Мұрагерлер марқайтты
Демалыс күні концертке бардық. Бірақ, мәселе онда емес қой. Маңыздысы – қандай концертке барғаныңда. Балалар жылы аясында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен Қарағанды қаласының музыкалық мамандандырылған мектебі бірігіп, концерт берді. Ең кереметі – мұнда музыка мектебінің талантты әнші-күйшілері өзі сүйетін шығармаларын бірлестіктің Арқа сазы ансамблінің сүйемелдеуімен орындады. Құрамында көптеген өнер қайраткері бар тұтас фольклорлық ансамбль сүйемелдеп отырды. Қатар тұрып, өнер көрсетті балалар. Оқушылар да түрлі республикалық, халықаралық байқаудың жүлдегері.
Сурет ұйымдастырушылардан
Бүгінгі бала – еліміздің ертеңі. Сондықтан, балаға инвестиция құю – аса маңызды. Жылды Балалар жылы деп атаудың өзі болашаққа алаңдауымыздың белгісі.
Концертке қатысқан өнерпаздардың жүзіндегі қуанышты көрсеңіз… Өздеріне көңіл бөлініп жатқанын, талантын шыңдауға мүмкіндік жасалып жатқанын сезбейді ғой дейсіз бе? Сезеді, әрине. Бізге де сол сезгені, мүмкіндікті пайдаланып, өз биігіне құлаш ұрғаны керек.
– Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктегі әр ұжым жылына 2-3 рет балаларға арналған концерт береді. Мұны «Мектеп филармониясы» дейді. Музыкалық мектепте оқып жүрген балалармен тығыз қарым-қатынас орнатып, Балалар жылы аясында музыкаға икемді жастарымызды қолдап, үлкен сахнаға дайындау, өнерін шыңдау мақсатында осы шараны қолға алдық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бізге осындай мүмкіндік туғызып отыр. Сәуір айында осы сияқты басқа да шаралар бар. Балалар жылымен шектелмейміз, келер жылы да жалғасады. Концерттің «Мұрагер» аталуы да – жас буынға білдірілген сенім мен үміт. Өйткені, осының бәріне ие болып қалатын ертең солар ғой, – дейді бірлестік директорының орынбасары Ғазиз Салықұлы.
Концерттің тағы бір ерекшелігі – мұнда «Маралдым», «Жеңеше-ай», «Теріскей», «Сәби болғым келеді» сынды есті әндер мен «Мұрагер», «Ыңғайкөк», «Телқара», «Ауған күйі», «Қойлыбайдың сарыны» сынды ұлттық музыка жауһарлары орындалды. Сергіп қайттық.
Домбыра, қылқобыз, сыбызғы, саз-сырнай, мандалин, жетіген, баян, примақобыз сынды көптеген музыкалық аспаптарда шебер ойнап, әуелете ән салатын жас буынды көріп, көңіліміз марқайды.
Бізді ерекше елең еткізгені – «Теріскей», «Сәби болғым келеді» әндері. «Теріскейді» орындаған Ермек Нұрпейісов «Арқа сазы» ансамблінде музыкант екен. Нағыз бесаспап.
– Мен кәсіби ансамбльдің сүйемелдеуімен алғаш рет сахнаға шықтым. Аздап қобалжыдым. Бірақ, керемет көңіл-күйде болдым. Нотадан сәл ауытқысаң, ансамбль өзі жетелеп әкетеді. Қамқорлықты сезіндім. Өзім музыкалық мамандандырылған мектепте 8 «А» сыныпта оқимын. Осындай концертке жиі қатыссақ, бойымыз үйреніп, қобалжудан арылар едік. Атақты дәстүрлі әнші болғым келеді, болашақта. «Жамал қыз», «Бастау» сынды халық әндерін орындаймын, – дейді Айбек Қасымханов.
«Шіркін-ай, осы жастардың бағытынан таймай биігін бағындырғанша қадағалап отыруға мүмкіндік болса» деп тағы уайымдадық. Себебі, осындай талантты жастар кейде амалсыздықтан той қуалап, сол деңгейде қалып қоятыны өкінішті…
– Музыка мектебінің өсіп келе жатқан дарындарын көріп, қуандық. «Сәби болғым келеді» әнін естіп, балалық шаққа бір саяхат жасап қайттық. Бір балам музыкалық мектепте оқиды. Биыл ғана бердік 1-сыныпқа, домбыра сыныбына. Жанды дауыстағы концертке не жетсін, – дейді Қарағандыдағы жетім балалар үйінің директоры Қайратбек Амантайұлы.
Ал, «Майра» әнін орындаған Ұлжан Мыңбаеваның әжесі немересінің өнеріне сүйсінгенін айтады. «Атасы, әкесі үшеуміз келдік. Бәрінің келешегі бар. Тәрбиелеп жатқан ұстаздарына мың алғыс. Қалай тәрбиеленіп жатқанын көріп, риза болдық. Өзім қажылыққа барған адаммын. Бәріне батамды бердім. Өрлей берсін, – дейді Қарлығаш Өтеулиева.
Бір таң қалғанымыз 20 нөмірге 1 сағаттан астам ғана уақыт кетті. Ұзақ-сонар өмірбаян айтып, ешкім ешкімді жалықтырған жоқ. Фонограмманы қосып қойып, ешкім сайқымазақ болған жоқ. Басталуын да ұзақ күтпедік. Бұл табиғи, саф өнердің өзіне тән бір биіктігі болса керек.
– Концертке мүмкіндік жасаған Талғат Ыдырысов ағамыз бастаған Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұжымына, «Арқа сазы» ансамбліне көп-көп рақмет айтамыз. Еліміздің атын әлемге танытып, шет елдерде концерт беріп жүрген өнер қайраткерлерімен бір сахнада өнер көрсету – үлкен мәртебе. Бұл – жігер сыйлайды. Ертең әріптестермен концертті қорытамыз, талқылаймыз. Кемшілігі де қатар айтылады. Әйтпесе, мақтай берсең кейбір әншісымақтар сияқты көкке ұшып кетіп, түспей қояды. Сын – өсіреді. Бұл балалардың артында профессор, ұстаздар қауымы тұр. Баршаңызға келгеніңіз үшін мың алғыс, – деді аталған мектеп директоры Қайырбек Илимбаев.
Жасандылықтан, күйбеңнен, өтірік әншілерден шаршасаңыз осындай тірі концертке келіп тұрыңыз…
Жәлел ШАЛҚАР.