АбайАймақ

Мәжит мамандығымен мақтанады

Жүргізуші болып қырық жылдай машина айдап келе жатқан Мәжит Шоқыбаев осы мамандығымен мақтанады.

Сурет автордан

Шет ауданының бұрынғы «Шет» кеңшарында 1964 жылдың 15 қаңтарында отбасындағы сегіз баланың екіншісі болып дүниеге келген Мәжит жасынан техникаға құмар болып өсті. Ол кешегі Арқа шертпе күйінің көрнекті өкілі Сембек Айдосұлы бабасы сияқты бармағынан күй айналған дәулес­кер күйші болмады. Не бүкіл саналы ғұмырында кеңшардың бас мал дәрігері болған әкесі Мамайдың, не бухгалтер шешесі Қаданбанудың да жолын қумады. Бар есіл-дерті машинаға отырып ап, соңында будақ-будақ шаң қалдырып, желдей жүйткіген жүргізуші болу еді. Сол үшін өздері тұратын Қармыс бөлімшесіндегі айналасы екі-үш жүк машиналары жүргізушілерінің жанынан шықпай, олардан білмегенін сұрап, көңілдері түскенде машина рөлін берсе, соны ауыл ішінде әрлі-берлі жүргізгенге төбесі көкке жететін.

Кейін 1981 жылы кеңшар орталығында орта мектепті бітірген ұлдардың біразы әскер қатарына алынар алдында ДОСААФ-тың шоферлер даярлайтын курсына оқуға жіберіп, Мәжит жүргізушілік куәлігін сонда алған болатын.

Содан екі жыл Чехословакиядағы Кеңес әскерлері құрамында әскери борышын өтеп келген боз­бала туған жерінде 3-4 жылдай трактор, комбайн, К-700 тракторын да айдап, одан соң машинаның руліне біржола отырды.

Міне,содан бергі қырық жылға таяу уақытта темір тұлпардың құлағында ойнап, тақымы бір босамады. Ауыры, жеңілі бар, бұл тізгіндеп, жүргізбеген көлік түрі жоқ шығар.

Алғаш еңбек жолын өзі туып-өскен ауылында бастаған ол кезіндегі «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігіне қарасты Саран автобазасында, сегіз жылдай вахталық әдіспен Шұбаркөл, Қостанай, Ақтөбе кеніштерінде 100 тонналық үлкен жүк көліктерін басқарып, тер төкті. Сонда жапондық «Камацу» ауыр жүк көлігін де жүргізіпті. Бұл көлікке отыруға тек Мәжит секілді 6-класты жүргізушілерге ғана рұқсат берілетіні де оның қандай маман екенін аңғартса керек. Оның осынау көп жылғы еңбегі үшін алған Құрмет грамоталары мен мадақтамалары қаншама.

Осы күні Мәжит отбасымен Абай ауданының Топар кентінде тұрып, осындағы ГРЭС-те бензин тасушы машинаның жүргізушісі болып істеп келе жатқанына да бес жыл. Жұбайы Айтжамал кентте орналасқан аудандық орталық ауруханада медбике болса, көзінің ағы мен қарасындай жалғыз қызы Алуа Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Ол болашақта әкесі тәрізді жүргізуші емес, анасындай ақ халатты дәрігер болуды армандайды. Ал, Мәжиттің өзі әуелден қалап, таңдаған осы мамандығын мақтан тұтады.

– Президентіміз «Жұмыстың жаманы жоқ» дегендей, әркім өзіне ұнаған кәсібімен айналысып, содан нәтиже шығаруы керек. Мәселен, мен машинаға отырып, от алдырып, желдей жүйтки жөнелгенде көңіліме қанат бітіп, жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді, – дейді майталман жүргізуші Мәжит Мамайұлы.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай

Басқа материалдар

Back to top button