Ресми

Мас жүргізушіге – жарты ай абақты

Көлікті мас күйінде жүргізгендер бұрын 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылатын. Ал, енді ішімдік ішіп, көлік тізгіндегендер бірден 7 жылға куәлікпен қош айысады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар ТӘЖЕНОВ мәлімдеді.

– Сонымен қатар, әкімшілік жазаның жаңа түрі енгізіледі. Яғни, мас күйінде алғаш рет ұсталған жүргізуші 15 тәулікке қамалады. Егер, жол апатын жасап, материалдық шығын келтірсе (бірақ, кісі аман болса), тұтқынға алу мерзімі 20 тәулікке созылады, – деді Асқар Тәженов.

Жүргізуші куәлігінен айырылған адам бір жылдың ішінде қайта рульге отырса, 20 тәулікке қамалып, 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал, мас күйінде ұсталса, 5 жылға дейін бас бостандығы шектеліп, жүргізуші куәлігінен мәңгіге айырылуы мүмкін. Жол апатына түскен жағдайда 8 жылға сотталады. Оқиға салдарынан кісі өлімі тіркелсе, бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылға дейін ұзарады.

– Медициналық тексерістен бас тартқаны үшін жаза күшейтілген болатын. Ондай жүргізушілер бірден 8 жылға куәлігінен айырылады. Бұрын бұл мерзім 3 жыл болған. Сосын 15 тәулікке қамалады. Бүгінде көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жаза күшейтілсе де, кейбір адамдар ондай әрекеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінбей, рульге мас күйінде отыруды қояр емес. Ондай адамдар жол апатына да жиі түседі. Осыған байланысты көлік жүргізушілерін жол жүру ережесін қатаң сақтауға, ал, қоғамдық көлікті мас күйінде жүргізу фактілері туралы бірден хабар беруге шақырамыз, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button