Жаңалықтар

Мәслихат депутаттары: Колледждерге қолдау керек

«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында тек экономика мен өндірісті дамыту ғана емес, сонымен бірге, жастардың еңбекке құлшынысын арттыру көзделген. Бүгінде кәсіптің басым бөлігін игерген жастарды ел экономикасының нақты секторына тартуға бағытталған шаралар басталып кетті. Облыстық мәслихаттың арнайы отырысында депутаттар, мемлекеттік органдар, ауылдық, аудандық әкімдіктер мен кәсіпкерлер палатасының және оқу орындарының өкілдері жұмысшы маманды оқытатын аудан орталықтарында орналасқан колледждер мәселесін талқылады.

Отырысты ашқан Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжановтың айтуынша, ауылдық жерлерде тұратын жастарға аудандарда орналасқан коллеждер тарапынан қолжетімді және сапалы білім берілуде.

– Алайда, білім орындарына қатысты әлі де шешілуі тиіс бірқатар мәселелер бар. Ескірген материалдық-техникалық база, заманауи білім беретін ресурстардың, қаржыландырудың жеткіліксіздігі, жастардың қалаларға кетуі де колледж аясындағы мәселені туындатып отыр. Бұл орайда, әсіресе, ауылдық жерлердегі білім ордаларына кәсіби бағдарлау әдістерін қайта қарайтын жаңа тәсілдер қажет. Бұл әлемдік тәжірибеде болашақ маманның табысты, кәсіби және әлеуметтік бейімделуі бойынша білім беру мекемелері мен жұмыс берушілердің өзара тығыз іс-қимылына тікелей байланысты. Соның ішінде кәсіптік білім экономиканың қажеттіліктеріне және ауылдық аудандарды дамыту міндеттерін шешуге барынша бейімделуге тиіс. Кәсіпорынмен келісім аясында болашақ мамандар қажетті дағдыларды тікелей білім беру мекемелерінде алатындай ынтымақтастықтың кең жиынтығы болуы керек, – деді Нұркен Қобжанов.

Жиында білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова Қарағанды облысында 52 колледж жұмыс істейтінін, оның сегізі аудандық жерлерде екенін атап өтті. Басшының сөзіне сүйенсек, 2019 жылдан бастап, облыста ауыл шаруашылығы мамандықтарын кеңінен тарату мақсатында Agroskills және Jasagroskills облыстық чемпионаттары өткізіліп келеді. Дегенмен, ауыл шаруашылық мамандары беделінің төмендігі, практикалық оқытуды қамтамасыз ете алатын әлеуметтік серіктестердің жеткіліксіздігі, кадрлардың жетіспеушілігі және материалдық-техникалық базаны дамыту үшін жеткілікті қаржыландырудың болмауы секілді мәселелер бар.

– Колледждердегі кадрлар даярлау ісі ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету мен жөндеу, агрономия, ветеринария секілді тағы басқа 20 мамандық және 37 біліктілік бойынша жүргізіледі. Аудандық колледждерде 1385 студент білім алады, алайда, жыл сайын олардың саны 7-10%-ға азаяды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы үш жылда дуальды жүйеде оқитын студенттер саны 5%-дан 33%-ға артса, түлектердің жұмысқа орналасуы 84%-ды құрайды. Мамандарды мақсатты даярлау үшін кәсіпорындармен шарттар жасасу жалғасуда. Еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін оқу бағдарламалары жұмыс берушілер сұранысын ескере отырып әзірленеді. Кадрларды бірлесіп даярлауға 30-дан астам кәсіпорын қатысады, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда аймақта маман даярлауда Абай көпсалалы колледжі, Шет, Ақтоғай және Бұқар жырау агротехникалық колледждері жұмыс істеп тұр. Абай колледжі мен Шет агротехникалық колледжі «Жас маман» жобасына енгізіліп, оларда 495 млн. теңгеден астам сомаға материалдық-техникалық база жаңартылды. Жабдықтар тізімі WorldSkills стандарттары мен кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер палатасының ұсыныстарын ескере отырып құрылды.

Депутаттардың сөзіне сүйенсек, аудандардағы кәсіптік білім беру жүйесінде білікті мамандарды даярлау маңызды. Колледждерде білім алған жастар жұмысқа орналасып, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ықпал етеді. Осы орайда сөз алған облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин осы колледждер мәселесі төңірегінде аудандардағы білім ордаларының жұмыстарымен танысқанын атап өтті.

– Колледждерді аралаған кезде біз олардың оқу-өндірістік жүйесімен танысып, директорлармен кездестік. Бүгінгі таңда оқу орындарындағы жағдай білім беруді ұйымдастыру және жұмыс берушілермен өзара берік жұмыс жүйесі арқылы жүзеге асатынын көрдік. Студенттер үшін тәжірибе алған маңызды, дегенмен, түлектердің заманауи өндірістік талаптарға сәйкес білім алмауы секілді мәселелер бар, – деді Ерден Халилин.

Сөз алған Әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова былтыр өткен мәслихат сессиясында өңірдегі кәсіптік-техникалық білімнің жай-күйі талқыланғанын атады.

– Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында «AMANAT» партиясының форумында Оқу-ағарту министрлігі жанынан мәслихаттар депутаттарының Кеңесінде, колледждерге тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатудан өз кірістерін құруға мүмкіндік беру жөнінде мәселе көтердік. Коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуін және инфляция деңгейін ескере отырып, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін қайта қарау мәселесі де күн тәртібінде.
Білім басқармасына алдағы үш жылға арналған техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы проблемалық мәселелерді шешу жолдарын қарастыру бойынша ұсыныс берілген. Оларды жүйелі шешу үшін білім беру нысандары бөлінісінде және облыстың әрбір қаласы мен ауданы бойынша күрделі жөндеу жүргізу талаптары қаралды. Нысандарды жарақтандыруға және абаттандыруға арналған шығыстарды қаржыландыруды көздей отырып, жеке іс-шаралар жоспарын әзірлеуге ұсынымдар берілді. Мектептер жанындағы оқу-өндірістік комбинаттардың жұмысын жетілдіруге қажеттілік бар, – деді Хадиша Оспанова.

Жиында сондай-ақ, аудандық білім орындарының басшылары колледждер базасында туындаған мәселелерге тоқталды. Депутаттар оларды бірігіп шешу мақсатын талқылады.

– Бір студентке жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі мамандыққа байланысты орта есеппен 420 мың теңгені, ал жалпы сомасы – 54 млн теңгені құрайды. 2024 жылы еңбекақы төлеу қоры 189 млн теңгені құрады, коммуналдық қызметтер – 32 млн. Оқу орнының тиісті жұмыс істеуі үшін облыстық бюджеттен ай сайын қосымша қаржыландыру сұралады. Өткен жылы 123 млн. теңге бөлінді, бірақ бұл тіпті ғимаратты күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеуге және оқу шығындарына қажетті шығындарды өтеуге жетпеді. Бүгінгі таңда аудандық жерлерде орналасқан колледждерде заманауи білім беру технологиялары мен материалдық-техникалық базаның болмауы секілді мәселелер бар. Қаржыландырудың жеткіліксіз деңгейі, оқытушылардың тапшылығы да тиянақты қарастыруды қажет етеді, – деді М. Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Дамир Қожанов.

Сөз алған облыстық мәслихат депутаты Серғазы Әдекенов мал шаруашылығы саласында заманауи оқу шаруашылығын құру үшін фермалар салу, жүйені автоматтандыру үшін жабдықтар сатып алу қажет екенін атады.

– Облыста ветеринар маманға қажеттілік 93 адамды құрайды. Ауыл, аудандарға тракторшы, механизатор және агроном мамандар жетіспейді. Агроөнеркәсіпте маман тапшылығы бар. Жалпы, Қазақстанда агроөнеркәсіп маманын дайындайтын 23 жоғары оқу орны бар дегенмен, жыл сайын 2 мыңнан астам ғана студент білім алып шығады. Бірақ олардың тең жартысы басқа салаға кетеді. Жас мамандар міндетті жұмыс істеу мерзімі аяқталған соң тұрақтамайды. Салаға маман тартудың басқа да жолдарын қарастыру қажет, – деді Серғазы Әдекенов.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, сауу машиналарын дайындау, сапалы жемге қол жеткізуді ұйымдастыру және оларды өсіру үшін демонстрациялық учаскелер құру, оқытушылар мен қызметкерлерді жануарларды ұстау мен фермаларды басқарудың жаңа әдістеріне үйрету де маңызды. Осы орайда бірлесіп жұмыс істеу үшін табысты фермалармен, ғылыми орталықтармен және университеттермен серіктестік орнатқан жөн.

Б. Әбдікәрімов атындағы Нұра көпсалалы колледжінің директоры Сайран Сағымбеков те бұл пікірге қосылды. Оның айтуынша, ауылдық колледждердің материалдық-техникалық базасын дамытып, білім беру сапасын арттыру еңбек нарығында сұранысқа ие. Осы орайда инфрақұрылымды жаңғырту қазіргі заманғы өндіріс пен ғылыми-техникалық прогрестің қажеттіліктеріне бағдарлау маңызды.

– Оқу зертханаларын жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу, кәсіпорындармен әріптестік және мемлекеттік қолдау – ауылдық колледждерде тиімді білім беру ортасын құруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ауылдық аумақтарды дамытуға және олардағы өмір сүру деңгейін жақсартуға алып келеді, – деді Сайран Сағымбеков.

Депутаттар жиын соңында мәселені жан-жақты зерделеп, кәсіптік білім беруді дамыту жөніндегі жоспар енгізуді жөн көрді. Депутаттық корпус бейінді ведомстволар үшін бірқатар ұсыныстар дайындады. Әсіресе депутаттар колледждер мәселесінде ауданда білім алушылар үшін мемлекеттік гранттар мен стипендиялар көлемін ұлғайтуды алға тартты. Аграрлық жоғары оқу орындары, жетекші университеттермен бірлесіп, цифрлық дағдылары бар агромамандарды даярлау жөніндегі оқу бағдарламаларын енгізуді ұсынды.

– Оқу жағдайларын жақсарта отырып, инвестициялар тарту арқылы жұмыс берушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасау – өңірімізде жұмыс істеуге және оның өркендеуіне үлес қосуға дайын білікті мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы заң шығару жүйесінде ұсыныстарымызды қарау және есепке алу бойынша Парламентпен жұмысты жалғастырады, – деп жиынды түйіндеді Нұркен Қобжанов.

Алдағы уақытта депутаттар ұсынысы арқылы аудандағы студенттерге оқуды жұмыспен үйлестіруге мүмкіндік беретін дуальды білім беру бағдарламаларының аясы кеңеюі мүмкін. Әсіресе, колледж түлектері үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, тәлімгерлік жүйелерін енгізу және бос орындар мен кәсіби тағылымдамалар жәрмеңкелерін өткізу мәселелері күн тәртібінен түспейді.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button