Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл
Мажарстанда – Абай мүсіні
Егемендігіміздің 30 жылдығы тек елімізде ғана емес, сырт елдерде маңызды шаралар негізінде аталып өтілуде. Мәселен, Мажарстанның Лакителек халық институтында Ұлы Абай мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі мерейлі жылмен сабақтастырылды.
Мажарстанның Мемлекеттік жиналысы спикерінің орынбасары Шандор Лежактың қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға саяси қайраткерлер, академиялық және қоғамдық топтар өкілдері қатысты. Рәсім барысында Шандор Лежак Абайдың шығармашылық мұрасы батыс және шығыс мәдениетін байланыстыратынын айтты. Венгрия Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі, Экономикалық
ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Венгрия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Михай Варга Венгрия Үкіметі екі ел арасындағы ғылыми-мәдени мұра саласындағы қатынастарды «шығысқа терезе» сыртқы саяси стратегиясы аясында дамытуды жалғастыратынын атап өтті.
Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Жәнібек Әбдірашов Абайдың еңбектері халықтардың жақындасуына ықпал ететінін, ал оның рухани мұрасының арқасында мажорлық жастар қазақ даласының мәдениетімен таныса алатынына сенімін білдірді.
Өз тілшімізден.