Рухани жаңғыру

Мәртебесі биік маман

   Тоқсаныншы жылдар басындағы тоқырау ауылдағы мәдени ошақтарымызға үлкен соққы болғаны белгілі. Содан бері оңалған мәдениет үйлері мен кітапханалар көп дей алмаймыз. Соған қарамастан, аз айлықты місе тұтып, ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосуды парызым деп білген мамандар бар. Олардың жанкешті еңбегіне сырттай сүйсінесіз, риза боласыз. Бүгін солардың бірі – Жәзира Сағындық туралы айтамыз.

Жәзира Мәжмиденқызы 1969 жылы 27 қыркүйекте дүниеге келген.  Шет ауданына қарасты Нұраталды орта мектебін бітірген 1986 жылы  Қаныш Сәтбаев қаласындағы Мәдени ағарту училищесіне оқуға түседі.

Кітап оқуға құмарлық салтанат құрған сол дәуірде кітапханашы мамандығының мәртебесі де биік еді ғой. Ілім-білім іздегендерге еңбек етейін деген ниетпен Жәзира кітапханашы мамандығын алып шығады. Сөйтіп, өзінің алғашқы еңбек жолын Шет аудандық кітапханасында бастайды. 1992 жылы Нұраталды ауылының балалар кітапханасына ауысады. Иә, бұл ауылда кітапқұмар адам аз емес екен. Кітапхана өмірі қыз-қыз қайнап жатты. Алайда, көп ұзамай тоқырау жылдарының салқыны жетті ауылға. Кітапхана ұжымы қысқартуға ұшырады, олардың арасында жас маман Жәзира да бар еді. Осылайша, ол  өзінің сүйікті кәсібінен он жылға қол үзіп қалды.

2004 жылы ғана ауылдағы Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып жұмыс істей бастайды. Ал, 2006 жылы өзінің екінші үйіндей болып кеткен кітапханасына қайта оралды. 2016 жылы кітапхана меңгерушісі болып тағайындалды.

«Ауылымыздың мәдени ахуалы көз қуантарлық, жастары ұйымшыл, қарттары қазыналы. Жүрген-барған жеріміз бен қатысқан іс шаралардың барлығында ауылымыздың сол қасиетін мақтан тұтып, өзгелерге үлгі етуге тырысамыз, – дейді Жәзира Сағындық сөз арасында. –  Бүгіндері кітап оқитын жастардың қатарын көбейту және оларды кітапханаға тарту мақсатында түрлі қызықты шаралар ұйымдастырамыз. Өткен жылы сәуірде ауылымыздың қарт ұстазы әрі ақын Кәріғұл Нұғманұлының 90 жасқа толуына орай «Өмір, сені сүйгендіктен…» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырдық. Өмірінің саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған қарт ұстаз ауылымызды мақтанышы. Ауыл халқы ұстаз мерейтойына түгел жиналды».

Жәзира ұйымдастыратын шаралар мұнымен шектелмейді. Ол Ұлыстың ұлы күні Наурыздан бастап мемлекеттік мерекелерде де мектеп оқушыларының қатысуымен тағылымды шараларды қолға алады. Сондай шаралардан кейін «Ауылым тұнған тарихи шежіре», «Өлкемнің ақын-жазушылары» атты ауыл энциклопедиясы жинақталған. Жас ақындардың өлеңдерін мерзімді басылымдарға жіберіп, аудан мүшәйраларына қатыстыруды да ұмытпайды. Мәселен, 2015 жылы Шет аудандық кітапханасында өткен «Бабалардың мирасқоры – біздерміз» атты аудандық жыр мүшәйрасынан Нұраталды мектебінің 9 сынып оқушысы Бәдел Жаһаншах бас жүлдеге ие болды.   Содан кейін де Жаһаншах аудандық және облыстық жыр мүшәйраларынан жүлделі болып жүрді.

«Бүгіндері ақын баламыз Астанада білім алып жатыр. Бір баланың талантын ашуға сеп болғанымды мақтан етемін», – дейді ол.

Жәзира Сағындық ауылдағы қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Ол  Нұраталды орта мектебінде ата-аналар комитетіне жетекшілік етеді.  Кітапхана мен мектеп арасында тыным таппай жүретін Жәзираның арманы – кітапханаға келушілердің қатарын көбейту, ауылдың мәдени өмірін дамыту. Ендеше, Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласынан кейін ауылдың рухани жаңғыруына атсалысып келе жатқан Жәзира сынды азаматтардың арманы орындалар деп сенеміз.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button