Біздің сұхбат

“… Мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейді”

     Ветеринария саласының миссиясы және пайымдауы – жануарлардан алынатын өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эпизоотиялық жағдайларды қалыптастыру, халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бірдейлендіру бойынша дерекқорды жүргізу және жануарларға ветеринарлық паспорт беру, қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою. Осы аталған жұмыстар Қарағанды қаласында қалыпты жағдайда ма, ветеринариялық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан шаруалар туралы Қарағанды қаласы ветеринария бөлімінің басшысы Ержан БЕКЕТБАЕВТАН сұрап білген едік.

– Ержан Мысырұлы, қызмет етіп отырған бөлімнің жұмыс ауқымымен таныстырып, жалпы ветеринария саласы бойынша бірінші кезекте нені басшылыққа алатындарыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Ветеринария бөлімінде өзіммен қосқанда 10 адам қызмет атқарып жүр. Сонымен қатар, бөлімге қарасты қалалық ветеринарлық станцияда 26 адам істейді. Оның 9-ы ветеринарияның білікті мамандары. Біз 2002 жылы 10 шілдеде қабылданған, 2014 жылы 17 қаңтарда толықтырулар мен өзгертулер енгізілген Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңын басшылыққа аламыз. Нәтижеге бағытталған жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу, еліміздегі қазіргі таңдағы мемлекеттік басқару ветеринария саласындағы өзгерістер, қоғамның заманауи талаптарына сәйкес тиімді және бәсекеге қабілетті мемлекет құруға бағытталып отыр. Жалпы бүкіл ветеринария жүйесі стратегиялық мақсаттарға жетуге, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымды міндеттерін орындауға, деректі нәтижелерге жетуге биік мақсаттар қойды. Оның ішінде, бюджеттік қаражаттар ұсынылатын қызметтермен тығыз байланыста болып, оларды жоспарлау кезінде тікелей және соңғы нәтижелерге ерекше назар аударылып келеді.

– Аса қауіпті жұқпалы аурулардан сақтану мақсатында қазіргі уақытта еліміздің бірқатар аймақтарында жұмыстар жүргізілуде. Бұл тұрғыда сіздердегі алдын алу шаралары жөнінде біле отырсақ.

– «Қарағанды қаласының ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің шегінде ветеринария саласында биологиялық және ветеринарлық-санитарлық бақылауға жататын азық-түлік тағамдарының қауіпсіздігін бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыруда. Оның ішінде аймақта жануарлардың аса қауіпті ауруларынан эпизоотиялық тұрақтылықты және тамақ қауіпсіздігін қамтамсыз ету мақсатында ветеринария саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыруға күш салуда. Тарқата айтсақ, жануарларды аурулардан қорғау және емдеу, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау, заңнамамен жүктелген басқа да міндеттерді жүзеге асыруда бөлімнің жұмысы ауқымды. Осы жылы Қарағанды қаласы бойынша эпизоотияға қарсы іс-шараларға аса қауіпті аурулардан алдын алуға, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы іс-шараларға 5 млн. 073 мың теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды жүргізу бойынша іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде, бұл бағдарламаға жергілікті бюджеттен 912 мың теңге қарастырылды. Жоспарлы ветеринариялық іс-шараларды орындау барысында осы жылы бруцеллезге 25 мал анықталып, комиссияның қатысуымен санитарлық сою жүргізілді.

Азық-түлік тағамдарының қауіпсіздігі  бойынша  облыс аудандарының елді мекендерінен келіп түсетін мал өнімдерін (орнын ауыстыру) тасымалдау ережесін сақтамау, ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларының орындалмауы сынды заң талаптарын  бұзуға байланысты ішкі сауда орындарында  237 бақылау-қадағалау шаралары жүргізіліп 89 нұсқама берілді, 25 материал Қарғанды қаласының аумақтық инспекциясы ММ-не жолданып, 1554265 теңге айыппұл салынды. Осы орайда айта кетейін биылғы жылы ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес мал қорымын ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз ету үшін 15 млн. 520 мың теңге бөлінді. Бұл да, елдің қауіпсіздігі жолында жасалып жатқан оң қадамдар. Көпшілікке түсіндіру жұмыстары кестеге сай іске асырылуда. Бүгінгі күнде қала аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау (сатып алу), жаю жөнінде тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жиі жүргізіледі. Жыл басынан 271 жылқы, 178 ірі қара және 162 ұсақ малдар сырттан әкелініп, карантиндік бақылауда болды. Қарағанды қаласы аумағында эпизоотиялық жағдай тұрақты.

– Осы жерде эпизоотиялық аурулар туралы толығырақ айта кетсеңіз. Қарапайым жұрт бұл індет туралы кеңірек біле жүрсе деген ой ғой.

– Эпизоотиялық аурулар тізіміне ірі қара аурулары: сібір жарасы, аусыл, құтыру, қарасан, листериоз, ауески ауруы енеді. Сондай-ақ, жылқы малында болатын маңқа, сақау, африкалық оба, тұмау, қой мен ешкіге тән бродзот, хломидиоз, энтерооксемия, эпидидимит, дерматит аурулары да осы қатарға кіреді. Шошқада болатын шошқа обасы, африкалық оба, шошқа рожасы, гастроэнтерит, құстар арасында кездесетін құс тұмауы, ньюкасло, құс күлі, марека ауруы да осы тізімнің ішінде. Қала көшелерінде, жертөлелерде бос жүрген қаңғыбас ит-мысықтардан қауіп жоқ емес, бар.

– Өзіңіз айтып отырған қаңғыбас ит пен мысықтан келетін қауіптерге қарсы қандай әрекеттер жасалып, нақтылы нәтижелер ұйымдастырылды?

– Қаңғыбас ит-мысықтар ауылшаруашылық малдары арасында індет таратушылардың бірі болып табылады. Осыған орай жыл сайын қаладағы қаңғыбас ит-мысықтарды жоюға билік тарапынан қаржы бөлініп, қаңғыбас ит-мысықтарды жою жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыспен қалалық ветеренарлық станциясы, ветеринария мамандары айналысуда. Иттерді құтырма ауруына егу және дегельминтизация жасау,  қаңғыбас ит пен мысықтарды уақытымен аулау және жою жыл басынан бері 1719-ға орындалып мал қорымына көмілді, бұған қалалық бюджеттен 7 млн. 921 мың теңге бөлінді. Биылғы жылы қалада  жануарлар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ. Қарағанды қаласында ағымдағы жылы 9 айда 744 ит қабу жағдайлары тіркелді, өткен жылғымен салыстырғанда 40 %-ға  аз.

– Жыл сайын ауылшаруашылық малдарын жоспарлы түрде вакцинациялау алдын алу іс шаралары жүргізіліп жатқандығын атап өттіңіз. Жалпы сіздерге қарасты қанша үй жануарлары бар?

– Қазіргі есеп бойынша, 3 мың ірі қара бар. 600 жылқы, 3 мың ұсақ малдар, 800 шошқа, 24 мың құс біздің тұрақты бақылауымызға алынған.

– Адам мен жануарларға ортақ ауруларды болдырмау, алдын алу күрес шаралары. Тамақ қауіпсіздігін сақтау. Барлық қала аумағында ветеринария жұмыстардың жүйеленуі бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Ал, сырттан келетін өнімдерге сақтық шараларына қаншалықты басымдық берілген?

– Қаланың ветеринария саласындағы ағымдағы жағдайын талдау және дамуының қарқыны жоғары. «Адам дәрігері адамды емдесе, мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөз өзектілігін жойған жоқ. Мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында, ветеринария саласында мемлекеттік қызметті жақсарту және сапалы көрсету, ветеринария бөлімінің қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін көтеру, теориялық және практикалық білімдерін, білім беру бағдарламалары бойынша біліктілігі мен шеберлігін жаңалау, техникалық мүмкіндіктерін көтеру арқасында төмендегі жолдармен ветеринария бөлімінің қызметі мерзімінде орындалады. Осының нәтижесінде біздің мамандардың біліктілігі артып, кез келген қауіпті жағдайларға шара қолдана алатын кәсіби шеберлігі шыңдалды. Қарағанды қаласына қарасты 7 базар бар. Сол базарға түсетін өнімдердің қауіпсіздігін біздің мамандар күзетіп отыр. Одан бөлек, апта сайын жәрмеңке өтеді. Оны да, біздің мамандар қатаң бақылап отыр. Жақында ғана өткен жәрмеңкенің өзінде, 136 сиыр, 56 жылқы, 193 қой, 129 шошқа, 700 келі құс еті, 1 тонна 200 келі сүт өнімдері, 1 тонна, 170 келі балық, 1 тонна, 850 келі бал, 100 қорап жұмыртқа сатылымға шығарылды. Осы өнімдердің барлығын біздің мамандар жіті бақылап, ауқымды жұмыстар атқарды.

– Қала жұртшылығына айтар тілегіңіз?

– Қала тұрғындарынан Ветеринария талаптарын қатаң сақтауды сұраймын. Тамақ қауіпсіздігі – адам денсаулығының кепілі. Індетті болдырмау, оның алдын алу ауқымды жұмыс екенін тұрғындар түсінсе екен деймін. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарға қол ұшын беріп, қарапайым талаптарды сақтаса, індетсіз қауіпсіз өмір сүруге әбден болады деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан: Нұрдос КӘРІМ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button