Руханият

Марқасқа Мартбектің мерейтойы

Керемет кештің куәсі болдық. Осы өмірден ол дүниеге ерте аттанып кеткен журналист, көсемсөздің көшбасшысындай сатирик Мартбек ТОҚМЫРЗАНЫ Қарағанды ғана емес, күллі қазақ еске алып, тебіренді десек, артық болмас… Қарымды қаламгерді еске алу мерейтойына Елордасы – Астанадан қарымды қаламгерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келіп, Мартбек Мекентайұлының рухын ардақтады.

Иә, Мартбек аға өмірден ерте өтсе де, қысқа ғана ғұмырында соңына ғибрат қалдыра алған бірегей тұлға екенін екінің бірі білмесе де, қазақ руханиятындағы ат төбеліндей аймаңдай топ біледі. Қазақ сатира өнерінің сардарларының бірі, ұлттық теледидарда ток-шоу жанрын тұңғыш таратқан тұлға да осы Мартбек ағамыз екенін бүгінгі көзі қарақты қауым жақсы білсе керек-ті. «Кешіріңіз!» деп бастайтын ұлттық сатира өнерінің өкілі әңгімесін. «Жымиясың сен неге?» атты кітабынан «Кешіріңізін» оқып өскен біз кейіннен мұқалу мен жұқарудың не екенін білмей өстік. Қазір «Қалыңыз қалай?» десе, «Рахмет! Жақсы» дейтін орынсыз сыпайылыққа қарсылық та содан туған шығар. Қазаққа туа біткен қайран асқақтық пен бекзадалық! Білмегеніңді біреуден сұрау үшін сіз одан неге кешірім сұрауға тиіссіз? Ол баста Құдай құйған қалыппен өмір сүрген қазақтың күллі асқақ болмысы осы шығармада тұрғандай сезіледі маған. «Қазақ деген Құдайдың шәкірті ғой» деген Жұматайдың сөзін біреу білсе, біреу білмейді қазір…

Журналистика жолында қазір қолға қалам алып, ел назарына екі-үш ауыз сөз жұптай алып жүрсек әуелі Алланың, одан кейін Мартбек Мекентайұлы сияқты ағалардың арқасы деп білеміз.

Кешті Қарағанды Кеншілер мәдениет сарайының ұжымы ұйымдастырған екен. Атаулы шараға ат салысқан Мартбек ағаның шәкірттері де жоқ емес. Олардың көбі бүгінде республикамыздың елеулі орындарында қызмет қылушы белгілі тұлғалар мен азаматтар. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген содан шығады.

1 сәуір – Күлкі күні қарсаңында белгілі сатирик Мартбек Тоқмырзаны еске алу кешінде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қазақ руханиятына танымал қаламгер Амангелді Кеңшілікұлы, Отанымыздың ойшыл ұлдардың озығы Омар Жәлел, қазақ журналистикасының қабырғалы өкілдерінің бірі, ұлағатты ұстаз Мейрамхан Жәпек, журналистика саласының белді өкілі Жұлдыз Тойбек қатысып, сөз сөйлеп, естелік-лебіздерін айтты. Сондай-ақ, қазақ эстрада өнерінің жұлдызы Сейіл Аяған, қазақ ұлтының классикалық ән өнерін ұстаушы, белгілі әнші Ерлан Құжиман және қазақ поэзиясының өкілдері – Серік Сағынтай, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрак келіп, қаламгерге арнаған жырларымен бөлісті.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button