Жаңалықтар

Мәскеу мен Берлин арасы – боздақтар моласы

     Бұл қырғын – Бресттен басталып, Берлинде аяқталды. img342Миллиондаған жанның ғұмырын қиған мұндай зұлмат адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған-ды. Кейін ғалымдар алапат апатқа теңеді. Осыдан 76 жыл бұрын, дәл 22 июньде фашистік Германия Кеңес Одағына соғыс бастады. Мәскеу мен Берлин арасы – боздақтар моласына айналды.

Қанды қырғын қазақты да айналып өтпеді. Аштықтан ептеп бас көтерген қазақ от пен оқтың ортасына аттанды. Мылтық алып, жауға шапты. Үшеудің екеуі кәрі құрлықтың топырағын жастанды.

Мәселен, бір ғана Қарқаралы жұрты қарала көпірден 2148 ұлын шығарып салған екен. Оның 714-і қаза тапқан. 756 боздақтың тағдырынан әлі күнге хабар жоқ. Тек, 645 жігіт қана тірі оралды. Қарала көпір үстінде қан жұтқан қауымы қарсы алды. Бірі – аяғынан айырылған, бірі – миы шайқалған. Бастысы – кеудесінде жаны бар.

Қолымызға мына ерекше сурет түсті. Бесоба ауылының азаматтары – Еркін Ебенбаев пен Сәлижан Садықов алып келді.

Бесоба, Қызылту, Қарашоқы мен Қамқордан 127 жігіт соғысқа араласыпты. Суреттегі оғыландар да солармен бірге қарала көпірден батысқа бет алған-ды. 1942 жылы. Кейбірінің соңғы суреті осы болар, бәлкім…

Еркін ағамыз бұл суретті жарты ғасыр іздегенін айтады. Жеңістің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ауылдағы мектеп мұражайына сұратып алыпты. Кейін тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда мұражай тарап, жәдігерлер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен.

Ағайынды аралап, іздестірген Ерекеңнің былтыр ғана суретке қолы жетіпті. Арасында өзінің әкесі Шәріпжан да бар. «Мен сияқты әкесінің суретін іздеп жүрген жандар бар шығар. Солар көрсе, хабарлассын деген ниетпен редакцияға арнайы келдім. Суреттегі кейбір азаматтарды жыға тани алмадық», – дейді Ерекең. Ағаның бұйымтайын құп көрдік.

Нұрқанат ҚАНАФИН.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) бірінші қатарда отырғандар: Үдеш …, Өмірәлі ЖҮНІСОВ, Әбілғаппар АУЖАНОВ, Шәріпжан ЕБЕНБАЕВ, Әндәр ҚАСЕНОВ.

Екінші қатарда: Қисмет …, Сүлеймен …, Мұқаш БҰЛАНБАЕВ, аты-жөні белгісіз.

Үшінші қатарда: Жұмаш …, Қабдырахман БӨЛЕГЕНОВ, Шөлкен ЖӘПЕЛЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button