Ресми

Маңызды мәселелер таразыланды

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIII сессиясында 2024 жылға арналған нақтыланған облыстық бюджет қабылданды. Сессия жұмысына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, орынбасарлары, қалалар мен аудандардың әкімдері, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, облыстық басқармалардың, департаменттердің басшылары, құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері қатысты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен өткен сессияда қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина қаржы құжатын ұсынды. 2024 жылға арналған нақтыланған облыстық бюджет жобасында түсімдер мен шығыстар бойынша өзгерістер ескерілді.

– Кірістер бойынша салық және әкімшілік айыппұлдар түсімдері, қаржы жылының басындағы бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары, сондай-ақ, 2023 жылы облыстық бюджеттен бөлінген облыс өңірлерінің толық пайдаланылмаған нысаналы трансферттерін қайтаруы ескерілді, – дейді Людмила Викторовна.

Басқарма басшысының мәліметінше, шығыстар құрамында түрлі қызметтерге қаржы қарастырылған. Олардың қатарында жеке арнаулы ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналас­тыру, әлеуметтік сала объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және жөндеуге, облыстық маңызы бар жолаушылар тасымалдарын субсидиялау, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде медициналық объектілердің құрылысын қоса қаржыландыру сияқты салалар бар.

Айта кету керек, бұл мәселе бейінді комиссиялардың кеңейтілген отырыстарында, мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында егжей-тегжейлі талқыланған. Нәтижесінде, депутаттық ескертулер мен ұсынымдарды назарға ала отырып, қаржы құжаты мәслихаттың кезектен тыс сессиясына шығарылып, оны депутаттық корпус қабылдады.

Сессия барысында сондай-ақ, қала­аралық жолаушылар көлігіндегі жаңа тариф мәселесі қаралды. Жол жүру құны электрондық төлем кезінде 80 теңгеден 100 теңгеге дейін және қолма-қол ақшамен 200 теңгеге дейін артады. Бірақ, нақты күні белгісіз.

Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов ONAY! электронды төлем жүйесін енгізгелі облыста күн сайын 320 мың сапар жасалатынын атап өтті. Оның 35 мыңы – облыс орталығы мен қала маңы арасындағы сапарлар.

– Өткен жылдың қаңтарынан электрондық төлем кезінде 80 теңге мөлшерінде сараланған тариф белгіленді. Қолма-қол төлем кезінде баға бұрынғы деңгейде сақталды. Сондай-ақ, қазір облыс орталығы мен спутниктік қалалар арасындағы маршруттардағы тарифтерді қайта қарау мәселесі қарастырылуда. Бұл жерде маршруттардағы тарифтер 2014 жылдан бастап, яғни 10 жылға жуық қолданыста болғанын атап өткен жөн. Тариф белгіленген сәттен бағалар айтарлықтай өсті. Өткен жылы дизель отынының құны 28 пайызға өсіп, 295 теңгеге жетті, – деді Мақсұт Қожанов.

Шығындарды ескергенде, бір сапарға есептік тариф 553 теңгеден 876 теңгеге дейін, ал жылдық шығындар 8,2 миллиард теңгеге дейін өскен. Бюджетке түсетін жүктемені азайту, сондай-ақ шығындарды азайту мақсатында қалааралық маршруттардағы тарифтердің қайта қаралуы содан.

Сессия соңында аймақ басшысы облыстағы өзекті мәселелерді қолдағаны үшін депутаттарға алғыс білдірді.

– Әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Бұл – аутизм орталығы, медицина қызметкерлеріне баспана, бұл – өте маңызды мәселелер. Сіздердің бүгін бюджетті қолдағандарыңызға өте ризамын. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бағдарламаларын іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастырамыз, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button