Медицина майталмандары марапатталды
Жарты ғасырға жуық ғұмырын медицинаға арнаған Валерий Лаишев дәрігер болуды армандамапты. Керісінше, Қайрат Шакеев жеті жасында-ақ медицина саласын таңдағанын айтты. Міне, екеуі де облыс әкімінің медицина қызметкерлеріне табыстайтын сыйлығының иегері атанды. Өмірде кездейсоқ ештеңе болмайды. Медицинаға да ешкім кездейсоқ келмейді. Өмір нәрін себу екінің бірінің қолынан келмейді себебі.
Абай облысындағы оқиғаға байланысты кейінге қалдырылған медицина қызметкерлері күніндегі марапат бұрнағы күні табысталды. Салтанатты шарада кіл жүйріктер арасынан үздіктер анықталды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ең қиын, бірақ өте қажет мамандықты таңдаған барлық медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
– Бүгінде медицина саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Отандық денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер Президенттің жыл сайынғы жолдауларында, басқа да стратегиялық құжаттарда көрініс тауып келеді. Өз кезегінде жергілікті атқару органдары да медициналық нысандардың техникалық базасын нығайтып, инфрақұрылымын жақсартуға қолдау білдіреді. Мамандарды оқыту, жаңа технологиялармен қамтамасыз ету қолға алынды. Бұл аймақ медицинасының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жоғарыда сөз еткен Валерий Лаишев – Теміртау қаласының көпсалалы ана мен бала орталығы директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары, акушер-гинеколог. Бұл күні оның 44 жылғы еңбегі еленіп, «Мамандыққа адалдығы үшін» жүлдесінің иегері атанды.
– Шынымды айтсам, бұл мамандықты армандаған жоқпын. Мектеп бітіргеннен кейін Теміртаудағы бұрынғы шыны зауытында бірнеше жыл жұмыс істедім. Содан кейін Қарағанды медицина институтын бітірдім. Жолдамамен Көкшетауда үш жыл жұмыс істеп, Теміртауға оралдым. Осы жылдар ішінде қаншама сәбидің дүниеге келуіне көмектестім. Мен ешқашан осы мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін. Әлі де жұмыстамын, – дейді 70-тегі ақсақал.
Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасының хирургиялық қызмет басшысы Қайрат Шакеев кеште «Үздік хирург» аталымында марапатталды.
– 1991 жылдан бергі 32 жылда жай хирург, кезекші хирург болып еңбек еттім. Қазір бір жағы университет кафедрасының профессоры ретінде дәріс беремін, екінші жағынан хирург ретінде операция жасаймын. Оларды санаған емеспін. Күніне 5-6 операция десек, 32 жылда мыңнан асқан шығар. Бір қуанатыным, соңымнан ерген шәкірттерім бар, – дейді ол.
Ал, «Үздік санитарлық дәрігер» номинациясында жеңімпаз атанған Қазыбек би атындағы ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Бейбіт Әбжанов санитария бағытындағы мамандарға көңіл бөліне бастағанына қуанышты екенін жеткізді.
– Медициналық дипломымыз бола тұра, бір кездері біздің мамандықты басқа министрлікке бөлген еді. Енді санитариялық дәрігерлер мен эпидемиологтарды қайтадан қайтарып, оқыта бастағаны қуантады. Бүгінгі марапат – соның жемісі. Бұл әрине, үлкен мәртебе, – дейді Б.Әбжанов.
Бұдан бөлек, салтанатты кеште «Үздік акушер-гинеколог» номинациясында Абай қаласының орталық ауруханасының акушер-гинекологы Елена Нагирная, «Жалпы тәжірибе үздік дәрігері» номинациясында Қарағанды қаласы №3 емханасының жалпы практика дәрігері Дина Өтеубаева, «Үздік педиатр» номинациясында Қарағанды қаласындағы балалар ауруханасының кардиоревматологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Елена Головчик марапатталды. Сонымен қатар, Осакаров ауданы Молодежный кентінің орталық аудандық ауруханасының хирург-дәрігері Нұрлан Кәкенов «Үздік ауылдық дәрігер», Профессор Х.Мақажанов атындағы клиниканың травматологиялық орталығы қабылдау бөлімінің аға медбикесі Оксана Ғабитова «Үздік орта медицина қызметкері» номинацияларында жеңімпаз атанды. Абай ауданы орталық ауруханасы күндізгі стационарының дәрігер-терапеві Айдана Мұқанова «Үздік жас дәрігер» номинациясын жеңіп алса, Теміртау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Людмила Ким «Үздік эпидемиолог» номинациясында озық шықты.
Бұл жердегі «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік жас дәрігер» аталымдары биыл алғаш рет тағайындалғанын атап өткен орынды. Концерттік бағдарлама асында «Mezzo» вокалды тобы, Толқын Забирова, Мадина Сәдуақасова сынды белгілі өнерпаздар кеш көркін келтіріп, жиналғандардың көңілін көтерді.
Жансая ОМАРБЕК,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz