Руханият

Мейірімділік әлемді құтқарады

Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов «Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек», – деп құнды пікір қалдырған. Қазіргі техника мен ғылым қатар дамып келе жатқан заманда, оқушыларға кітап ұстату, кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру ауқымды мәселе болып тұр. Адамзаттың алғашқы кітабы да «Оқы!!!» деген сөзден басталады емес пе?!

Осы мақсатта қаламыздағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар балаларына арналған №4 жалпы білім беретін мектеп-интернатында, яғни, қайырымды шаңырақта өзін-өзі тану пәнінен әдістемелік апталық өтті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, (осы жолдардың авторы) жас жеткіншектер мен балдырғандарға адам өзін-өзі тану үшін – кітап оқу керектігін түсіндірді. Ең алдымен, сыныптар арасында «Қандай ғажап бұл ғалам» атты қабырға газеті сайысын ұйымдастырды. Сайысқа қатысқан балалар он саусағынан өнері тамған нағыз суретші екендіктерін дәлелдеді. Адамзаттың мекені болған жер шарының әсем көріністерін қағазға бейнелеп, оқушыларды таң қалдырды. Сонымен қатар, тілек ағашы ілініп, әр бала өз арман-тілектерін жазды. Шара олардың бір-біріне деген достық сезімдерін жандандырып, мейірімділік пен аңкөңілділік, жанашырлық қасиеттерін жоғарылатуға септігін тигізді. Еліміздің кемел болашағы – жастардың қолында. Болашағымыз жарқын болып, дамыған ел қатарына қосылу үшін, ұрпағымыздың бойына адамгершіліктің жоғары қасиеттерін енгізіп, әдептілікке тәрбиелеу қажет. Осы мақсатты алға тұта отырып, ( осы жолдардың авторы) 5 сынып оқушыларымен «Адамгершілік қарым-қатынас әлемі» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақтың барлық кезеңдері бүге-шігесіне дейін ойластырылып, өз мақсатына жетті. Оқушылардың жұмысынан нәтиже көрінді, яғни, олар жақсы мен жаман қасиеттерді ажыратып, қай әрекеттің адамға пайдасы мол, ал қайсысы кері әсер ететіндігін талдап, талқылады. Мұғалімнің әдіс-тәсілдерді қолдануы мен сабақты ұйымдастыруында өте жоғары қарқын байқалды. Тапсырмалар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып алынған, оқушылардың еңбегін бағалауда өзін-өзі бағалау, өзара бағалау және мұғалім тарапынан бағалаудың бірнеше түрлерін қолданды. Мұғалімнің бүкіл сабақ бойына жеті модульді шебер енгізе білгендігі көрінді. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша түзілген үздік сабақ көрсетіп, балаларды сын тұрғысынан ойлауға ынталандырды. Білім алушы жастар жұптық және топтық жұмыстарды оңай, қызықты орындады. Топқа бөлудің ең қарапайым тәсілдері алынғандықтан, сыныптағы балалардың арасында түсініспеушілік туындаған жоқ. Бұл олардың әбден бейімделгендігінің дәлелі болды.

Біздің оқушылар өмірінің басым бөлігін мектепте өткізетіндіктен, тәрбиешілердің жұмыстары үнемі басты назарда тұрады және баланың жан-жақты дамуына арнап құрылған жоспар жіті қаралып отырады. Баланы дұрыс тәрбиелеу мақсатында 8 сыныптар арасында тәрбиешілер «Өмір әдемі және таңғажайып», «Мейірімділік сағаты», «Отбасы және оның құндылықтары», «Менің бақытты отбасым» тақырыбында тәрбие сағаттарын ұйымдастырды. Онда халық ертегілері мен заманауи ертегілерден көрініс көрсету арқылы, ізгілік пен мейірімділікке бағытталған өсиеттер айтылды. Толыққанды отбасында өскен баланың көңіл-күйі мен болашаққа көзқарасы түзу болатындықтан, жастарға отбасы құндылықтарын түсіндіріп, оны орындаудың алтын ережесі ұсынылды. Сахналық қойылымдарға бастауыш сынып оқушылары белсенді қатысты, өздеріне және айналасындағыларға жоғары көңіл-күй сыйлай білді. Апталықтың соңында аса белсенділік танытқан сыныптар мен топтар салтанатты түрде марапатталды.

Ақшабақ ӘБІШЕВА,

4 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Ақмарал ТАШПУЛАТОВА,

4 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button