Жаңалықтар

“Made in KTL”: өнегелі өрендер ордасы

Қазіргі қоғамда «ұстаздың бе- делі түсіп кетті» немесе «мұ- ғалімнен қадірі қашты» деген түсінік бар. Тіптен, соңғы жылдары еліміздегі білім ордаларында орын алған кикілжіңдердің нәтижесінде, мұғалімін сыйламайтын оқушылар шықты. Білім саласында осыған ұқсас орынсыз оқиғалар орын алса да, қоғам болып ұстаздардың мәртебесін қайтаруға асықпыз. Осы мақсатта арнайы заң жо басы әзірленгені де белгілі. Десек те, еліміздің білім ошақтарында тер төккен мыңдаған мұғалімдердің еңбегін жо ққа шығармайтын аяулы шәкірттер көп. Сөзімізге тұздық болған мұғалімнің қадіріне жетіп, ұстазын әкесіндей әзіз тұтатын өрендердің білім ошағы бар. Ол – Қарағандыда. Оны «Қарағандылық КТЛ » (қазіргі №1 «Білім-инновация» лицей-интернаты) деген атаумен құлағыңыз шалуы мүмкін. Мұнда шәкірт жүрегіне гүл егіп, бала жанының бағбанына айналған ұстаздарға деген құрмет – ерек. Лицейдің табалдырығын аттаған адамға ізет көрсетіп, ерекше ілтипатпен қарсы алатын ізгі өренді көргенде, соңғы уақытта сиреп кеткен сыпайылықтың сақталу құпиясы қызықтырады еріксіз. Сонымен, Қарағандылық «БИЛ» жайлы…

«Әкелер клубы»

Қазіргі таңда Қарағандыда екі «Білім-инновация» лицей-интернаты бар. Ұл және қыз балаларды бөлек оқытатын екі лицей де білім мен тәрбиені қатар ұштастырған. 1993 жылы жұмысын бастаған лицейдің әуелгі мақсаты ерекше қабілетке ие оқушыларды анықтау болған. Мамандар олардың бойына адами құндылықтарды сіңіру арқылы өзін-өзі ұдайы жетілдіруді бастаған. Кейіннен салауатты өмірді ұстанатын, кез келген мәселені оңтайлы шешуге дағдыланған жаһандық тұлға қалыптастыру мақсаты көзделіпті. Осы ұстанымдарды бәрінен биік қойған мектептің алғашқы директоры Ахмет Таны және одан кейінгі түркиялық және қазақстандық басшылар білім берудің халықаралық тәжірибесін үздік отандық білім беру жүйесімен ұштастырып жұмыс істеді. «Лицейді республикадағы өзге де білім ошақтарынан даралап тұратын стратегиялық мақсат – әрбір шәкіртке дұрыс тәрбие беру» дейді № 1 «Білім-инновация» лицей-интернатының қазіргі басшысы Қанат Егенбердиев.

– Біз Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлы қағидасын ұстанымға айналдырғанбыз. Оны оқушылар да жақсы біледі. Лицейде «мұғалім – оқушы – ата-ана» бірлігін дамыту мақсатында ата-аналар академиясы құрылған. Аталған шаралар ата-аналар мен лицей арасындағы ынтымақтастықты кеңейтетінін байқадық. Ата-аналар мен оқушылар арасындағы спорт тық турнирлерді жүйелі жолға қойдық. Оқушылардың отбасы өнегесімен тәрбиеленуіне де үлкен ықпал еттік. Қазіргі таңда «Әкелер клубы» ұдайы жұмыс істейді. Ұл балалар болғандықтан, әкелердің бала тәрбиесіне белсене араласуына мүмкіндік береміз. Осылайша, алдымен тәрбиені дұрыс жолға қою арқылы білім ортасын құрамыз. Ол ортаны инновациялық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырамыз. Тәрбие мен білімді тең ұстаған оқушыларымыз отандық және халықаралық білім беру тәжірибесін тез игереді. Сондайақ, көптілді білім кеңістігіне еркін кіре алатын болады. Кейін бәсекеге қабілетті ұрпақ болып қалыптасады, – дейді Қанат Әлімжанұлы.

Үздік олимпиада командасы

 Басшының айтуынша, оқушылардың үздіксіз білім алуы үшін отандық ұстаздармен қатар шетелдік мамандар да жұмысқа тартылған. 7 сыныпқа конкурстық негізде қабылданған оқушылар алғашқы күннен бастап ағылшын тілін тереңдетіп оқиды. Қазіргі таңда 250-дей оқушы қазақ және түрік, неміс, ағылшын тілдерінде тәлім алуда. Өзге тілдерде еркін сөйлейтін оқушылары көп лицей соңғы 15 жыл бойы облыстағы «Ең үздік олимпиада командасы» танылыпты. Осы уақыт ішінде лицей шәкірттері 692 облыстық, 195 республикалық және халықаралық 237 жүлделі орынды еншілеп үлгерген. Олимпиада жеңімпаздарының жетекшісі, өткен жылғы «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы Абылай Саматов лицей ашылғаннан бері 1000-нан астам түлек бітіріп шыққанын айтады. Бүгінгі таңда лицейдің 200-ге жуық түлегі «Болашақ» және басқа да халықаралық оқу бағдарламаларымен АҚШ, Канада, Англия, Франция, Түркия, Ресей, Қытай, Жапония, Малайзия, Сингапур елдерінің университеттерінде білім алуда.

«Жетекшімізді «аға» дейміз»

Жоғарыда атап өткенімдей, лицейде мұғалімге көрсетілетін құрмет – ерекше. Білім ошағында қазақстандық және түркиялық жоғары білімді педагогтер қатар қызмет ететіндіктен, адамгершілік пен сыйластыққа басымдық берілген. Осы жерде айта кететін бір мәселе – қала мектептеріндегі мұғалімдердің 90 пайызы нәзік жандылар екенін ескерсек, лицей мұғалімдерінің басым көпшілігі ер адамдар екенін байқайсыз.

– Жетекшімізді Әби деп (Аbi – түрікшеден аударғанда «үлкен аға») атаймыз. Әбилер бізге оқу барысында ынта, сабырлылық, ізеттілік, имандылық, төзімділік қасиеттерін дамытуға көмектеседі, – дейді №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы, халықаралық 52-ші Менделеев олимпиадасының жеңімпазы Олжас Нұрпейісов.

Лицей мұғалімдері оқушылардың талабынан шығу мақсатында жылына екі рет оқуәдістемелік семинарларға қатысып, біліктілік сынағын тапсырады екен. Осылайша, кәсіби білімі мен әдістемелік шеберлігін үнемі ұштап отырады. Осыған тоқталған директордың бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Ләззат Маликова «елімізде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын педагог кадрлар жетіспейді. Сондықтан, лицей түлектерін мұғалімдік мамандыққа баулу мақсатындағы кәсіптік бағдар беру жұмысы жүйелі жүреді» – дейді. Қазіргі таңда бұрынғы шәкірттер жоғары оқу орнын тәмамдап, лицейде ұстаздық еңбек етіп жүр. Білім ордасы ұстаздарының басым көпшілігінің жастар екенін осыдан аңғарасыз.

«Ауыл оқушыларына тіл үйретеміз»

 Сол жастардан құралған лицей түлектері 2017 жылы «Made in KTL» түлектер қауымдастығын құрыпты. Соның аясында лицейге жан-жақты көмек көрсету, дарынды балаларды қолдау жұмыстары жіті жүргізілуде. «Елімнің өркендеуіне қосқан үлесім» атты ерекше қонақтармен кездесу кештерінде соңғы 3 жыл ішінде 20-дан астам «Қонақтар лекциясы» оқылыпты. Лицей басшылығы «Ауыл-қала» жобасы аясында Шет ауданы мектептерінің оқушыларын ғылыми жоба қорғауға, ҰБТ-ға дайындап, тіл үйретіп жүр екен. Лицей оқушылары алдағы уақытта да жаңа жобалар жасаудан жалықпайтынын айтады. Олардың ұстанымы «Ұстазыңды ұлықта. Өйткені, әрбір жеңісің саған дұрыс бағыт беретін ұстазыңа байланысты» дегенге саяды.

Аяулым СОВЕТ,

 

Басқа материалдар

Back to top button