Білім

Мектеп формасы қалай өзгерді?

Оқу-ағарту министрлігі 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген Орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгеріс енгізді. 2022 жылдың 30 желтоқсанында қайта бекітілген бұйрық биыл 10 қаңтардан бастап қолданысқа енді.

Мектеп формасының рөлі орасан: әлеуметтік теңсіздікті жойып, тәртіпке шақырады, қолжетімділігі тағы бар. Бүгінде министрлік міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға сай түзетулерді «Ашық НҚА» порталында жариялап, талқылауға ұсынды. Нәтижесінде ата-аналардың қалауымен форма талабына бірқатар толықтырулар енгізіліп, бұйрық қабылданды.

Оқушылардың қазіргі киім үлгісі пиджак, желет, шалбар, белдемше және жейдеден тұрады. Атап айтқанда, оқушылар пиджак пен жакетті тоқылған күртеше/кардиганға (түймелері немесе сыдырмасы бар), күнделікті киетін жейдені поло жейделерге ауыстыра алады. Алайда, киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі шарт.

Айта кететін жайт, мектеп формасына қойылатын талаптар өзгерген жоқ. Тек тізімі толықтырылды және оқушыларға таңдау мүмкіндігі берілді.

– Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін айтып, қарастыруды сұраған болатын. Сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей ыңғайлы емес. Сол себепті, балама ретінде ыңғайлылырақ киіммен келуге рұқсат беру ұсынылды. Шешімді мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңесі және мектептің өзін-өзі басқару кеңесі қабылдайды. Бұл толықтырулар келесі жылы мектептерде шешім қабылдауға жеткілікті уақыт болуы үшін алдын ала басталып отыр. Бірақ, бұл мектептер бекітілген талаптарды міндетті түрде қайта қарауы керек дегенді білдірмейді. Бұл қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа. ғана», – деген болатын ҚР оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Ата-аналар мектеп формасын таңдауы түскен өндірушіден сатып ала алады.

Қыз балалардың және ұл балалардың мектеп формасы элементтеріне түймелері бар тоқылған жемпір/кардиган, поло жейде немесе футболка киюге рұқсат беріледі. Ұлдарға арналған мектеп формасына пиджак, желет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар тоқылған кардиган, поло жейде немесе футболка кіреді. Талап бойынша ер балаларға және қыз балаларға арналған шалбардың балағы ұзын және аяқтың тобығын жауып тұруы тиіс.

Ал, «ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка» деп қойылатын талап алынып тасталды. Галстук енді міндетті элемент емес. Мектеп формасына ерекше белгілерді (эмблема, басқа да орта білім беру ұйымдарының белгісі) тағуға және орналастыруға рұқсат етіледі.

Айта кетерлігі, форма матасына сапасы жақсартылған, төзімділігі жоғары, бактерияға қарсы, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн мен мақта маталарды қолданған жөн.

Мектеп формасы мәселелерін талқылауға ата-аналар мен басқа да заңды өкілдері, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылық кеңесі және ата-аналар комитеті қатысып, өз ұсыныстарын енгізе алады. Мектеп формасының стилін және белдемшенің ұзындығын таңдауды орта білім беру ұйымы және жалпы мектеп ата-анасының хаттамасымен бекітетін кеңес анықтайды.

Қарағанды мектептерінде мектеп формасының түр-түсіне келіспейтін ата-аналар мен оқушылар жоқтың қасы. Мәселен, әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияның директоры Қымбат Оспанова «Талап – баршаға ортақ» дейді. Айтуынша, қысқы тоқсанда оқушыларға (ақ түсті жемпір, т.б.) қалың киім киюге рұқсат етілген.

«Мектеп формасының түр-түсі мектеп әкімшілігімен талқыланады. Жалпы, талап – баршаға ортақ. Біздің мектептің оқушылары қара және қара көк түсті белдемше, шалбар, пиджак және ақ түсті жейде, блузка киеді. Ата-аналар тарапынан келіспеушіліктер болған жоқ. Ғимарат ішіне мектеп формасы үлгілерін арнайы стендке іліп қойдық. Мектепке жаңа келген оқушылардың ата-аналарына соны көрсетеміз. Олар балаларына сол үлгі бойынша мектеп формасын сатып алып береді», – дейді Қымбат Оспанова.

Ал, мектеп формасына енгізілген толықтыруларға көңілі толатынын айтқан ата-ана Салтанат Рахатқызы:

– Мектепте оқитын ұлдарым мен қызым бар. Оқу жылының басында дүкендерден сатып алып береміз. Мектеп формасына енгізілген өзгерістер көңілге қонды. Балаларым қара көк түсті костюм-белдемше-шалбар кигеніне еш қарсылығым жоқ. Дегенмен, жылы кардиган киюге рұқсат бергендігі дұрыс болды. Себебі, барлық мектептер бірдей жылы деп айта алмаймын. Қандай киім үлгісі болса да, мектеп тәртібі мен оқушы ережесіне сай болуы керек, – дейді.

Оқу жылының ортасына да келіп қалдық. Балаларға келгенде мұздай қатқан тоң да жібиді. Бұрын-соңды оқушылардың мектеп формасы осынша талқыланып, өзгеріске ұшырай қоймады. Ал, қазір олардың киім үлгісі заман талабына сай лайықталуда. Шынымен, мектеп формасына енгізілген өзгерістер – бала үшін жасалған оң дүние.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button