Басты тақырыпЖаңалықтарОблыс әкімі

Майқұдық жұртына – тамаша тарту

   Сәрсенбі күні Майқұдыққа кіріп-шығу мұң болды. Жол үсті сірескен көлік, көше бойлай жаяу сабылған жұрт. Себеп – жалғыз. Даңқты Геннадий ГОЛОВКИН келді. Мықтылар мекені – Майқұдықта боксшының есімі берілген спорт кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ та арнайы қатысты.

Майқұдықтағы Белинский көшесінде орналасқан кешен алдына күн еңкейе он мыңнан астам адам жиылды. Жерлестерінің Генаға деген құрметі – ерен, көңілі – кіршіксіз. Мұхиттың арғы жағында Алаш Туын асқақтатып жүрген «Қарағанды қабыланын» қошеметпен, қиқумен қарсы алды.

Кешеннің алдында ұйымдастырылған сахнаға көтерілген аймақ басшысы Ерлан Қошанов боксшыға Қарағанды халқының ілтипатын жеткізді.

Гена, сен АҚШ-та шаршы алаңға шығып, жұдырықтасып жүргенде, біз де қол қусырып, қарап отырмадық. Өзің көріп тұрған кешенді тұрғыздық. Міне, бүгін тұсаукесер салтанатында бас қостық. Бұл рәсімді сен жүзеге асыруың керек. «Алып анадан туады» деген сөз бар қазақта. Осы тамаша сәтті пайдалана отырып, сенің анаңа үлкен алғысымды білдіргім келеді. Ал, саған алдағы жекпе-жектерде сәттілік тілейміз. Бүкіл әлем сенің кезекті кездесуіңді тағатсыздана күтуде. Президентіміз бастаған қазақстандықтар әрдайым тілектес болады, – деді Ерлан Жақанұлы.

Генаның әр сөзін жанкүйерлер қауымы қошеметпен қабылдады.

Мен сіздермен бірге мына дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысқаныма өте қуаныштымын. Кешенге менің есімімді бердіңіздер. Ол үшін алғысым шексіз. Бұл нысан, тек, қарағандылықтарға ғана емес, барлық отандастарымызға қызмет ететін болады. Айта кетері, бүгінде Қазақстанда көптеген игі істер атқарылуда. Ел экономикасы өрлеп келеді. Әлеуметтік сала алға басуда. Мұның барлығы Елбасының қолдауымен жүзеге асып отыр. Барлық қарағандылықтардың, Майқұдық жігіттерінің атынан облыс әкімдігіне осындай сыйлық үшін үлкен рахмет айтамын. Енді бізде спорт үйі бар. Мұнда біз шыңдаламыз, биік белестерді бағындырамыз және шынығамыз. Дәл қазір арамызда болашақ чемпиондар, еліміздің көк байрағын халықаралық чемпионаттарда, Олимпиадада көкке көтеретін спортшылар тұрғанына сенімдімін. Мақсат қойып, әрекет ете берсең, бағынбайтын шың болмайды. Менің өмір жолымнан үлгі алып, тек, жетістікке жету үшін жұмыс жасаңыздар, – деді чемпион.

Ресми рәсімнен кейін облыс әкімі мен боксшы су жаңа нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты. Бокс секциясына жазылған өрендердің жаттығу кезіндегі өнерлерін тамашалады.

Кешен құрылысы 2014 жылы қолға алынған-ды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 874 млн. теңге қаржы жұмсалды.

Кешеннің жалпы ауданы – 2,4 мың шаршы метр. Үш қабатты. Бокс, ауыр атлетика, түрлі спорттық ойындар залдары және бассейн бар. Бір мезетте 558 бала жаттыға алады. Және бір қуанары, секциялар тегін жүргізіледі. Штаттағы 14 бапкер оларды алты спорт түрі, яғни, ауыр атлетика, бокс, жүзу, синхронды жүзу, баскетбол және волейбол ойындарына баулитын болады.

Сөйтіп, Майқұдықтағы спорттық нысандар қатары жаңа орталықпен толықты. Көмірлі шаһардың қарадомалақтары жайдары жазды Головкин кешенінде өткізетін болды. Облыс басшылығына, чемпион Генаға шаһар жұрты дән риза.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button