Мектепке турникет қажет пе?
Бүгінде қарағандылық мектептерде баланың биометриялық деректерін оқу үшін арнайы фейс-бақылау қабылдағыштарын (турникеттер) орнату жалғасуда. Осы мәселеде ата-аналар тарапынан түсетін сауалдар легі әлі толастаған жоқ. Өткен аптада редакцияға «Сәлеметсіз бе! Біздің №8 мектепке баланың биометриялық деректері бар турникет орнатқысы келеді. Бұл қаншалықты заңды? Турникет жүйелерін жасау және барлық мектепті жабдықтап шығу қандай компанияға жүктелген, пайда табушы кім? Өрт жағдайы орын алса, тосқауылдар кедергі болмай ма? Турникеттегі балалардың деректері интернетке кіре ме? Мектепте бұдан басқа мысалы шатырды жөндеу, ғимарат апаттылығының алдын алу секілді өзекті мәселелер жоқ па? Мұндай жобаларды білім беруде кім насихаттайды?» деген хат келді. Оқырман сұранысына орай «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында орнатылатын жаңа қондырғыларды кеңінен зерттеп көрдік…
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/kollazh-tsvet-913x1024.jpeg)
Сабаққа кешігу деңгейін азайтады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мемлекеттік мектептердің 72 пайызы лицензияланған қауіпсіздік агенттіктерімен келісімшарттар жасасқанын айтқан. Тек 87 пайызы дабыл түймелерімен жабдықталған. Ал, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл қондырғылар техникалық сипаттамалары бойынша адам денесін сәулелендірмейді әрі балалар денсаулығына теріс ықпал етпейтінін алға тартты.
Сауалымызға жауап берген қарағандылық мектеп директорларының басым көпшілігі турникеттердің мектепке бөгде адамдар кірмес үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұрғанын айтты.
– Көбінесе аймақ мектептерінде вахтада физикалық тұрғыдан ешқандай қарсылық көрсете алмайтын ата-әжелер отырады. Барлық мектептерде күзет алу, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін вахталарға отырғызу мәселесі толығымен шешілмеген.
Ал, автоматтандырылған турникеттері бар қауіпсіздік жүйесі ғимаратқа бөгде адамның кіруін шектейді. Ғимараттағы материалдық құндылықтарды қорғайды әрі арнайы ақпараттық бюллетень арқылы ата-аналарға хабарлама жібереді. Сабаққа қатысуды оқушылардың кешікпей келуін қамтамасыз етеді. Мониторинг жүргізуге және аналитикалық есептер жасауға да мүмкіндік береді. Бейнесәйкестендіру болған жағдайда басқа адамның қол жеткізу картасын пайдалану мүмкіндігін болдырмайды. Құрылғы арқылы қызметкерлердің жұмыс уақытын ескереміз. Кіреберіс пен оған іргелес аумаққа бейнебақылау жүргізіледі. Бұл оқушылар мен мұғалімдер үшін өте ыңғайлы, – дейді №19 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аңсаған Мұстафақызы.
«Жайлы мектептен» байқағанымыздай, автоматтандырылған турникеттен өту үшін деректер мен бірегей кодты анықтап, оқу құрылғысына кіру картасын қосу немесе сақтау қажет. Жүйеде тіркелген карточка ғимаратқа кіру құқығын береді, ал егер тіркеу расталмаса, кіру бұғатталады.
Егер оқушы үйде рұқсаттаманы ұмытып кетсе немесе ата-анасының мектепке кіруі қажет болса, басқару пульті арқылы кіруге мүмкіндік бар. Түсінгеніміздей әрбір кіріс және шығыс деректері жүйелі жазылып, сақталады. Қажет болса оларды компьютердегі арнайы бағдарлама арқылы көруге және шығаруға болады.
Директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарының айтуынша, әр оқушы барлық қажетті ақпарат жазылған жеке магниттік картаны алады. Кіру карточкасы бірегей кодты ұсынады, оның көмегімен оқушының сабаққа қатысуын бақылауға да болады. Осылайша жүйе қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, сабаққа қатысуды жақсартады, кешігу санын азайтады.
Оған қоса электронды рұқсаты бар автоматтандырылған турникеттерді пайдалану ата-аналарға баланың мектепте жоқ екендігі туралы хабарлауға мүмкіндік беретін көрінеді. Ол үшін арнайы SMS қолданылады. Ата-аналар жиналыстары немесе басқа мектеп іс-шаралары туралы хабарламаларды дәл осылай жіберуге мүмкіндік бар. Осыншама мүмкіндікке ие құрылғының нарықтағы бағасы да әртүрлі. Төменгі баға мөлшері шамамен бір данасына 250-300 000 теңгені құрайды.
– Мектепке арналған турникетті орнату 1 күнде жасалады және сабақ өткізуге кедергі болмайды. Егер төтенше жағдай орын алса, мектеп турникеті өшіріледі. Балалар ғимараттан дереу шыға алады. Құрылғының оңтайлы түріне келер болсақ, мектепке триподтарды орнатуды таңдаған дұрыс. Олар салыстырмалы түрде арзан. Бұл турникеттің ең көп таралған түрі, ол мектеп үшін де, университет үшін де, кітапхана үшін де өте қолайлы. Оны қашықтан пульт арқылы басқаруға, егер эвакуация қажет болса, тез ашуға болады. Нарықтағы бағалары әрқалай, ең төмегінгісі – 300 000 теңгеден басталады, – дейді idsmart.kz дүкенінің менеждері Андрей Белов.
«Турникеттер өрт қауіпсіздігіне сәйкес келмейді»
Мектеп қызметкерлері автоматтандырылған турникеттерді қолданған дұрыс дегенімен, қарағандылық оқушының анасы Айгүл Маратқызы (аты-жөні өзгертілген) мектептерде орнатылған турникеттердің өрт кезінде зардап шеккендер санын көбейтуі мүмкін екенін айтады.
– Өрт қауіпсіздігіне сай нормативтік-техникалық құжаттардың талаптары бойынша түтін кезінде адамдар ғимараттан тез арада біркелкі ретпен шығуы керек. Зембілде жатқан адамды кедергісіз алып жүру үшін де эвакуациялық жолдың ені бірдей қалыпта болып қалуы тиіс. Ал, турникеттер оларға сәйкес келмейді, – дейді Айгүл Маратқызы.
Қарағандылық қоғам белсендісі Наталья Шевцова да осы мәселеге назар аудартады. «Үкіметтің 2009 жылғы №14 қаулысымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентінің 261-бөліміне сәйкес, эвакуациялау кезінде негізі шығу жолдарына турникет және адамдардың еркін өтуіне кедергі келтіретін басқа заттарды орнатуға тыйым салынады. Соған қарамастан, барлық оқу орнында, вестибюлі мен холында турникеттер қойылып жатыр. Ол құрылғылар жай емес, кіру-шығуды басқару және бақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл іс қаншалықты заңды? Ғимараттардың эвакуациялау жолдары және барлық есіктері адамдардың тез әрі қауіпсіз шығуын қамтамасыз етуі тиіс», – дейді ол.
Ал, ішкі істер министрлігінің дерегінше, белсенділер алға тартып жүрген өртке қарсы техрегламенттің күші жойылды. Оның орнына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің 2021 жылғы 17 тамыздағы №405 бұйрығымен жаңа «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техрегламенті енгізілді. Сонда турникеттер орнатылуға тыйым салатын норма алып тасталған.
Қоғам белсендісінің айтуынша, өрт кезінде дүрліккен балалар мен ересектер одан секіріп өтемін деп, құлап, бірін-бірі таптап тастауы ықтимал. Әр мектепте қосымша эвакуациялық есіктер бар дегенмен, олар әрдайым жабық тұрады. Оны ашу үшін алдымен кілтін іздеу қажет. Ал жалғыз шығу жолындағы орталық есікте турникет түрінде кедергі тұрса ше?!
«Антипаника» жүйесі қалай жұмыс істейді?
Орталық есікте турникеттің тұратыны ата-аналарды алаңдатқан мәселе. Дегенмен, мектепте электр қуаты өшіп қалса, турникеттің қосалқы бөлшегі – биометриялық кешен қалай жұмыс істейді? Білім басқармасының мамандары мұндай жағдайда «Антипаника» жүйесі қосылатынын айтты.
– «Антипаникада» барлық турникеттер ашылады. Биометриядан өту тоқтатылады. Ғимаратқа кіру және шығу тегін болады. Алайда, бұл жерде басты мәселе мектеп күзетінің ұқыптылығына байланысты. Өйткені, мұндай жағдайда ғимаратқа бөгде адамдарды жібермеу керек, – дейді басқарма мамандары.
Бейнебақылау орнату заңды ма?
– Шамамен төрт жыл бұрын балалардың қауіпсіздігі үшін мектептерде турникеттер орнату ережесі пайда болды. Тиісті бұйрықтар шығарылған соң, қазір Қарағанды облысының барлығы 420 (16 жекеменшік) мектептері турникет түріндегі өткізу жүйесімен қамтамасыз етілді. Оқушылар қолданатын магниттік картаның көмегімен мектепке кіруді және одан шығуды ғана емес, сонымен қатар асхана мен кітапханаға баруды да белгілейді. Бұл туралы хабарламалар ата-аналарға арнайы қосымшаға келеді, – дейді білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.
Білім басқармасының ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Ақылбек Рамазанов нақтылап өткендей, қазір білім ошақтарына цифрландыруды енгізу жалғасуда.
– Мектептердегі турникеттерді автоматтандыру басталды. Бірінші кезекте ғимараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Жол картасы әзірленді. Балалар карталарды жоғалтса еш қиындықсыз қалпына келтіруге болады. Олардың бағасы 50-ден 200 теңгеге дейін өзгереді, алайда іске қосудан басқа, олар балалар мен персоналдың есебін жүргізуге көмектеседі, – деп түсіндірді Ақылбек Рамазанов.
Қарағандыда өткен жылы биометриялық сәйкестендіру «Алақан Мектеп» жобасы пилоттық режимде Абай атындағы мектеп-гимназиясында (№104), ал «Отан мектеп» өткізу жүйесі әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясында (№ 102) іске асырылды. Алайда, «Алақан Мектеп» жұмыстағы қателіктер мен сәтсіздіктерге байланысты тоқтатылған. Бұл жүйелердің жұмыс істеу принципі бірдей болғанымен, айырмашылық тек сәйкестендіру әдісінде болған.
– Өткен жылы тыйым салынбаған сәйкестендірудің баламалы тәсілдері бар «Отан мектеп» өткізу жүйесі сатып алынды. Мұндай жүйелерді 700 және одан да көп бала оқитын мектептерде орнату жоспарлануда. Жоспар бойынша 1 сәуірге дейін өңірдегі 404 мемлекеттік мектептің 175-іне осындай кешенді орнату жұмыстары белгіленген. Жүйеден алынған мәліметтер мектеп базасынан асып ешқайда кетпейді, сондықтан ата-аналарға алаңдайтын ештеңе жоқ. Егер балаларының суретке түсуін қаламаса, олар бұл туралы мектеп әкімшілігіне мәлімдеме жаза алады, кейін балаға магниттік карта беріледі. Осы тақырыпта біз мектептердің Қамқоршылық кеңестерімен кездесулер өткіздік. Біз бақылау жүйесінен барлығын суретке түсіруді талап етпейміз, – деді Ақылбек Рамазанов.
Дегенмен, Қарағандыдағы мектептерде орнатылған турникеттердің көбісі жұмыс істемей текке тұрғанын айтады ата-аналар. Оған қоса шалғай ауылдарда интернет желісі дұрыс істемейтінін ескерсек, турникет жыры әлі аяқталмайтын да секілді.
– Мағжан гимназиясында турникет болды. Біреуі әрқашан ашық тұратындықтан, бәрі сол арқылы шығатын. Ал қалғандары баяу жұмыс істейді және үнемі ашылмайды. Қала мектептеріндегі жағдай осылай болса, интернет желісі баяу ауылдарда турникет орнату қиындық туғызады, – дейді ата-ана Еркебұлан Дайыр.
«Бірдей принцип жұмыс істейді»
Мамандардың айтуынша, жүйе оқушыны бірден анықтамағандықтан, биометриялық сканерлеу кешіктірілуі мүмкін жағдайлар жиі кездеседі.
Жалпы осы орайда «Балаларды осылай суретке түсіру заңды ма?» деген сауал туындайды. Өйткені балалардың биометриясына көптеген елдерде тыйым салынған.
Гүлдана Нұрсұлтанның айтуынша, қазіргі таңда елден тыс жерлерге барған туристер биометриялық кешендер арқылы тексеруден өтеді. Дәл осындай кешендер әуежайларда, тұрғын үй кешендерінің кіреберістерінде, әртүрлі ұйымдарда, тіпті банкоматтарда және Egov порталында жұмыс істейді.
– Негізінде, бұл жерде бірдей принцип жұмыс істейтіндіктен, үрейленбеген жөн. Қарағанды мектептерінің бірінде бір жағдай орын алды. Онда бала сабақты өткізіп алған. Яғни, қатыспады деп есептелді. Бірақ өткізу камерасының арқасында оның мектепке келгенін тіркеген жағдай болды. Біз Астанада жергілікті мектептерде кешеннің қалай жұмыс істейтінін де зерттедік. Олардың бірінде мұғалім денсаулығы бойынша жұмысқа келмегендіктен, бұл туралы біліп, балалардың сабағы босқа кетпеуі үшін тез арада басқа мұғалімді ауыстырдық. Яғни, мұндай өткізу жүйелері қауіпсіздікке ғана емес, ұйымдастырушылық шешімдерге де әсер етеді, – дейді Гүлдана Нұрсұлтан.
Заңгерлердің айтуынша, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабының 2-тармағына сәйкес, басқа тұлғалардың бейнесі бар суреттерді жариялау, пайдалану және тарату тек олардың келісімімен ғана рұқсат етіледі.
Осы орайда ата-аналар мен қоғам белсенділері жеке деректердің таралу қаупі мен мұғалімге тән емес міндеттердің жүктелуіне алаңдаушылық білдіруде.
Мәселен кейбір жағдайларда биометрия мен турникетке келгенде ата-аналардан әлі де келісім алмаған мектептер баршылық. Биометрияға қатысты келісімшарт ұсынбағандар да аз емес.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»