Жаңалықтар

Мұқтаж жанға мүмкіндік

Бүгіннен бастап, баспанаға мұқтаж кез келген қазақстандық «Отбасы банктің» тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының порталында есепке тұра алады. Банктің orken.otbasybank.kz порталында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тіркеу басталды. Электрондық цифрлық қолтаңба болса, жеткілікті. Тіркелесіз, өтініш бересіз, ал, жүйе сіздің баспанаға қаншалықты мұқтаж екеніңізді автоматты түрде тексереді. Егер сіздің атыңызда немесе отбасы мүшелеріңіздің атына соңғы бес жылда пәтер тіркелмеген болса, жүйе сізді тұрғын үйге мұқтаждардың тізіміне қосады. Мұндай өзгерістерге жол ашқан заң жобасы былтыр күзде қабылданған болатын. Заңдық күшіне бүгін енбекші.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Келісім беру маңызды

Өтініш берген соң 1414 нөмірінен SMS келеді. Онда жеке деректеріңізді жинауға келісім сұралады. Егер сіз бұл SMS-ке жауап бермесеңіз, өтінішіңіз мүлде қаралмайды. Демек, баспанаға жол тек жауапкершілікті азаматқа ғана ашық.

Бұл бастаманың ең басты артықшылығы – әділеттілік. Енді тұрғын үй кезегіне соңғы бес жылда атына үй тіркелмеген кәмелетке толған қазақстандықтар, жалғыз пәтері апатты деп танылған азаматтар ғана тұра алады. Бұл – нағыз мұқтаж азаматтар үшін әділ мүмкіндік.

Жоғарыда айтылғандай, егер соңғы бес жылда атыңызда пәтер тіркелген болса, немесе бұрын әкімдіктен үй алып, кейін оны жекешелендірген болсаңыз, жүйе сіздің өтінішіңізді қабылдамайды. Сондай-ақ, жалғыз апатты баспанаңыз басқа жерде болғанымен, сіз кезекке басқа өңірден тұрғыңыз келсе, бұл да бас тартуға себеп. Егер мемлекеттің қолдауымен ипотека алған болсаңыз, өтінішіңіз кері қайтарылады. Шындыққа сәйкес келмейтін құжат ұсыну баспаналы болу мүмкіндігінен біржола айырады.

Үй тегін берілмейді, бірақ, қолдау бар

«Отбасы банк» баспана кезегіне тұрған әр азаматқа үйді тегін бермейтінін ашық айтты. Бірақ, бұл қолдаусыз қаласыз деген сөз емес. Керісінше, банк сіздің әлеуметтік жағдайыңызға қарай тиімді ұсыныстар ұсынады. Олардың қатарында жалдамалы үйдің ақысын субсидиялау, әкімдіктердің арзан арендалық пәтерлері, бастапқы жарнасы аз, пайыздық мөлшерлемесі 2%-дан және 5%-дан аспайтын ипотекалық бағдарламалар бар.

Баспана жалға беріледі, бірақ, оны жекеменшікке өткізу құқығы қарастырылған.
Отбасын қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметованың айтуынша, кезекте тұрғанның артықшылығы 7-9%-бен үй алу мүмкіндігі болады. Екіншіден, ол үйді кейін өз атына аударып алу құқы бар.

– 2018 жылға дейін үй кезегінде тұр­ғандарға жалдамалы пәтерді сатып алу құқығы берілетін, алайда, содан бері бұл құқық алып тасталды. Енді осы заңмен бұл мүмкіндік қайта қайтарылады. Шаршы метріне қарай ақша төлеп, кейін жекеменшікке алады. Бұл – жақсы жеңілдік. Бұрындары келісім анасының атына жасалып, анасы қайтыс болып кетсе, балалары үй-күйсіз қалған жағдай болды. Кейін қалған сомасын төлеп, өз атына ала алады. Бұл – жақсы жеңілдік, – дейді ол.

Барлық дерек банкте

Бұрын тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың өтінішін әкімдіктер қабылдайтын. Енді бұл жауапкершілік толығымен Отбасы банкке өтеді. 2025 жылдың 24 мамырында бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылғаннан кейін әкімдіктер өздеріндегі бүкіл базаны банкке тапсырады. Бұл жұмысты олар 17 маусымға дейін аяқтауы тиіс. Еgov.kz порталы мен kezekte.kz-тегі ақпаратты тексеруге болады. ЖСН арқылы кезек нөмірін қарап, қателік болса, әкімдікке жүгінген жөн. Электронды цифрлық қолтаңба мен ұялы телефон номерінің тіркелген-тіркелмегенін де тексерген жөн.

Бұдан былай «Отбасы банк» соңғы екі жылда мемлекеттік қолдаумен баспаналы болған азаматтардың тізімін ресми сайтында жариялап отыратын болады. Бұл баспана бөлу жүйесінің, шын мәнінде, әділ әрі ашық екенін көрсетеді.

Әлеуметтік осал топтарға көмек

Бүгінде бұл санаттағы жандарға қолдау баршылық.

– Биыл әлеуметтік осал топтағы 200-ден астам адам үйлі болды, – дейді Ләззат Таймырқызы. – Мемлекет бұрын осы санаттағы адамдарға арнап үй салатын. Оның шаршы метрі арзан болғандықтан, сапасы да сын көтермейтін еді. Немесе қаланың сырт жағынан құны 10 млн теңге көлеміндегі үйлер берілетін. Енді мемлекет құрылыс компанияларының дайын үйлерін сатып алуға ақша бөлуде. Былтыр Қарағанды қаласының өзінде 500 үй сатып алуға қаражат бөлінген болатын. Бұл бұрынғыдай шаршы метріне арзан емес, 350 мың теңгеден. Ондағы көздеген мақсат – әлеуметтік осал топтарды алаламау саясаты. Бұл бір жағы құрылыс компанияларына да көмек болды.

Оның айтуынша, бұрын «Бақытты отбасы» деп аталатын 2 пайыздық ипотека қазір «Концепция» деп аталады. Облыс орталығындағы Чапаев көшесінен 180 пәтерге өтінім осы бағдарламамен ұсынылды. Бұлардың алғашқы жарналарын әкімдік береді.

Қазір әлеуметтік осал санаттар үшін пайыздық мөлшерлеме – 7%, жалпы, азаматтар үшін 9% болатын «Наурыз» бағдарламасы бар. Одан бөлек, «Отау» бағдарламасы да жасалып жатыр.
Жалпы, әлеуметтік осал топ көпбалалы отбасы, мүгедек баласы бар, бірінші топ мүгедектігі бар адамның отбасы, жетім балаларға 10 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнаны әкімдік төлейді. Сонымен қатар, осы санаттағы адамдардың үй жалдау ақысын «Отбасы банкі» өтеп беретінін де білген дұрыс. Ол үшін жалға алатын үй иесімен ресми келісім болуы керек.

– Бұл заң пәтерге қолжетімділікті арттырады. Себебі, мұнда мәртебесіне қарамастан кез келген адам баспаналы бола алады. Мәселен, жалғызбасты аналар, үшінші топ мүгедектеріне жекелеген санат болмайтын. Баспананы 10-15 жыл күтеді. Кейбірі кезекке тұрсақ аламыз деп, ауылдан көшіп келеді. Кезекке тұрсаң – күтесің. Мен өз баламды да кезекке қоямын деп отырмын, – дейді Ләззат Қожахметова.

Бүгінде Қарағанды қаласында – 19 мың, облыс бойынша 36 мың, республика көлемінде 654 мыңнан астам адам кезекте тұр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдегендей, баспана кезекке тұру күніне және өтінім берушінің табыс деңгейіне қарай ұсынылады. Баспана бірінші кезекте кезекке ертерек тұрып үлгерген азаматтар арасында бөлінеді.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button