Жаңалықтар

Маман даярлауда – маңызды жоба

    Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы елімізді дамудың даңғыл жолына бастар құнды құжат екені айқын. Елбасы берген тапсырманы тиянақты орындап, білім саласы да қарышты қадам жасауда. Бүгін аталған министрлікке қарайтын «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының баспасөз мәслихаты болып, елімізде үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «WorldSkills Kazakhstan» жобасы туралы кеңінен баяндалды.

– Жобаның негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту. WorldSkills өз кезегінде әлемдегі барлық кәсіптік білімнің дамуына әсер етеді. WorldSkills чемпионаты екі жылда бір рет түрлі мемлекетте өтеді. Оған 22 жасқа дейінгі колледж және университет студенттері, білікті жас мамандар, сонымен қатар, танымал мамандар, кәсіпқойлар, өндірістік оқыту шеберлері мен тапсырмаларды орындауды бағалайтын сарапшы ретіндегі нұсқаушылар қатысады. Үміткерлер WorldSkills-ке қатысушы 75 мемлекеттің өңірлік кәсіптік чемпионаттарында іріктеледі. Олар шынайылылыққа барынша жақын тапсырмаларды шеше отырып, жеке және ұжым сапасын, техникалық қабілеттерін көрсетеді. Команда нәтижелері тек қатысушылардың жеке кәсіби сапасы туралы ғана емес, сондай-ақ, жеке кәсіптік дайындық деңгейі мен қатысушылардың келген елінің қызмет көрсету сапасының деңгейі туралы мәлімет береді. 2014 жылы Қазақстан WorldSkills Ассоциациясының 70-ші қатысушы-мемлекеті болып тіркелді. 2015 жылы Қазақстанда WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионаты өткізілді. Өткен жылғы Ұлттық чемпионат нәтижесінде құрылған Ұлттық құрам мүшелері EuroSkills халықаралық чемпионатына «кірпіш қалау», «құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары», «плиткамен қаптау», «дәнекерлеу жұмыстары», «электр монтаждау жұмыстары» сынды 5 құзыреттілік бойынша қатысты. WorldSkills Kazakhstan миссиясы – кәсіптік бағдар механизмін, мамандарды даярлау, сарапшылар қауымдастығын құру және еңбек өнімділігін арттыру бойынша, халықаралық стандарттар негізінде техникалық мамандықтар бойынша өндіріс орындары саласын жоғары технологиялық мамандармен қамтамасыз ету механизмін құруға үлкен үлес қосады, – деді Білім және ғылым министрлігіне қарасты техникалық және кәсіптік білім департаментінің халықаралық жобалар және серіктестік бағдарламасының басшысы Рауза Ширгатова.

Жиын барысында «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрғали Рымғалиұлы холдингтің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

– Жаңа индустрияға ең қажеттісі – өндірістің өрісін кеңейтіп, жұмыс берушілердің талабына сай келетін мамандар. Сондықтан, біз, ең алдымен білім берудің мазмұнын жаңартуды қолға аламыз. Себебі, өндіріс – техникалық өзгерістерге сай өзгереді. Осы тұрғыда білім мазмұны да қалыс қалмауы шарт. Екінші мәселе – оқу-әдістемелік құралдармен толық қамту. Үшіншісі, сабақ беретін инженер-педагогтардың білім деңгейін арттыру және жұмыс берушілермен қоян-қолтық байланыс жасау, – деді Нұрғали Рымғалиұлы.

Сонымен қатар, дуалды оқытудың мәні мен маңызына да тоқталып өтті.

– Қазіргі уақытта еліміздегі 400-ден астам колледж дуалды оқытуды қолға алған. Бұған 2300 жұмыс орны ат салысуда. Бұл – білікті маман даярлаудағы маңызды қадам деген сөз. Сол себепті, біз биылдан бастап дуалдық оқытуға қатысатын жұмыс орындарына әдістемелік көмек көрсетіп, ат салысқымыз келеді, – деді басқарма төрағасы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button