғана өзінің 90 жылдық мерейтойын тойлаған К.Станиславский атындағы мемлекеттік халықтар достығы орденді орыс драма театрында режиссер Д.Еспаевтың «Абай жолы» романының желісімен жазылған «Знай потомок, дорогу я для тебя стлал» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Қойылымдарда дана Абайдың ұлылығы мен даралығы ерекше мәнге ие болды.

«BizBirgemiz» еріктілер акциясы шеңберінде Қарағанды, Теміртау және Жезқазған театрларының киім кию цехтарының қызметкерлері төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгеннен кейін біздің дәрігерлерді, әскери қызметкерлерді, аз қамтылған отбасыларды қорғауға және қолдауға өздерінің көп үлестерін қосты. Атап айтсақ, бірнеше мәрте қолдануға болатын медициналық бетперделер тігуді ұйымдастырды. Сондай-ақ «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және ауруханадағы науқастарға арналған азық-түлік пакеттерін таратты.

Веб-сайттарда және әлеуметтік желілерде концерттік бірлестіктердің концерттерінің дайын бейнежазбасы жарияланды. Сондайақ, К.Байжанов атындағы концерттік бірлестік солистерінің концерті тікелей эфирде көрсетілді.

Жыл ішінде облыстың музейлері өлкетану сабақтарын, дәрістер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, тақырыптық және мерейтойлық іс-шаралар сияқты іс-шаралар өткізді. Қазіргі ұрпақ үшін этнографиялық, археологиялық, өлкетану сияқты тақырыптық бейне сабақтар, өлкетану дәрістері дайындалып әлеуметтік желілерде жарияланды.

2020 жылы облыстық кітапханалар ауқымды жұмыс жүргізді, онлайн режимде «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» республикалық Қасым Аманжолов оқулары, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арнайы «Қазақстан − татулық пен бірлік мекені» үздік тактильді кітабының республикалық байқауы, қазақ ақыны Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған «Мен – қазақпын!» облыстық мүшәйрасы, облыстық Абай оқулары өткізілді. Карантиндік шараларға қарамастан, біз «Сарыарқа» арнасында «Жетістік формуласы» телевизиялық жобасын жүзеге асырдық. Оның биылғы қонақтары жас әрі табысты кәсіпкерлер, әртістер, спортшылар, педагогтар, еріктілер болды.

Халықтық көркемөнерпаздар өнері халықтың рухани өмірінің ажырамас бөлігі және Қарағанды облысының көпұлтты мәдениетінің маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.

Шығармашылық қабілеттерді дамыту, халықтың рухани-эстетикалық тәрбиесін және жоғары көркемдік талғамын қалыптастыру мақсатында мәдени ұйымдарда қазіргі уақытта 1763 клубтық құрам жұмыс істейді.

Жыл сайын өзіндік халық шығармашылығын дамыту және насихаттау мақсатында облыста түрлі жанрлық фестивальдар мен байқаулар өткізіліп, көркемөнерпаздар өнерінің түрлі салаларында жаңа есімдер мен таланттар ашылуда. Мәдени-сауық кештердің басым бағыттарының бірі – қазақтың халықтық өнерін дамыту.

Өскелең ұрпақты ақындар шеберлігімен таныстыру мақсатында облыста айтыс ақындары, мүшәйра, жыршы, жыраулар «Бұқарекең жырлайды», сондай-ақ дәстүрлі халық әндері мен күйшілердің конкурстары өткізіліп тұрады.

«Сарыжайлау» кинотеатры» соңғы 10 жылдан бері отандық киноны насихаттау бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін негізінен кинотеатрдың репертуары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген қазақ тіліндегі отандық картиналардан жасақталады және оларды түрлі жастағы көрермендер қызыға тамашалайды.

2020 жыл барлық саланың жұмысына бірқатар өзгерістер енгізгені белгілі, дегенмен де соған қарамастан «Сарыжайлау» кинотеатры өткізген «Қарағанды облысындағы «Қазақфильм» күндері» атты ауқымды жоба аймағымыздың мәдени өміріндегі айтулы оқиға болғаны көпшіліктің есінде қалды.

Кинотеатрдың алдағы уақыттағы жұмысы цифрлық форматқа көшірілді. Карантиндік шектеу шаралары жағдайында кинотеатр қызметкерлерінің өздері автор болып, видеоформаттағы киносабақтар дайындады және оларды «Сарыжайлау» кинотеатрының сайтында жариялап отырды. Қаладағы оқу мекемелерімен келісімдер жасалып, аталған киносабақтарды олардың цифрлық платформаларына орналастыру мүмкіндігіне қол жеткіздік. Цифрлық форматтың үлкен бір шығармашылық жобасы деп «Абайдың «Қара сөздерін» оқиық» атты қысқаметражды фильмдерді атап айтуға болады. Жоба ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуын мерекелеу аясында жүзеге асырылды. Данышпан ақынның «Қара сөздерін» қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқуға аймағымыздағы шығармашылық зиялы қауым өкілдері жұмылдырылды. Иллюстративті түсірілімдер жасалды.

Сондай-ақ «Фильм! Фильм! Фильм!» балалар шығармашылығы фестивалі облыстық деңгейге көтерілді және оның цифрлық форматта өткізілуінің өзі шараның аудиториясы мен географиясын ұлғайтты.

2021 жылы біз тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеумен бірге Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын, Қазақстанның театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Серәлі Қожамқұловтың 125 жылдығын, Қазақ ССР халық әртісі, әнші Манарбек Ержановтың 120 жылдығын және Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Ағымдағы жылдың ішінде Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театр фестивалін және Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар байқауын өткізу жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар, жыл сайынғы «Музыкалық Сарыарқа», «ДоsStar», Тәттімбет атындағы республикалық байқауы, «Жұлдыздар аллеясының» ашылу рәсімі, ұлы даланың кіндік тұсындағы Ұлытау өңірінде ұйымдастырылатын «Жезкиік» халықаралық музыка фестивальдері бар.

Біз әлем мәдениетінің көшіне ілескенде жұтылып кетпес үшін ұлтымыздың бай мәдени құндылықтарын төрге шығаруымыз қажет. Бұған Елбасы Н.Назарбаевтың осы күнге дейін жарияланған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақалаларында айтылған тұщымды ойлар жол сілтейтін бағыт-бағдар болмақ. Кетігін жамап, кемшіл тұсын толықтырып, көз жазып қалған мұрамызды түгендей отырып, өркениеттің керуеніне бет бұруымыз керек.

Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВ,

Қарағанды облысының мәдениет,

архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button