«Махаббат – мәңгі ертегі…»
Адам жанын әсем күйге бөлейтін, барша сезімдердің патшасы – махаббат. Барлық ақынның жыр күнделігі осы аяулы сезімнен басталары һақ. Елімізде сәуір айының 15 жұлдызы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні, яғни, ғашықтар күні ретінде атап өтіле бастағалы біраз болды. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жұмыс істейтін «Жыр-Жауһар» поэзия клубы ғашықтар күнін мерекелеуді дәстүрге айналдырған.
Жастарды сүйіспеншілік, адалдық сияқты қасиеттермен ішкі рухани тазалыққа ден қойып, адами сезімдерді қалыптастыруды мақсат еткен аталмыш клуб қабырғасы қаланған күннен махаббат мейрамын өзгеше өткізіп жүр. Яғни, дәл осы күні «Жыр-Жауһар» поэзия клубы қабырғасында танысып, отау құрған жұптардың басы қосылып, келелі кеш өткізетін-ді. Биыл дәстүрлі арнадан сәл өзгерек.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні клуб мүшелері үшін танымдық бағытта өтті. Қатысушылар екі топқа бөлініп, қазақтың әдет-ғұрпынан, әдебиетінен әр түрлі сұрақтарға жауап іздеуге тырысты.
Жиылған жастар жалынды махаббат жырларынан шашу шашты. Гитарада шебер ойнаған Заңғар Бағдатұлы әуезді ән шырқап, көрермендердің көңілін марқайтты. Алыстан ат терлетіп, сағына келген қонағымыз Наурызбек Қазыбекұлы клубта өткен естеліктерімен бөлісіп, жастарды қиял шыңына жетелегендей…
Көрермендердің арасынан төрт жұп таңдап алынып, актерлық шеберліктері сыналатын сайысқа түсуі, өнердің киесін ұқтырғаны сөзсіз. Жеңген жұп – Данияр Тәңірберген мен Ораза-ай Майролқызы сыйлық ретінде театрдағы махаббат жайлы қойылымға билет алды.
Шара соңында ер азаматтар нәзік жандыларды махаббат биіне шақырды. «Жыр-Жауһар» поэзия клубының мүшелері жиналған барша жанды 15 сәуір – Ғашықтар күнімен құттықтай отырып, «Сүйіңіз, сүйгеніңіздің сүйіктісі болыңыз» деген тілек айтып тарқасты!