Теміртау

Мамандық таңдау – маңызды іс

    Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Халықаралық Экскурсия жетекшілері күніне орай, «Жас экскурсия жетекшілерінің мектебі» атты шығармашылық семинар өтті.

Бұл басқосудың басты мақсаты «Музей ісі», «Мәдениеттану» мамандықтары бойынша білім алып, өз болашағын мәдениет саласымен байланыстырғысы келген жас буын өкілдеріне мазмұнды ақпарат ұсыну, кәсіптің қыр-сыры жайында кәсіби мамандардан кеңес алу болатын. Семинарға қаладағы орта білім беретін №16, 20, 23, 7, 19, 21, 11 орыс және №4, 5, 2, 8 қазақ мектептерінің 7-11 сынып оқушылары қатысты.

Жиынға қатысушылар Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкерлері дайындаған «Экскурсия ісінің тарихы», «Экскурсия жетекшісі мамандығы», «Аймақтың имиджі. Халықаралық туризм күні», «Экскурсияны қалай құрастырады?» деген сияқты кәсіпке қатысты ең маңызды дәрістерді тыңдай отырып, өздерін қызықтырған мамандық иелері жайында мол мағұлматтарға қол жеткізді.

Сондай-ақ, болашақ экскурсия жетекшілері орталық қызметкерлерімен еркін пікір алмаса отырып, Елбасымыздың атындағы орталықтың жұмыс барысымен, «Ғылыми-зерттеу бөлімі», «Экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімі», «Қор сақтау бөлімі» және «Экспозициялық көрме жұмыстары бөлімдерінің» атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Онда еңбек етуші мамандар жастарға қыр-сыры мол музей өмірі туралы сыр шертіп, қорда сақталған қазақ тарихына қатысты құнды құжаттар мен ғасырлық тарихы бар бағалы жәдігерлерді көрді. Бір сәт болсын өздерін аталмыш мамандық иелерінің орнына қойып Экскурсиялар жүргізді. Тарихты түгендеп, танымдарын кеңейтті. Топтың алдында жүріп, тарауы көп қазақ тарихының небір кезеңдері жайында ашық әңгімелер айтуға машықтанды.

«Экскурсия ісінің тарихы» жайындағы дәрісінде орталықтың ғылыми қызметкері Құрманшәді Оразымбетов: «Жұртшылыққа беретін тағылымы мол кәсіп жайында тереңнен сыр шертуге болады. XIX ғасырдың аяғына қарай пайда болған «музеология» термині музей ісінің дамуымен бірге қолданылып келеді. Қазіргі кездегі музейлер атқаратын жұмыстарына байланысты жәдігерді жұртқа таныстырып қана қоймай, оның тарихын зерттеп, талдап БАҚ арқылы көпшілікке дер кезінде ұсынып отыратын ғылыми институттың қызметін атқаруы керек» деген сияқты еліміздегі музей ісі үшін маңызды мәселелер төңірегінде ойларымен бөлісті.

Ал, №2 орта мектептің 11-сынып оқушысы Мақсат Тұрымов үшін бұл семинардың маңызы өте зор. Ол мамандық таңдауға кіріскенін айтты: «Қазір ҰБТ-ға дайындалып жатырмын. «Экскурсия жетекшісі» қызметіне қатысты өткен семинардан көп ақпарат алдым. Өзіміз үшін жаңа кәсіппен танысып жатырмыз. Әрі мәдениет саласына соңғы жылдары үкіметтен көп көңіл бөлініп жатқанын естідік. «ЭКСПО» көрмесіне келетін туристер де бұл саланың дамуына септігін тигізеді. Жұмыс жеңіл болғанымен үлкен жауапкершілікті, терең білімді талап ететін сала. Семинарды ұйымдастырушыларға рахмет, музей ісіне жақын тарихшы немесе мәдениеттанушы мамандықтарына түсетін шығармын», – деді.

Өздері қызыққан кәсіп жайында мамандық иелерінен мол мәліметтер алған оқушыларға Тарихи-мәдени орталықтың арнайы дайындалған сертификаты тапсырылып, іс-шара естелік суреттерге түсумен өз мәресіне жетті.

Қуаныш ТЫНЫБЕКҰЛЫ,

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының экскурсия жетекшісі.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button