Жаңалықтар

Мемлекет қамқор – қоғам ояу

Отбасы – қоғамның ең нә­­зік тұсы, ал, отбасында­ғы зорлық-зомбылық елдің өсіп-өркендеуіне қауіп төнді­ретін әлеуметтік дерт. Бұл – құ­қықтық немесе тұр­мыстық мә­селе ғана емес, ұлттық болмыстың, адам­гершіліктің, тіп­­ті, мемлекетіміздің болашағына балта шабатын қатерлі ке­сел. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет отбасылық зорлық-зомбылық мә­селесіне айрықша тоқталып, Жолдауларында бұл мәселеге нүкте қойылуы тиіс екенін қадап айтты. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың қоғам үшін ауыр дерт екенін және мұндай келеңсіз құбылыспен тұтас қоғам болып күресу­ге шақырды. Президент тап­сырмасына сай биыл нақты іс-шаралар қабылданып, 15 сәуірде әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған жаңа заң күшіне енді. Қазірдің өзінде осы заң аясында зорлық-зомбылық үшін жазалар күшейтіліп, құқық бұ­зушыларға қатаң жауапкерші­лік жүктелуде.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Профилактика пәрмені

Биыл құқық бұзушылықтар профилактикасы жылы болып жарияланды. Осы бағытта Қазақстан полициясы отбасылық жанжалдың алдын алуға басымдық беріп отыр. Нәтиже де жоқ емес. 2025 жылдың басынан бері тұрмыстық құқықбұзушылықтармен күресте ҚР ӘҚБК 73-бабы бойынша 1570 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған (өткен жылы – 1011). Яғни, өсім – 55,3 пайыз.

– Қауіптің алдын алу үшін қолданылған қорғау нұсқамалары – 2396 (2024 ж. – 2444), сәл де болса 1,9% азайған. Бірақ бұл шараларды елемей, қайтара құқық бұзған 384 адам (өсім 4,1%) әкімшілік жазаға тартылды. Тағы бір маңызды тетік – ерекше талаптар қою: 601 жағдай (өткен жылы – 508), яғни, 18,3%-ға артқан. Бұл талапты бұзғаны үшін 508 адам (өсім – 36,6%) жауапқа тартылды. Бірақ, жалған жұбанышқа ұрынып, арқаны кеңге салуға болмайды.
Сонымен қатар, елімізде «От­ба­сында зорлық-зомбылықсыз Қа­зақстан» атты республикалық ак­ция бастау алды.
Акция аясында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, салауатты отбасылық қарым-қатынас құру, зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын енгізу көзделіп отыр.
Акция аясында қолға алынған отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы челлендж Ақмола облысынан бастау алып, Қарағандыға келіп, Шымкентке жол тартты, – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Гүлбану Сатпаева-Алпысбаева.

Қоғамдық қолдау – шын қолдау

Қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу – жұмыстың жаңа форматы. Қарағанды облысында қазіргі таңда 16 үкіметтік емес ұйыммен байланыс орнаған. Соның ішінде 9-ы – дағдарыс орталығы, онда баспана да, психологиялық көмек те көрсетіледі. Көмекке жүгінгендердің саны артып келеді. Нақтырақ айтсақ, 200-ден аса адам сенім телефоны арқылы, 286 әйел тікелей жүгінген. Ал, 23 адам (9 әйел, 14 бала) уақытша баспанаға орналастырылыпты.

Бұл ретте 2023 жылдың тамызынан бастап, Қарағанды облысында жұмыс істеп келе жатқан Бірыңғай отбасылық көмек көрсету орталығының рөлі ерекше екенін атап өткен жөн. Биылдың өзінде орталық 642 адамға көмек көрсеткен.

Соның ішінде, 118 адам – психологпен жұмыс істесе, 124 адам – заңгерлік көмек алған. 47 адам – жұмысқа орналастырылып, 9 адамға құжат рәсімдеуге көмек көрсетілген. Сонымен қатар, 138 абьюзерге шара қолданылса, 100-ден аса отбасының тұрғылықты жеріне тексеру жұмысы жүргізіліп, 20-дан астам қоғамдық шара ұйымдастырылған.

Тағы бір нақты нәтиже 413 азамат алимент өндіру бойынша сот орындаушыларына жүгініп, 68,7 млн теңге қайтарылған. 24 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылса, 15 отбасы медиативтік келісімге келген. Осының бәрі – нағыз жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Жауапкершілікті күшейтеді

15 сәуірден бастап әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі жаңа заң күшіне енді. Енді, жеңіл дене жарақатын салғандар 200 АЕК айыппұл төлейді немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа, не 50 тәулікке қамау жазасына тартылады.

Ал, соққы бергендерге 80 АЕК айыппұл немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Бұл – уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. Президент жолдауларындағы нақты тапсырмаларының заңдық жалғасы екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, 15 маусымнан бастап зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы құрылым жұмысын бастайды. Бұл – жаңа кезең. Бұрын жәбірленушіге тек моральдық демеу көрсетілсе, енді жүйелі мемлекеттік көмек қарастырылған.

Білімнен басталған бетбұрыс

Тағы бір айта кетерлігі, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, Қазақстанның барлық мектептері мен колледждерінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған «ДОСБОЛ LiKe» антибуллингтік бағдарламасы енгізіледі. Бағдарлама қазірдің өзінде 9 өңірде пилоттық негізде іске қосылған. Оған 70 мың оқушы мен 5 мыңнан астам мұғалім қатысуда. Бұл жарқын болашаққа жасалған нық қадам екені сөзсіз. Бағдарлама балалардың эмоционалды әл-ауқатына, қақтығысты конструктивті шешуге, қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталып отыр.
Бұл – зорлыққа мүлдем төзбеу­дің алғышарты мектептен басталуы керек дегенді білдірсе керек.

Шетелдік тәжірибе не дейді?

Мәселен, Финляндия мемле­кетінде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Жәбірленушілерге арналған «тур­ва­телин» (Turvakoti) деп аталатын арнайы баспаналар жүйесі бар. Онда психологиялық, құқық­тық және әлеуметтік көмек бір терезе қағидатымен көрсетіледі.

Мектептерде эмоциялық интеллекті дамытатын бағдарламалар тұрақты жұмыс істейді. Германияда абьюзерлерге арналған «Zwangsberatung» курстары бар. Олар психотерапиядан өтпей, қоғамға орала алмайды. Құқық бұзушыға қатысты «қамқорлық шектеу ордері» шығарылады. Ол 14 күннен 6 айға дейін күші бар құқықтық құжат. Осы уақыт ішінде жәбірленушіге жақындауға, сөйлесуге, тіпті, телефон шалуға тыйым салынады.

Ал, әлемдегі ең дамыған елдер санатына кіретін Канада мемлекетінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін арнайы «intervention programs» жүргізіледі. Бұл курс­тарда құқық бұзушыға өз әрекетінің салдары егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Мұндай бағдарламалар мемлекет есебінен қаржыландырылады.
Елімізде де бұл бағытта нақты қадамдар жасалуда.

Түйін

Зорлық-зомбылық – бұл соққы мен жәбір көрсету ғана емес, ол – қорлау, шектен тыс қадағалап, еркіндігін шектеу, сөзбен шабуыл жасап, құқығын таптау, ар-намысына нұқсан келтіру. Сондықтан да, зорлыққа қарсы күрестің тәрбие, сауаттылық, қоғамдық көзқарас мәселесі екенін атап айту керек.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді халық даналығы. Бүгінгі отбасындағы ұрыс-керіс ұрпақтың санасында психологиялық зиян келтіріп, ертеңіне кері әсер етеді. Отбасындағы зорлық-зомбылық – отанға опасыздық. Қазір Президенттің пәрме­ні­мен заң қатайды. Мемлекет қам­қорлығын көрсетті. Енді қоғам ояна ма?

Бала – болашақ. Әйел – өмірдің өзегі. Егер сол екеуіне қатігездік жасалса, елдің ертеңінен не күтеміз?!
Қазақ «Жетім көрсең, жебей жүр» дейді. Біз енді «Жәбір көрсең, үндеме» деген үнсіздіктен арылуымыз керек.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button