Мұраптың мұраты
Кейде бала күнгі қарапайым қызығушылық, алуан сұрақ пен таңданыс – болашақ өміріңнің бағдаршамына айналуы мүмкін. Бұрын алыстан менмұндалаған зауыттың түтініне қарап, «Осы жерде не істейді екен?» деп ойлайтын шақ бәріміздің басымыздан өткені анық. Ал, бүгінде сол ғимараттың ішінде үздіксіз жұмыс ырғағына ілесіп, күш-жігерін сарп етіп жастар еңбек етуде. Солардың қатарында Қарағайлы кен байыту фабрикасында еңбек етіп жүрген жас маман Жандос Әбей де бар. Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында осы кейіпкеріміздің еңбегін жарыққа шығаруды жөн көрдік…

Жас маман 2020 жылы оқуын тәмамдағаннан кейін біршама уақыт қалада жұмыс істеген. Кейін фабрикадан хабар келіп, жұмысқа орналасады. Сөйтіп, білдей бір кәсіпорынның жас қызметкері болып шыға келген.
– Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Әрі отбасым да жанымда. Ештеңеге алаңдамаймын. Өзім осы Қарағайлының тумасымын. Кішкентайымнан фабрика жайында естіп, біліп келеміз. Тіпті, «Фабриканың ішіне кіріп көрсек қой, шіркін?!» деп таңдана қарап қойып жүруші едік. Қазір сол кішкентай арманымның бірі орындалғандай. Оқуымды тәмамдаған соң көп күтпей осында орналастым, – дейді жас маман.
Қарқаралы ауданына қарасты Қарағайлы кентінде орналасқан бұл алып өндіріс орны – өңірдің экономикалық тынысын ұстап тұрған негізгі кәсіпорынның бірі. Кәсіпорын жалпы бас корпус, ұсақтау бөлімі, көлік учаскесі және қалдық шаруашылығы деген негізгі төрт корпустан тұрады. Ал, әр корпус – күрделі үдерістің маңызды бір-бір буыны. Біздің кейіпкер осы соңғы бөлімде төрт жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келеді.
Жандос Нұрланұлының басты міндеті – бүкіл фабриканы сумен қамтамасыз ету. Сорғыларды ауыстырып, оларды майлау – жас маманның құзыретінде. Әрі су қысымын қадағалап, су деңгейін бақылау да тікелей жас маманның міндеті. Ал, егер бір сәтке су тоқтап қалса, не болатынын бағамдай-ақ беріңіз. Сондықтан, оның ісі көзге көрінбегенмен, фабрика тіршілігінің күретамыры іспетті. Оның басқан әр тетігі жүздеген тонна кеннің қозғалысын, мыңдаған адамның еңбегін алға сүйрейді.
Жұмыс орнын ауыстырып, жаңа ортаға ену – тек кәсіби емес, адами тұрғыда да маңызды өткел. Әріптестердің қабылдауы, ортаға бейімделу, кәсіби ортада өз орныңды табу – бәрі маңызды. Ал, бұл тұрғыда Жандос Нұрланұлының жолы болды. Себебі, өз сөзінде:
– Мен жұмыстағы ең кенжесімін. Жұмысқа тұрған шағымнан ортаға тез үйрендім. Себебі, мұндағы әріптестерім жақын тартып, бәрі маған көмек берді. Барлығын үйретіп, көрсетті. Жалпы, кез келген адам үшін орта ауыстыру өзіндік сынақ қой. Бірақ, керемет әріптестерімнің арқасында ортаға тез үйреніп, жылдам меңгердім, – дейді жас маман.
Жас маманның жұмысына деген жауапкершілігі, кәсіпке деген құрметі сөзінен де, ісінен де анық аңғарылады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды да ерекше қабылдайтынын жасырмады.
– Биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғаны – біз сияқты еңбек адамдары үшін үлкен қолдау, зор мотивация. Өндірісте жүрген мамандардың еңбегі еленіп, қоғамда беделі арта түссе, бұл – жастардың техникалық салаға қызығушылығын оятады деп ойлаймын. Өз басым қарапайым жұмысымды мақтанышпен атқарып жүрмін. Себебі, менің еңбегім де елімнің дамуына қосылған кішкентай үлес екенін жақсы түсінемін, – дейді Жандос Әбей.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»