Бас тақырыпРуханият

Мейірім тұнған сурет

Былтыр браконерьлер қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевтің фотосы мен есімі қайта жаңғырды десе де болады. Елдің ықыласына бөленген мына сурет әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Фотода – марқұмның баласы мен немересі…

Суретті алғаш ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында жариялады. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Ерлан марқұмға деген елдің құрметі қашанда зор екенін, ердің есімі ел есінде мәңгілік екенін аңғардық жұрттың ықыласынан.

Шынымен, суретте шыныдай мөлдірлік бар. Құралайды мейірлене құшағына алған қаһарманымыздың, немересіне де төгер мейірімі мейлінше мол еді-ау… Амал нешік, қандықол қарақшылардың отына күйіп кете барды. Батырдың киік төлін қос қолымен биікке көтерген бейнесін, ұлы қаһарман немересін «сенде ұлттың бір бөлшегісің, сені биікке өрлету – менің ендігі парызым» деп жоғары көтеріп суреттеген секілді. Марқұмның ерлігі жалғыз ұлы мен немересіне ғана емес, бүтін бір ұлтқа үлгі боп қалды. Ал, әкесінің батылдығын бойтұмар еткен ұлдың бойында батылдық, ойында ұрпақ сабақтастығы деген ұлы мұраттың бары анық… «Ат тұяғын тай басар», десе де ұлына әке тағдырын бермесін, асқақ абыройын одан әрі асқаралы етуін тіледік. Әке арманы – аманаттың аяулысы. Ақбөкеннің төлі де, қаһарман атаның немересі де – тазалықтың үлгісі. Ал, тазалық Арға тән. Ұлт Арының шынайы көшірмесіне айналған мына суретте көшелі болмыстың мөп-мөлдір келбеті тұр. Бір-бірімізді, қоршаған ортаны сүюге шақырған емеурін бар.

Жанға жылу, жүрекке мейірім ұялатар парасат паралеллінің нақ өзін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік, ормандай оқырман!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button