Мәселе

Майқұдық балалары қыс қызығынан құр қалмасын

Майқұдық орталық саябағындағы қысқы ойын алаңы жұтаң. Сапасы да сын көтермейді. Екі мың шаршы метр мұз айдыны және ағаштан соғылған балалар сырғанағы ғана бар. Балалардың алаңсыз ойын ойнап, шаттыққа бөленуіне басқа ешқандай жағдай жасалмаған. Конькиді жалға беретіндер де, оны ауыстырып киетін орын да жоқ. Ал, биыл Балалар жылы дейміз…

Суретті түсірген автор

Бұл жайлы әлеуметтік желіден Әділет Жағыпар есімді азаматтың жазбасын көзім шалып қалды. Орынды мәселе көтеріпті.

«Биылғы жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Қуанышымызда шек жоқ. Өйткені, бәріміз де бала тәрбиелеп отырмыз. Еліміз қиын күндерді артта қалдырды. Осы қиындықтарға байланысты мектеп оқушыларының оқулары шегерілді. Сондықтан да, көптеген балалар қысқы демалыста ойын алаңдарына барады. Алайда, Майқұдық саябағы сол балалардың үдесінен шыға алмауда. Шана мен шаңғы тебетін мұздар балалардың жараланып, жарақат алатындай тым тұрпайы жасалған» делінген жазбада.

Иә, бұл Майқұдық тұрғындарынан естіп жүрген уәжіміз. Мәселен, Әйгерім Даймышева есімді тұрғын да редакциямызға хабарласқан еді.

«Майқұдық – қаладан қашық. Демалыс күндері сырғанақ тепкісі келеді. Қалаға балалармен қатынау қиын. Біздің аудан үлкен ғой. Жақсылап жағдай жасаса болар еді. Өзімізде коньки жоқ. Сатып алайық десек, құны әжептәуір. Екі баламыз бар. Жалға алып тебейік десек, ол да жоқ. Қыстың ортасына келдік. Осыны ескеретін орган болса ғой», – дейді.

Қаланың орталық саябағы ертегі әлеміндегідей әдемі. Ал, Майқұдықтың саябағына сырғанақ тебуге барсаңыз, суреттен көріп, елестете беріңіз. Бастысы – бала қауіпсіздігі емес пе? Ондай қолға алынған қадамның біреуі жоқ. «Неге?» деген сұрақты Қарағанды қаласы мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Смайыловқа қойдық.

– Біз өз күшімізбен екі мың шаршы метр мұз айдынын құйдық. Былтырғы конькиді жалға беретін кәсіпкер әрі қарай жұмысты жалғастырмайтынын, ақтамайтынын айтты. Ал, вагон, коньки сатып алу үшін қаражат керек. Ол бізде қарастырылмаған. Мұз айдынын күн сайын сыпырып, қайта су құйып, жаңартып отырамыз. Жан-жағын қармен бекіттік. Жарық шамдары қойылды. Ал, келушілердің арасында тәртіп бұзатындар да бар. Коньки табанымен мұзды ойып кетеді, – дейді жауапты қызметкер.

Иә, түсінгеніміздей – балалардың қысқы ойын алаңына қолбайлау болып тұрған қаражат мәселесі. Бұл тек саябақ басшыларының ғана емес, аудан, қала әкімінің басты назарында тұруға тиіс мәселе деп ойлаймыз. Қысқасы, Майқұдық балалары қыс қызығынан құр қалмасын.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Сурет Әділет Жағыпардың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Басқа материалдар

Back to top button