Шет

Медиация – келісім тетігі

Еліміздің ілгері дамуының бірден-бір факторы саяси тұрақтылық, адамдар арасындағы өзара сенім мен татулыққа негізделген жасампаз еңбек екені белгілі. Көпұлтты, алуан сенімдегі адамдар, түрлі әлеуметтік топтар қоғамдық келісімнің арқасында бейбіт өмір сүруде. Оны қамтамасыз ету үшін елімізде тиісті заңдардан бөлек көптеген мемлекеттік және қоғамдық институттар жұмыс жасайды. Солардың бірі азаматтар арасындағы дау-шарды сотқа дейінгі реттеу жолы. Медиация үрдісі Шет ауданында сәтті даму үстінде.

2011 жылы «Медиация туралы» Заң қабылданғалы Ақсу-Аюлы ауылы әкімінің өтінішін жерге тастамай медиатор болып тіркеліп, тиісті құжаттар өткіздік. Талап бойынша бітімгер сотты болмаған, өмір тәжірибесі мол, жасы қырыққа жеткен азамат болуы қажет. Заңгерлік білім болуы міндетті емес, алайда дауласушылардың ісі бойынша заңнын баптарын оқып-үйренуге тура келді. Бітімгер ретінде қалыптасуымызға облыстық және аудандық соттар ұйымдастырған семинарлардың берген тәлімдері көп көмектесті. Білікті мамандармен таныстық, пікірталастарға қатыстық. Заңгерлер мен психологтардың дәрістерін тыңдадық.

Медиатор дауласушы тараптарға бірдей көңіл бөліп, ара ағайын екеніне көздерін жеткізіп, оларды ортақ шешімге келуге мойын бұрғызушы, қолдан келсе табыстырып, татуластырушы тұлға. Сондықтан, екі жаққа да достық, жанашырлық сезіммен қарауың керек. Себебі, екеуі де медиациялау жүргізуде медиаторға сеніп, келісімін беріп отыр.

Медиациялық жұмыстың көзге көріне бермейтін ішкі иірімдері, әдіс, амалдары жетерлік.

Кәсіби емес медиаторлар тегін жұмыс істейді. Заңда оларға тек барып-келу жол ақысын, тамағын және медиация жүргізуге байланысты басқа шығындарын өтеу қарастырылған. Бұл жерде бітімгердің еңбегіне ақы төлеу ескерілмеген. Анығында даулы істің қалайда материалдық немесе моральдық құны бар, неге сол негізге алынбасқа? Содан да болар медиаторлық ақысыз қызметке адамдар көп бара бермейді. Тіпті, барып тұрып тастап кеткендер бар.

Медиациялаудың істері сотқа дейін барған жанжалдасушы тараптарға тиімділігі сол, олар мемлекеттік баж салығын төлемейді, адвокат жалдамайды, экспертиза жасатуға шығынданбайды, куәгер іздеп жүгірмейді. Екі жақ медиация жолымен бітімге келсе іс жасалған үш жақты шарт негізінде тоқтатылады. Ал, егер шартта көрсетілген келісімді бір жақ орындамаса немесе орындауды кешіктірсе дауды медиация жолымен реттеу шарты бұзылды деп есептеп, сотта жатқан істі қайта көтеруге және заң жолымен шешуіне құқығы бар.

Медиатор ретіндегі жұмысымның алғашқы жылдары бітімгершілікке жүгіну көп болған жоқ. Жылына небәрі 5-6 іс. Тек соңғы екі жылда дауларды медиация тәсілімен қарау күрт артты. 2016 жылы жыл бойы 16 іс қарасам, биылғы сегіз айда 14 іс сотқа жіберілмей, екі жақтың өзара келісімімен аяқталды. Өкінішке орай бітімге келмегендер де болды. Алайда олар көп емес, жылына – 2-3 іс.

Қазіргі таңда медиацияның пайдасын халық түсіне бастаған сияқты.

Өркениетті елдерде азаматтық дау-шарлардың 80 пайызы медиация жолымен шешілетінін ескерсек, бұл әдіс бізде кең жайылады деген сөз. Келешекте жанжалдасушы тараптар істерін  бірден сот орындарына ала жүгірмей, ауылындағы медиаторға шығып, келістіруін өтініп дауды оңтайлы шешіп жатса қандай ғанибет. Сондықтан дау-шарды қараушы медиатордың  өзі ортасында беделді, ауыл әкімдігінде тіркелген, құжаттары түгел азамат болуы керек. Заң бойынша медиаторлар тізімі жылда жаңартылып, бекітілуі қажет. Тізімді баспасөз бетіне жарияласа да болады.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясы  сессиясынында сөйлеген сөзі мен ұсынысын орындау мақсатында облыс әкімдігі жанынан құралған «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі ҚХА облыстық филиалының аясында барлық қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарды біріктіріп отыр. Осы мекеменің бір бөлімі облыстағы медиация ісімен тікелей шұғылдануда. Бұл қуанышты жаңалық. Бөлімнің  ұйымдастыруымен семинар, дөңгелек үстелдер өтеді.

Қоғамның ынтымағы мен бірлігі үшін жанын салып еңбек етіп жүрген азаматтар көп. Олар бұдан былай елді жарастырушы сауатты іске заңды түрде араласып, алғысқа бөленсе құба-құп.

 

Ертай ЖӘНІБЕКОВ,

медиатор.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button