Медицина

«Мейірім факультетінің» түлегі

Отандық денсаулық сақтау саласында елеусіз қалған дәрігер мен қызметкер бар деуге ауыз бармайды. Себебі, адам және оның өмірі, денсаулығы үшін арпалыстың қаншалықты мәнді екені айтпаса да түсінікті. Бұл арада әрбір кәнігі маманның саналы әрекеті теңдессіз мәнге ие. Көзімізге анық көрінбегенімен, адам өмірін ажалдан арашалап алуда көп нәрсе «медбике» деп аталар мейірім иелерінің қос қолында. Қай жерде мейлі, қандай жағдайда болмасын, бірде-бір дәрігер сенімді серіктерінсіз ойдағыдай қызмет атқара алмасы бесенеден белгілі. Ал, мейірбике бұл тұрғыда кез келген операцияның дұрыс ұйымдастырылуына жауап береді. Осы орайда бүгінде емделушілердің риясыз алғысына бөленіп жүрген облыстық Х.Мақажанов атындағы клиникасы травмотология және ортопедия іріңді-жарақат бөлімшесінің аға медбикесі Күміс Ибраеваның еселі еңбегі һақында аз-кем сөз етпекке бекіндік.

Сурет Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Саналы ғұмырын адам денсаулығының салауаттығына арнаған Күміс Мұхамбетбекқызы 1974 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүние есігін ашқан. 1980 жылы Қ.Нұржанов атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған бүлдіршін бос уақытында дәрігер болып ойнайтын-тұғын. Білім ордасының «тазалық санитары» болып та жүрді.

1991 жыл. Қазақстан Республи­касын жаһанға егемендігін жариялап жатқан сындарлы кез. Ақмола мем­лекеттік медицина институтының мейірбике ісі бөлімшесіне оқуға түскен ол бейне бір «Мейірім факультетіне» қабылданғандай күй кешкенін жасырмайды. Ол үшін ең бастысы – адамдарға көмектесу жолындағы кіршіксіз ақ ниет. Оның айтуынша, кәсіби медбикелер жан-жақты болуының өмірлік маңызы бар. Одан соңғысы тазалық сақтау, науқастарды күту, талдамалар алу, құжаттамамен жұмыс істеу – бәрін айна-қатесіз білуі керек.

1993 жылы оқуын табысты аяқ­таған ол алғашқы еңбек жолын ту­ған жері Ақтоғай аудандық ауруханасында рентген лаборант болып бастады. 1995 жылы Қарағанды қаласының жекеменшік дәріханасында қызмет атқарды. 1996 жылдан бастап Қарағанды облыстық Х.Ма­қа­жанов атындағы клиникасына мейірбике болып орналасты.

Қажырлы еңбегінің арқасында Күміс Мұхамбетбекқызы 2003 жылы ІІ дәрежелі мейірбике дәрежесін иеленіп, 2008 жылы жоғарғы дәреже қатарына қабылданған. 2020 жылы Қарағанды медицина университетінің академиялық бакалавр дәрежесін еншілейді. Әр жылдары «Үздік мейірбике» сынды республикалық байқаулар жеңімпазы болып танылып, Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы мүлтіксіз адал еңбегі, отандық денсаулық саласының дамуына қосқан жеке зор үлесі, жоғарғы кәсіптік жетістіктері үшін бірнеше мәрте Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл арада AMANAT партиясының атқарушы хатшысы А.Ораловтың қолынан еншіленген «Ұлт саулығының сақшысына айналып, дертке шипа іздеген жанқиярлығыңыз жо­ғары құрметке ие» деген Алғыс хаты қарапайым медбикенің өмірлік болмысын айғақтағандай.

Бүгінде аға медбике жоғары білікті жауапты маман, әріптестері арасында лайықты құрметке ие және жас мамандарға тәжірибесі мен білімін қуана бөліседі:

– Мейіргер өз жұмысын жақсы көруі, біліктілігін үнемі арттыруы және бүкіл қоғамның игілігі үшін адал еңбек етуі керек. Менің де бұл жолдағы бағыт-бағдар берген көшбасшым Марина Исмайлқызына ақжарма алғысым бар, – деп атап өтеді Күміс Ибраева.

Мейірбике – науқастың саулы­ғына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырының бірі. Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруына тікелей байланысты екені анық. Түйіндей айтқанда, медицинадағы ауыр жүкті арқалайтын негізгі буын ретінде Күміс Ибраева сынды медбикелер науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қоятын, олардың сапалы ем алуын тікелей қадағалайтын, кейінгі толқын жас мамандарды тәрбиелейтін алтын көпір іспеттес. Жұмысы қиын, тірлігі қауырт осындай мейірбике еңбегінің жемісін күнде көріп отырады. Сырқатынан сауығып, ауруханадан шығып бара жатқан жандардың жүректен шыққан жылы сөздері мен ыстық лебіздері олар үшін кез келген марапаттан артық…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button