Майлы бояудың майталманы
Суретші қаруы – бояу. Сол майлы бояуы арқылы өз дәуірі мен адам баласының аңсар-арманын бейнелейді. Мәселен, Леонардо да ВИНЧИ атақты «Монализа» туындысындағы бейненің ернін салу үшін 12 жыл уақытын жұмсапты деседі. Да Винчи сынды атақты болмаса да, таланты тау қопарар суретші бар Қарағандыда. 90 жылдық тарихы бар облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті редакторларының тұтас галереясын жасаған шеберді біреу білсе, біреу білмес. Ол – Манай ХАХАШҰЛЫ.
Студент кезімнен газет редакциясына келген сайын редакторлардың портретіне тамсана қарап, «кім салды екен?» деп ойлайтынмын. Енді, міне, сол тарихи туындылардың авторы жайлы қалам тербеп отырмын.
Бір қарағанда тұтас қабырғаны алып тұрған жай портреттер болып көрінуі мүмкін. Бірақ, ғасырға жуық уақыт «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білген «Орталықтың» қадірін түсінетін адам үшін бұл – тарих. Мұндай қайталанбас туындыларды өмірге әкелген адамның да осал болмасы анық. Өйткені, мұндағы әр редактордың мінезі, болмысы және сол дәуірдің көрінісі бейнеленген әрқайсысында.
Марқұм Мағауия Сембай ағам зейнетке шығып, кетіп бара жатқанда дайын тұрған өз портретін нұсқап, «мынаны іліңдер ұмытпай» дегені әлі есімде. Сол Мағаш ағамның суретіне қарап, оның ширек ғасырға жуық осы газеттің отымен кіріп, күлімен шыққаны, «оқырманға сапалы дүние ұсынамын» деп аласұрғаны, алдыңғы буын ағалары салып кеткен сара жолды сақтау үшін жанталасқан бүкіл болмысы келеді көз алдыма… Кейбіріңіз «осындай тарихи туындыларды дүниеге әкелген суретшіні неге білмейміз?» деп таң қалуыңыз да мүмкін. Дұрыс, білмейсіз. Себебі, табиғи таланттар ешқашан өзін көрсетуге ұмтылмайды. Олардың өзіне деген сенімі мен Құдай берген дарыны бұған жол бермейді. Сол табиғи дарынды өшіріп алмау үшін, күні-түні ізденеді, еңбек етеді. «Жамандар жақсымын деп айқайлайды, жақсылар жақсымын деп айта алмайды» демекші, түк бітірмей жатып, сұхбат беруде алдына жан салмайтындарды да көріп жүрміз. Манай ағам тұнып ағып жатқан бұлақ сияқты. Өнер алдында – ары таза, кәсібіне адал.
Манай Хахашұлы – 1958 жылы Монголия Республикасы Хобда аймағы, Хобда ауылында туған. 1966-1976 жылдары 10 жылдық орта мектебін, 1976-1980 жылда[1]ры Ұлан-Батыр қаласы Педагогика Институтының Сурет-сызу факультетінің көркем сурет мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Хобда аймағы Драма театрында суретшісі болып бастаған ол, 1981-1983 жылдары әскери борышын өтейді. Ал, 1983-1986 жылдары Хобда аймағы I 10 жылдық орта мектебінде бейнелеу-сызу пәні мұғалімі, 1986-1992 жылдары Хобда аймағы өнер мектебінде бейнелеу өнері пәні оқытушысы болып жұмыс істейді. Өз шеберлігін шыңдай жүріп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген. Аймақтық, Республикалық суретшілер көрмелерінен көрініп, 1990 жылы Хобда аймағында жеке шығармашылық көрмесін ұйымдастырған. Оның қарапайым пендеге көріне бермейтін табиғат құбылыстары мен адам жанын ашудағы шеберлігі бағаланып, 1989 жылы Монғолия суретшілер одағына мүшелікке қабылданған.
Ол Атамекеннен алыста жүрсе де, қазағын жан-тәнімен сүйді. Бұған оның Тәуелсіздік алған 1992 жылы «Ұлы көшпен» елге оралуы – дәлел. Өзімен бірге Қарағанды облысы, Шет ауданына 55 қазақ отбасын (300 адам) көшіріп әкеліп, орналастырғанын азаматтық демей көріңіз…
Қазір ол қандастардың барлығы өсіп-өніп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосуда.
Келген бойда Шет кеншарындағы 11 жылдық орта мектепке сурет және еңбек пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасып, бар білімін шәкірт тәрбиелеуге арнай[1]ды. Шәкірттері де ұстаз үмітін ақтап, біраз биікті бағындырған. Ол туралы «Заман» газетінде «Еңбек-тәрбие бастауы» тақырыбымен мақала жарық көріпті.
Адал әрі табанды еңбегі еленіп, 1997 жылы Жезқазған облыстық білім департаментінің мақтау грамотасымен марапатталған. Ал, 1992-1997 жылдары «Ұлы тұлғалар сериясы», «Шортанбай», «Бұқар жырау», «Абай Құнанбаев», «Сәкен Сейфуллин» және басқа да еңбектері жарық көріп, елдің ыстық ықыласына бөленген. 1997-1998 жылдары Теміртау қаласындағы №8 орта мектепте, 1998-2005 жылдары Қарағанды маңызды білім беретін «Болашақ» институтында, 2005-2016 жылдары Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектепте еңбек, сурет пәні мұғалімі, 2016 жылдан бері №6 орта мектепте көркем еңбек пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Манай ағамыздай жаны таза адамдардың мектепте жұмыс істеуі де заңды құбылыс сияқты. Өйткені, мектеп біріншіден киелі ошақ болса, екіншіден аңқылдап тұрған бала жанынан артық не бар жалғанда?.. Шығармашылық шабыт алуға періште жүректердің ортасы – таптырмас жер ғой.
Осылайша, шабыты шарықтай түскен табиғи дарын иесі 2001 жылы қандас бауырлардың I-фестивалінде жеке шығармашылық көрме ұйымдастырып, Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған.
Осы кезге дейін көптеген қоғам қайраткерінің портреттерін салып, шеберлігін дәлелдепті. Атап айтсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті Астана қаласындағы Заң академиясының мұражайына алынған. Жақып Ақбаев, Сейтқали Баймурзин сынды қоғам қайраткерлерінің портреті ҚарУ-дың мұражайынан, Ағыбай батыр, Арғын Нұрбай батыр, атақты күйші Аққыз портреті Ақтоғай ауданның мұражайынан, Нұркен Әбдіров портреті батырдың туған ауылындағы мұражайдан орын алды. Мұны да суретшінің талантын мойындап, еңбегін бағалау деп ұқтық. Жергілікті «Болашақ» баспасынан «Қарағанды қаһармандары» және «Жақсы Жаңғұтты» айдарымен жарық көрген тарихи көркем шығармаларды безендіріп, жанындағы тулаған қазақы рухты қағазға түсіруі – бір бөлек.
Табиғат жанрында «Сарыарқа», «Шайтан көл», «Жосалы», «Балқаш көлі», «Көктем», «Жасыбай» тақырыбында салған суреттер Орталық өнер мұражайы және ҚарУ мұражайында тұр.
Ал, «Егемен Қазақстан» жалпыұлттықРеспубликалық газетімен шығармашылық тығыз қатынаста болып, 1919-2021 жылдар аралығындағы 42 газет редакторының суретін салған. Жоғарыда айтқанымыздай облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 22 редакторының портрет галереясы редакцияның мұражайында тұр. Редакцияға келген әр адам ол туындылардың бояуы қанық, бейнесі анық екенін байқайды. ындағы нәрін берген асқар тау әке.
Ұлағатты ұстаз Светлана Шәйменқызының 2008 жылдың 15 желтоқсанында, «Өзгеріс» газетінің №12 нөмірінде жарияланған «Ізденіс жолы – ізгілік нұры» мақаласында: «Манай үлкен әкесі Хахаш пен әжесі Нұршаның тәрбиесінде болды. Хахаш ақсақал қазақтың киіз үй жабдықтарын жасаудың хас шебері болған деседі көз көргендері. Қолқанаты болып жүрген үлкен немересі Манайдың бойындағы өнерге деген құштарлығы, сұлулық сезімінің биіктігі, талғампаздығы атасының тәрбиесінен болса керек» делінген.
Байқасақ, Манай ағамызға ақсүйек өнер ананың сүті һәм атаның қанымен келген.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кейіпкеріміз, майлы бояудың майталманы қайда жүрсе де, Өнерге деген іңкәрлігі мен адалдығынан таймаған. Өйткені, ол суретсіз өмір сүре алмайды. Бейнелеу өнеріне тұтас өмірін арнаған. Оның қылқаламынан туған шаһқар дүниелерден өзінің де ішкі арпалысын көресіз. Өйткені, суретші не салса да өзі жаны мен өз дәуірінің бейнесін айнытпасы анық. Сол үшін жанын таза ұстауға тырысады. Ендеше, Манай ағаның жан-дүниесіне үңілгіңіз келсе, газетіміздің мұражайындағы оның қаламынан туған бірегей редакторлардың картиналарына үңіліңіз…
Жәлел ШАЛҚАР.