Тұлға

Мақтануға лайық дос

   Бұл өмірде досыңмен мақтану – бақыт деп білемін. Менің мақтанар достарымның бірі – бастауыш сыныптан бірге оқыған құрбым Тұрсынхан БЕРДАЛИНА. Шығармашылыққа жаны бейім досымның өлең-жырларын, әңгіме, дастан, аударма, ғылыми әдістемелерін көзі қарақты оқырман көптен біледі. Газет беттерінде басылған. Менің мұндағы мақсатым – осы көпшілік білер қырларын және бір мәрте жұрт жадында жаңғыртып өту.

Тұрсынхан Жаңаарқаның құтты топырағында дүние есігін ашқан. Есімін Тұрсынхан деп алдындағы балалар тұрмаған соң ырымдап қойған екен. Менің білуімше, Тұрсынхан – Жаңаарқа жерінен шыққан алғашқы ақын қыз. Анасы Сәлкен апайдың да өлең жазатыны болыпты.

1950 жылы бірінші сыныпқа барып, 1957 жылы Толағай жеріндегі жетіжылдық мектепті үздік бітірді. Арман жетелеп, Ақмола педтехникумына қабылданады. Оны Саран қаласынан бітіріп, 1962 жылы Қарағанды педагогикалық институтын орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша 1966 жылы тәмамдайды. Жолдамамен Жаңаарқа ауданының Ленин атындағы №1 облыс бойынша тірек мектебіне қызметке келеді. Осында жүріп бізбен бірге оқыған, ауылдас, Алматыдағы ҚМУ-нің қаржы бөлімін тәмамдаған Жанділда Шалинмен тұрмыс құрады.

1974 жылы партия нұсқауымен жолдасының қызметке ауысуына байланысты Шахтинск қаласына келеді. 1975-1982 жылдары №3 орыс мектебінде директордың орынбасары болып істейді. 1982-1983 жылдары Қарағандыдағы кооперативтік институтта қызмет атқарады. 1984-1988 жылдары №2 мектепте оқу ісін басқарады. Мектепте қосымша істей жүріп, Ленин аудандық оқу бөліміне жаңа келген О.Жылбаев деген азаматтың шақыруымен сонда қызмет жасайды. Бұл – қайта құрудың қызған кезі. Бес ауданның оқу бөлімі жабылып, бір ғана қалалық білім бөлімі қалғандықтан Совет аудандық тілдерді дамыту басқармасына жіберіледі.

1997-1999 жылдарда Алматының Абай атындағы мемлекеттік университетінде «Заманауи қазақ тілі» кафедрасында ізденуші аспирант болды.

1797-2012 жылдарда №1 орыс мектеп интернатында жұмыс жасаған. Осылайша, жоғары санатты білікті маман 51 жыл, яғни, жарты ғасырдан аса оқу-ағарту саласында қызмет атқарады.

Осы жылдарда алған марапаттары жетерлік. Оның бәрін тізіп жазу мүмкін болмас. Қалалық білім бөлімінің, Қазыбек би аудандық ардагерлер кеңесінің, облыстық білім басқармасының, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп және тағы басқа бірнеше мектеп басшыларынан алған марапаттары баршылық.

Сондай-ақ, 1994 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын алып, «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Тұрсынхан – Қазақстан Журналистер одағының және «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі. Оның 90-ға тарта мақалалары жарық көрді. 16 әдістемелік оқулықтың және бірнеше аударманың авторы. Өз шығармашылығы жинақталған 5 кітап шығарды. Қазір 2 кітабы баспада жатыр. Сондай-ақ, 3 әдістемелік оқулығы даярлық үстінде. Келешекте бірнеше аудармасы басыларына кәміл сенімдімін.

2006 жылы Тұрсынхан «Ұлы дала» әдеби, ғылыми-танымдық газеті мен «Ұлағат», «Сөз және сөйлеу» атты екі журнал шығарды. Осы тамаша басылымдар денсаулығына байланысты тоқтады. Өкінішті-ақ.

Тұрсынды оқушылары да өте жақсы көргендіктерін аңғартады. Оқушысы Хамит Жасұлан мына өлең жолдарын арнапты.

Дауыл толқын үндеседі, үндеседі,

Дауыл мен асау жел де күндес еді.

Дауыл, толқын егіз туып, бір анадан,

Сылдырлап, құйындап тілдеседі.

Дауыл, толқын қол ұстасып жүгіреді,

Жүгіреді, меңіреуліктен түңіледі.

Дауыл, толқын іздеп ақиқатты,

Өмір атты мұхитқа үңіледі, – делінген өлеңде.

Мұндай ілтипаттар жетерлік. «Ұстазға еңбегінің cәл-пәл еленуінің өзі зор қуаныш қой», – дейді ұстаз. Оқушыларының осындай ілтипаттарын жоғалтпай, жүрегінде сақтап келеді.

Иә, Тұрсынхан туралы көп жазуға болады. Одан әлі күтеріміз көп. Әрі ұстаз, әрі ақынның жұлдызы биіктен көрінетініне сенемін.

Аманкүл Әубәкірова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button