Басты тақырып

Мақсат- мыңғыртып мал бағу

Ауыл шаруашылығын өркендету – Үкімет ұстанған даму бағдарларының бірі. Дамыған агроөнеркәсіп кешенін құру – қазақстандық жарқын келешектің көкжиегі. Бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарынан ойып тұрып орын алуға бел буған Қазақстан үшін алдымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Аталған мақсатта Қарағанды облысына артылар жүктің салмағы жеңіл емес. Себебі, жер аумағымен облыстар көшін бастаған Қарағанды аймағы – ертеден мал бағып, дән сепкен ағайынның құт мекеніне айналған өлке.

Арқаның төсі малға толып келеді. Алтын масақты егін алқаптары да жыл сайын ұлғаюда. Өңірде өрлеу бар. Мұны біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметтерге қарап аңғардық.

Мәселен, биылғы жылдың алғашқы жеті айында облыс аумағында 81,1 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Өткен жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 102,5 пайызды құрап тұр.

Сүт пен ет өнімдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскен. Жеті айда 61,9 мың тонна ет, 262,8 мың тонна сүт тұтынушыға ұсынылыпты.

Мал саны артуда. Мүйізді ірі қара 1,7 пайызға көбейіп, 536,5 мыңға жетті. Оның ішінде сауын сиыр саны 268,8 мыңды құрады.

Жылқы 6,3 пайызға көбейіп, 279,6 мыңды еңсерді. Құс саны 3623,1 мыңды межеледі. Есесіне, қой-ешкінің саны 5 пайызға азайып тұр. Бүгінде облыста 1251 мың қой мен ешкі бар.

Басқарма ұсынған мәліметтерде оң жетістіктермен қатар, кемшіліктер де көрсетіліпті. Даму көрсеткіштері саябырлаған өңірлер туралы айқын айтылған. Мәселен, ет өндірісі Абай ауданында – 1,1 пайызға, Бұқар жырау ауданында – 5,1 пайызға, Осакаров ауданында – 2,3 пайызға, Шет ауданында – 0,7 пайызға және Теміртау қаласында – 37,8 пайызға төмендеген.

Бұл, біріншіден, дербес қосалқы шаруашылықтардағы ет өндірісі, екіншіден, «Астра Агро LTD» серіктестігінде – шошқа етінің, «Ақнар» серіктестігінде – құс етінің өндірілуінің азаюынан орын алып отыр.

Сондай-ақ, дербес қосалқы шаруашылықтардағы сүттің азаюынан сүт өнімдері көрсеткіші Сәтбаев қаласында – 2,6 пайызға, Теміртау қаласында – 36,2 пайызға құлаған.

Жұмыртқа өндіруде де кейбір өңірлер тиісті межені бағындыра алмауда. Аталған көрсеткіш Бұқар жырау ауданында – 7,4 пайызға, Нұра ауданында – 0,4 пайызға, Теміртау қаласында – 40,8 пайызға және Сәтбаев қаласында – 70,9 пайызға төмендеген. Бұқар жырау ауданындағы жұмыртқа өнімі көлемінің кемуі Майқұдық құс фабрикасындағы қартайған тауықтарды алмастырумен байланыстырылуда.

Ірі қараның облыстағы саны көбейгенімен, кейбір өңірлерде кері кетуде. Сөзіміз құрғақ болмасын, жеті ай ішінде Қарағанды қаласындағы сиыр саны – 0,3 пайызға, Приозерск қаласында – 6,9 пайызға, Сәтбаев қаласында – 0,4 пайызға, Теміртау қаласында – 57 пайызға, Шахтинск қаласында – 6,2 пайызға кеміген. Мұны мамандар «дербес қосалқы шаруашылықтардағы сиырдың азаюынан орын алды» деп тұжыруда.

Қой мен ешкі қарасы да кеміпті. Аша тұяқтылар жыл басынан бері Ақтоғай ауданында – 12 пайызға, Қарқаралы ауданында – 6,7 пайызға, Нұра ауданында – 5,2 пайызға, Ұлытау ауданында – 2,4 пайызға, Шет ауданында – 10,1 пайызға, Приозерск қаласында – 8,9 пайызға, Теміртау қаласында 41,3 пайызға және Шахтинск қаласында – 6,6 пайызға төмендеген.

Қазіргі таңда көптеген шаруа қожалықтары қой бағудың тиімсіздігін алға тартуда. Фермерлердің айтуынша, қой етін өткізу қиын. Және қойдың жүнін қабылдайтын орындар жоқ. Сондықтан, көпшілігі ұсақ мал санын кемітіп, ірі қара өсіруге бет бұруда.

Жылқы саны қалалық жерлерде кеміп отыр. Қарағанды қаласында – 1,1 пайызға, Теміртау қаласында – 44,9 пайызға және Шахтинск қаласында – 4,3 пайызға құлдыраған.

Сонымен қатар, құс өсіруді шектеп отырған өңірлерді атап өтсек. Алғашқы жеті айда қанаттылар саны Жаңаарқа ауданында – 1,9 пайызға, Нұра ауданында – 2,6 пайызға, Осакаров ауданында – 0,4 пайызға, Ұлытау ауданында – 0,3 пайызға, Шет ауданында – 9 пайызға, Жезқазған қаласында – 30,1 пайызға, Қаражал қаласында – 0,3 пайызға, Саран қаласында – 4,7 пайызға, Сәтбаев қаласында – 74,4 пайызға және Теміртау қаласында – 24,9 пайызға кеміген.

Осы қолдағы малдың қарасын көбейту шаралары облыстық басқарма тарапынан қарқынмен жүзеге асырылуда. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5700 бас ірі қара сатып алу жоспарланды. Жеті айда оның 1135-і сатып алынды. Ал, «Құлан» бағдарламасы аясында 1734 жылқы облыстағы шаруашылықтарға әкелінді. Сондай-ақ, «Алтын асық» бағдарламасы шеңберінде 3246 қой малы жеткізілді.

Мал басын асылдандыруда климаты біздің өлкенің ауа райына ұқсас ресейлік өндірушілерге көңіл бөлінуде. Жеті айда Ресейден 509 бас асыл тұқымды сиыр сатып алынды. Оның ішінде, Шет ауданындағы «Мейрам» қожалығы – 144, «Ақбұлақ» қожалығы – 49 сүтті бағыттағы сиыр, «Ақатан» қожалығы – 80 етті бағыттағы сиыр алды. Бұқар жырау ауданындағы «Мақсат» қожалығы – 44, «Альянс» қожалығы – 60, «Амин» қожалығы – 72 сүтті сиыр өсіруде. Бұл малға Жаңаарқа ауданындағы «Ақнияз» шаруашылығы сатып алған етті бағыттағы 60 сиырды және қосып қойыңыз.

Айтары сол, мал шаруашылығын өркендету бағытында облыс бойынша толайым шаруаның басы қайырылуда. Бірлікпен жасаған еңбектің жемісі. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау да баршылық. Міндет – сол қолдау шараларын барынша тиімді пайдалану.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button