Мағаштың күміс қаламы
Өтіп бара жатқан өмір-ай. Қаламдас дос, қимас бауыр Мағауия Сембайдан айырылып қалып, аза тұтқанымыз кеше ғана еді. Енді жылы да жақындап қалыпты. Бірақ тай-құлындай тебісіп, өмірдің небір қызық сәттерін бірге өткізген достың мұзарт шыңдай мығым, жарық күндей жарқын бейнесі әсте көмескі тартар емес. Көзіңе көріне қоймағанмен, осы төңіректің бірінде жүрген секілді… бір жаққа шығып кетіп, қайта кіріп келер секілді… Түсі суық ажалға қимағандықтан болар, көзден кетсе де көңілден кетпейтін, әрі-сәрі бір күй. Көрген түстей өте шыққан аз уақытта жақсы жүрдік, жақын араластық…
Бұдан 4-5 жыл бұрын ақын бауырым, қазіргі таңдағы «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары Ілияс Мұқай екеуіміз Мағаштың кеңсесіне бардық. Сонда «қуыс үйден құр шықпа», – деп күміс қалам сыйлаған еді. Қадірлі бұйым ретінде қорабынан қозғалмай тұрған. Кеше сол есіме түсіп, қолыма алдым. Түп иесінен түбегейлі айырылып қалғанын сезер ме екен бұл мұңлық?! Жанарыма жас, жұтқыншағыма тас тірелді. Ақ қағазға «Мағаштың күміс қаламы» – деген жазу түскен…
Мағаштың күміс қаламы,
Кеңсесіне барғанда
«Қуыс үйден құр шықпа»,
– деп қолыма тапсырған.
Мағаштың күміс қаламы;
Ақ қағазға салғанда
Төгілген жіптей ұршықтан
Өңірін жырдың қапсырған.
Мағаштың күміс қаламы,
Құндағында жата алмай,
Күретамырын керней бір
Күрең сиясы қозғалған.
Мағаштың күміс қаламы,
Ауырлығы атандай
Қозғай да қозғай шерлі ойды
Қоламтасында қоз қалған.
Мағаштың күміс қаламы,
Атқан кезде зулаған
Алғырлығы жебедей
Адырнада мүлік ұлы.
Мағаштың күміс қаламы,
Мағаштан қалған бұл қалам
«Дүние кезек» деген ғой,
Бізден де қалар бір күні.
Мағаштың күміс қаламы…
Абзал БӨКЕН,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
Алматы қаласы.