Мәпіш ШӘРІПҚЫЗЫ: «Ұстаздық – ұлы жауапкершілік»

Танымал ұстаз, Қаз ССР оқу-ағарту ісінің үздігі, сыршыл ақын, асыл ана Мәпіш Шәріпқызының жақында жарық көрген «Соңғы қоңырау» жинағына құтты болсын айтып, кәсіби мерекесімен құттықтай барғанбыз. Әңгімеге кенелдік те қалдық. Ақтарылды. Ағытылды. Ағынан жарылды. Өткенін сағынышпен еске алып, бүгінгі қоғамға бағасын, өскелең ұрпаққа батасын берді.

90 жас! Айтары көп жас екені ақиқат. Тек қана қотарып алып, кәдеге жаратыңыз…

Шерлі күндердің шежіресі де, ұстаздың ұлы мұраты да, пенде ретіндегі өкініш-қуанышы да – Мәпіш апайдың сыр-сандығында. Ашып қараңыз, пернесін басып қараңыз… Өрісті өнеге мен келісті болмыстың сыры – «Орталықтың» сыр-сандығында. Өз қолымен Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Әлімхан Ермеков, Шапық Шокин, Жұмабек Тәшенов, Жайық Бектұров секілді ұлыларға дәм ұсынған апайдың дастарқанынан біз де дәм татып, сарқытымыздан бүгінгі «Сыр сандық» арқылы өздеріңізге сыбаға ұсындық, қадірлі оқырман.

«АЯЛАЙ БІЛГЕН АРМАН ОРЫНДАЛАДЫ»

Мәпіш апай, кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

  • Рахмет, айналайын!

– Мен әдебиетке бала күнімнен құмартып өстім. Төртінші сынып оқып жүргенімде алғашқы өлеңдерімді жазған екенмін. Мақтанғаным болмасын, бойымда азды-көпті талантым да, қабілетім де бар екенін ерте бастан-ақ сездім. Айналамдағылар да білді. Бәлкім, бағаламадық, бәлкім, ден қоймадым… Әйтеуір, әдебиетке кеш келдім. Кеш келгенде, мен жазбай-сызбай кеткен адам емеспін. Жазып жүрдім. Сезім пернелерін селт еткізген әсерлі сәттер де, жан дүниемді жадыратқан қуанышты мезеттер де өлеңге айналып, қағазға түсіп жатты. Алайда, құнттамаған екенмін. Жинамаппын.

Әдебиетке әуестігім ерте оянған дедім ғой. Бала күнімде май шамды көрпенің астына бүркеп алып, түнімен кітап оқитынмын. Бір күні анам марқұм таңертең бет-жүзімді көріп шошып кеткені бар. «Мынауың не сұмдық? Бар, айнаға қара, түріңді көр» деп, шыр-пыр болып жатыр. Өзім де шошып кеттім. Сөйтсем, көрпенің астында маздап жанған май шамның ысынан бет-аузым күйелеш-күйелеш болып кеткен екен. Әкем марқұм да «Бұл қыз бір күні өртеніп өледі» деп, күйіп-пісіп жүр. Міне, біздің білімге деген құштарлығымыз осындай деңгейде болатын, шырағым.

Әдебиетке кеш келуімнің, кеш келу емес, кеш танылуымның тағы бір себебі – тұрмыс. Отағасы Талғат Әбдіразақовты білесің. Белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы, «Қарағанды экономистерінің атасы» атанған қайраткер тұлға болды. Ғылыммен айналысты, лауазымды қызметтер атқарды. Мен өз тағдырымды сол Тәкеңе арнадым. Менің де ғылым жолына түсуіме мүмкіндігім болды. Институтты бітірген жылы ұстазым Есмағанбет Ысмайылов мені аспирантураға қалдырды. Мен болсам, Тәкеңнің етегінен ұстап, Алматыны – Қарағандыға, аспирантураны – №2 мектеп-интернатқа (қазіргі Нығмет Нұрмақов атындағы мектеп) айырбастадым да, тартып отырдым. Бірақ, өкінген емеспін. Тәкең менің тағдырыма айналды. Өкіндірген жоқ.

Осылай айналайын, менің қаламды кеш ұстауымның себептері – осындай.

  • Дәл осы шешіміңіз арманын аяламаған, мүмкіндікті бағаламаған адамның шешімі емес пе?

– Жоқ. Егер, мен өзімді Тәкеңдей қадірлеп, Тәкеңдей түсінетін, бағалап, бақытымды еселей білетін азаматтан басқа жанға жолыққан болсам, өкінішке ұрынуым мүмкін еді. Әрине, аялаған арман ғана орындалады. Талғат екеуміз өз армандарымызды аялай білдік. Ұстаздық жолда ұлы мұраттарды бағындырып, жүздеген, тіпті, мыңдаған шәкірттеріміздің ілтипатына бөлендік. Ұстаз болу менің ең асыл арманым еді. Сол арманымды аялап, мұратыма жеттім. Одан артық не керек жұмыр басты пенде үшін?!

Менің тағдырым да, өмірбаяным да – Тәкең. Мен бар мүмкіндігімді сол кісінің асыл мұраттары мен азаматтық мақсаттары жолында құрбан еттім. Оған еш өкінген де емеспін, өкінбеймін де… Пенде ретінде де, ұстаз ретінде де бақытты жанның бірімін.

  • Бәрекелді! Талғат ағамен тоқайласқан тағдырыңыз нәзік жаныңызды бақыттың бесігіне бөлеген екен. Ұстаздық жолыңыз ауыр болған жоқ па?

– Ауыр болды деп айта алмаймын. Шәкірттерінің жетістігіне марқайып, олардың ыстық ықыласына бөленген ұстаз өткен өміріне, еткен еңбегіне қанағатпен қарайды. Мен – сондай мұғалімнің бірімін. Рас, қиналған сәттерім болды. Мен Қазақтың Мемлекеттік қыздар институтын 1949 жылы бітірдім. Ол кезде Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің есімі қазақ әдебиетінде аталмайды. Кейін елуінші жылдардың ортасында қазақтың үш арысы ақталды. Еш жерде кітаптары жоқ. Бірақ, бізге осы классиктердің еңбектерін оқу бағдарламасына енгізіп, оқыту міндеттелді. Сол кезде аяулы арыстардың асыл мұраларын тауып, оқыту ісінде көптеген қиындықтарға тап келдік. Мақсатшылдығымыздың арқасында оны да жеңдік. Ұстаздық ету – ұлы жауапкершілік.

«ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ӘДЕБИЕТІ ТӨРДЕН ЫҒЫСЫП БАРА МА ДЕП АЛАҢДАЙМЫН»

Қазақтың Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек секілді марқасқалары Сәкендерден көп кейін ақталды.

Сіз қазақ әдебиетінде осындай есімдердің барын білдіңіз бе?

– Білдім. Біліп жүрдік. Бірақ, оларды оқу тұрмақ, атын атауға тыйым салынған уақыт еді ғой ол кезең. Мен Мағжанның «Батыр Баян» дастанын студент шағымда қолжазбадан оқыдым. Қалаға ерте кеткен Балпан Төлеубаев деген туған нағашым бар еді. Алматыда тұратын. Сол кісі бір күні қолыма қолжазба ұсынып: «Мәпіжан, әдебиетші боламын деп жүрсің ғой, мынаны оқып көрші. Бірақ, ешкімге көрсетпей, құпия ұста.

Абай бол», – деді. Алып қарасам, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» атты дастаны екен. Оқып шықтым. Керемет әсерде болдым. Өлең үйлесіміне, тілінің шұрайына таң қалдым. Сол кезден бастап, Мағжанды таныдым. Басқа дүниелерін оқысам деген құмарлығым оянды. Әттең, ол кезде қолға түспеді.

  • Әдебиетші ұстаз ретінде, өзіңіз жылдар бойы оқытқан қазақ совет әдебиетінің деңгейі жайлы пікіріңіз қандай?

– Қазақ совет әдебиеті – өзінің дәуірінде өз миссиясын толық атқара алған, деңгейлі әдебиет. Өзіне тиесілісін берді. Тек қана, кеңестік идеология цензурасының теперішін көп көрді. Десек те, кеңес цензурасының талабы қазақ қаламгерлері шығармаларының идеялық мазмұнына ықпал еткен шығар, көркемдік деңгейіне нұқсан келтіре алмады. Бір ғана Әуезовтің «Абай жолын» алыңыз…

Құнанбайды үстем тап өкілі етіп көрсеткенімен, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің атын атай алмағанымен, ұлы Абайды әлемге танытып кеткен жоқ па?! Осы тұрғыдан алғанда, сол дәуірдегі қазақ әдебиеті жауһарларының барлығы тағдырлас болды. Поэзияда Қасымды алайық. «Дауылдай өртке тиген өлеңімен» қазақ өлеңін қандай деңгейге көтеріп кетті. Қасымға да Орталық Комитет қырын қараған. Көп өлеңі редакцияланған. Бәрібір, Қасым жырының түпнұсқасында қазақтың болмысы, өр рухы тұрды. Цензура оны да өшіре алған жоқ.

– Бүгінгі мектепке оралайық… Қазіргі оқу бағдарламасында Сіз дәріс берген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сағаты қысқарып жатыр. Мен үшін қазақ тілі мен әдебиеті – ұрпақты ұлттық болмыс негізінде тәрбиелеп, бойына ұлттық рухтың сөлін сіңіріп отырған негізгі пәндер. Ал, олардың қағажу көріп, өгейлікке тап келіп отырғанына алаңдайсыз ба?

– Байырғы ұстаз ретінде, мен бұл мәселеге бар жан-тәніммен алаңдаймын. Тіпті, қазақтың төл әдебиеті төрден ығысып бара жатқандай көрінеді маған. Рас, қазіргі мектеп бағдарламасынан хабарым кемшін. Бірақ, естіп отырмыз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін қосып оқыту деген сұмдықты шығарып жатыр екен. Бұл – тарихи қателік. Қашаннан екеуі екі пән болып оқытылып келеді, солай болып қалуы керек. Сағаттары қысқарып жатыр екен. Ол да – үлкен қателік. Қателік болғанда да, ұлтқа жасалып отырған қастандық деуге тұрарлық қателіктер. Мен айтар едім, қазақ тілі мен әдебиеті жеке-жеке пән ретінде әрқайсысы аптасына төрт сағаттан оқытылуы керек. Ұстаз ұрпақты тәрбиелесе, әдебиет ұлтты тәрбиелейді емес пе?! Сондықтан, мектеп бағдарламасындағы тіл мен әдебиетке қатысты соны өзгерістерді мен қабылдамаймын. Қазақтың әдебиеті телегей теңіз ғой. Не оқыта береміз дейтін емес. Тарихымызда есімдері елеулі ақын-жырау, би-шешендердің барлығының мұрасын оқу бағдарламасына енгізіп, солардан бастап, бүгінгі әдебиет өкілдеріне дейін қамтылу керек деп ойлаймын.

«ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН»

  • Әлгінде «Тәкең – менің тағдырым, өмірбаяным» деп қалдыңыз. Ғалымдығын айтпағанның өзінде, Талғат Әбдіразақов – ұлтын сүйген қайраткер тұлға. Мәскеудің биік мінберінен қазақ жастарының енжарлығы өткір сыналған тұста араша түсемін деп, қудалауға түскенін де білеміз. Қайраткердің күрделі тағдырына қолдау көрсете алдыңыз ба?

– Шамам келгенше, қолдап, демеп отырдым. Тәкең – жетім өскен, жалғыз жігіт. Алдында – аға, артында – іні болған жоқ. Балалар үйінде тәрбиеленген. Тағдырлы жан еді. Қан майданнан ауыр жараланып, елге оралған соң, тек қана халыққа қызмет етті. Адалдығынан айнымады. Бірбеткей, өткірлігінен көп зардап шекті. 1953 жылы Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Тың игеру науқаны қызу жүріп жатқан кезең. Үйдегіден түздегісі көп. Қазақстанға Одақтың түпкір-түпкірінен жастар ағылып келіп жатты. Арасында еңбекқоры да, енжары да, ішімдікке үйірі де, жалқауы да бар. Солардың барлығының тұрмыстық проблемасын шешу, жастар арасындағы моральдық-психологиялық ахуалды тұрақтандыру деген секілді қым-қуыт шаруаның барлығы – комсомолдың жауапкершілігінде. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық комсомол съезіне Қазақстаннан сайланған 40 делегатты бастап барып, Қазақстан жастарының коммунистік құрылысқа деген енжарлығы жөн-жосықсыз сынға алынған сәтте шыдамай кеткен Тәкең мінберге шығып, қазақ жастарына араша түскені ғой – сенің айтып отырғаның. Иә, ондай жағдай болған. Ол туралы мен кітаптарымда жазғанмын. Сол съезден келгеннен кейін көпке бармай, қызметімен қош айтысты. Қазіргі Атырау, кезіндегі Гурьев қалалық партия комитетіне үшінші хатшы қылып жіберді. Мойыған жоқ. Қайта жігерлене түсті. Сол жылдары партия-кеңес жұмысына көңілі қалды ма, әйтеуір, ғылымға бет бұруға тәуекел етті. Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар Академиясының аспирантурасына түсіп, салт жүріп оқыды. Алты жыл оқыды. Жас отбасы үшін аз уақыт емес қой.

Кеңестік жүйенің Тәкеңе көрсеткен теперіші комсомолдан кеткеннен кейін сап тыйылды деп айтуға болмас. Қарағанды кооперативтік институтында ректор болып жүрген шағында да, ҚарМУ-дың экономика факультетінің деканы болып жүрген кезінде де жалғасты. Өзі де қарап жүрмейді. Ақиқатын айтамын деп, жоғарыға жақпай қалады. Бірде жұмыстан тұнжырап, көңілсіз келді. Сөйтсем, Қазақстан ОҚ хатшысы Н.Жан-ділдин қала интелегенциясымен кездесу өткізіп, сол жиында Қазақстандағы бес облыстың қазақ тілінде шығатын газеттерін жабу жөнінде мәселе көтерілген екен. Әйтеуір, Қарағандының газеті аман екен бұл тізімнен. Сонда да, біздің Тәкең әлгі бес облыстың қазақ газеттері үшін елдің алдына шығып, айтарын айтып салған. Осындай өткір пікірлері арқылы «саяси сенімсіздер» тізіміне еніп, үнемі бақылауда жүрді.

Кооперативтік институтта ректор болып жүрген кезінде де «Әбдіразақов өзі де жемейді, бізге де жегізбейді» деп Тәкеңмен ерегіскен топ үстінен «домалақ арыз» бұрқырап жатты. Ақыры, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» Тәкеңді тұқыртқысы келгендердің оң жамбасына келе қалып, «институтта қазақ студенттердің үлес салмағы басым» деген желеумен ректорлықтан шығарып тынды.

Қайта, өзінің сабыры, парасаты жеңіп шығатын. Әлгіндей шаруаларға күйгелектеніп, жүйке тоздыра қоймайтын-ды. «Жарайды, бас аман болсын. Берген қызметін атқара берерміз» дейтін де, сырттағы эмоцияны үйге әкеліп, отбасының берекесін қашырмайтын еді, жарықтық. Осы мінезінің өзі менің тағдырымды қанағат сезіміне бөлейтін.

Шынайы адами болмысы, биік парасатының арқасында Тәкең ұлы Мұхтар Әуезовпен рухани дос болып, аға-інілік қарым-қатынаста болды. Қазақтың ұлылары Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Әлімхан Ермеков, Шапық Шокин, Жұмабек Тәшенов, Жайық Бектұровпен сырбаз сыйластықта болып, аралас-құралас жүрді. Бұлардың барлығы үйімізден дәм татып, тура осы дастарқанның төрінде отырып, бізге баталарын берді. Сол ұлылардың шапағаты шығар, тағдыр сыйына кенеліп, бәсекеге байлықпен емес, адами қалыппен түсіп, қатарымыздың алды болғанымыз. Бәріне шүкіршілік етемін.

Шығармашылық мүмкіндігін, қаламгерлік қабілетін отағасының жолына құрбан еткен жар ретінде тағдырыңызға

ризасыз ғой сонда?

– Әрине, ризамын. Тәкеңнің өзі де риза болып кетті. Өмірден өтерінде «Мен саған ризамын! Мен үшін бәріне дайын болдың. Мен үшін өзіңді құрбан еттің ғой» деп бақұлдасты. (Дауысы жарықшақтанып, жанарына жас іркілді Е.М).

«ОТБАСЫНДА ӘЙЕЛДІҢ ӨЗ ОРНЫ БАР»

  • Адамзат баласы қастер тұтатын аяулы есімдердің барлығы Сізге жарасып тұр. Ұстаз. Аяулы ана. Асыл жар. Осынша жүктің бейнетінде өлшем бар ма?

– Барлығының өлшемі – мойынсынуға тәуелді. Өз тағдырың үшін өзің ғана тәуекел ете аласың. Ал, тәуекел еттің екен, мойынсынуың керек.

  • Отбасылық құндылықты сақтаудың тетігі кімде? Отағасында ма, әлде отанасында ма?

Отбасылық құндылық мәселесі – ерлі-зайыптылардың екеуіне бірдей жауапкершілік. Дегенмен, әркімнің өз орны бар. Әсіресе, отбасының бірлігі мен берекесі – әйелдің ақыл-парасатында. Қазіргі жас отбасыларда ерін билеп-төстегісі келетін, отбасы тізгінін берік ұстағысы келетін әйелдер көбейді. Құдай-ау, отбасында әйелдің өз орны бар ғой. Ол – шаңырақтың ұйытқысы, ерінің қолдаушысы, отбасының берекесі, дастарқанның иесі. Сондықтан, ерін сыйламаған ақымақ әйелдердің бір отбасына ғана емес, қоғамға тигізер залалы орасан деп айтар едім.

  • Қазір ажырасудың көптігі де сол әйел затының өктем болғысы келетін пиғылынан емес пе?

– Өте дұрыс айтасың. Бүгін қосылып, ертең ажырасып жатқан жастар көп. Әке-шешесіне несие алдырып, той жасап, шашып-төгіп, қарызға белшеден батырып, аз уақытта жараспадық деген сылтаумен ажырасып кетеді. Мұның да салдарында төмен етектінің төмен парасаты жатыр. Әрине, біржақты пікір айтудан аулақпын. Дегенмен, дәл осы келеңсіздікте ер азаматтардың қызба мінез, өрт болмысына тоқтау жасай алмаған әйелдің үлесі басым.

  • Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма? Жалпы, жастар тәрбиесі сөз болғанда, тым кінәмшіл емеспіз бе?

– Тағы да қайталап айтамын, бұл мәселенің барлығы біржақты пікір айтумен шешілмейді. Иә, жастар тәрбиесі өзекті болып тұр. Ашық-шашық киіну, әдепсіздік, мәдениетсіздік деген белең алып барады. Біздер аш-жалаңаш болдық. Ал, бүгінгінің қыздары тыр жалаңаш жүр деуге болады. Әрине, жастардың барлығы осындай деуден аулақпын. Бүгінгі өмірді жасап, жаңа қоғамды алға тартып отырған зияткер жастардың бары қуантады. Өздеріне тиесілі мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, қажетінше білім алып, қал-қадірінше елге қызмет етіп жүрген тегеурінді толқын өсіп келеді. Өзің айтқандай, тым кінәмішіл болып, жастарды тұқырта беру қоғамды түзеп, мәселені түбегейлі шешіп тастайды деп айту – қателік. Жастар бар. Аллаға шүкір, жасампаз жастар өсіп келеді.

«ҚАЛАМҒА ДА ҚАНАҒАТ КЕРЕК»

Тағы да Сіздің шығармашылығыңыз жайында… Кейінгі кітабыңыздың атын «Соңғы қоңырау» деп атапсыз.

Автор үшін де, оқырман үшін де ауырлау айдар емес пе?

– Жазуға кеш келгенімді айттым ғой. Атымтай азаматтардың арқасында алғашқы жыр жинағым «Жапырақ ғұмыр сыбдыры» деген атаумен 2002 жылы жарық көрді. Кезінде құнттамаған, жинамаған дүниелерім үшін өкініп, жазған-сызғандарымды жүйелесем, осындай кітап шығаруға болады екен ғой деген ойға келдім. Сөйттім де, қауырсын қаламнан қалқып шыққан әр дүниемді ықтияттап, жинап жүруге дағдыландым. Айналасы 15 жылда 6 кітабым жалғанның жарығына шықты. Аз дүние емес, әрине. Ал, мына «Соңғы қоңырау» – менің жалған дүниеге соққан соңғы қоңырауым. Енді жазбаймын. Қазір басымда бір үлкен қасірет бар – көз жанарым сарқылды. Өз жазғаныңды өзің оқи алмаудан асқан қасірет жоқ екен. Бәрібір, менің жасымда бірдеңе жазамын деп әуре болу – жай әшейін тыраштанумен пара-пар әрекет. Оның үстіне, қаламда да қанағат болады екен.

  • 2 мектеп-интернат екінші үйіңіздей болды. Бір мектепте табан аудармай 40 жылға жуық қызмет еттіңіз. Қазір барып тұрасыз ба?

– Мерекелерде шақырып тұрады. Шамам келсе, баруға ықтиярмын. Өздері келіп тұрады. Әріптестермен әңгімелесіп, шәкірттеріммен жүздесудің ғанибетін бағалай білетін жанмын. Шәкірттерімнің алды 80 жастан асты. Әбілда Әлімбаев деген оқушым – 83-те. Солардың өзі «Мұғалім!» деп хабарласқанда, төбем көкке бір елі жетпей тұрады.

  • Таңдаулы шәкірттеріңізден кімдерді атайсыз?

– Өздеріңнің әріптес ағаларың Аман Жанғожин, ғалым Жеңіс Иманов, Майра Ержанова, Шәрбан Баттақова, Сәлкен Дәрібеков, Қайрат, Жақсыкелді Кемалов сынды шәкірттеріммен мақтанамын. Баян Рақышев деген өте талантты шәкіртім болды. Алматыда политехникалық институттың ректоры болған. Көбінің аттары аузыма түсе бермейді. Тоқсан деген жастың өзі де көп нәрсені көмескілендіреді екен.

  • Қазақтың талантты қызы Мақпал Жүнісова да осы мектепте оқыды емес пе?

– Иә, Мақпал оқыды. Мен 5 сыныпта жарты жыл сабақ бердім. Өте елгезек, тамаша қыз болатын. Сол 5 сыныпты бітірді де, Алматыға музыка мектебіне ауысып кетті.

  • Тағдырыма ризамын дедіңіз, өмірге өкінішім жоқ дедіңіз… Қатты қамыққан сәттеріңіз болды ма?

– Тәкең өмірден озғанда, тіршілік тоқтап қалғандай күйге түсіп, қатты қайғырдым. Мына төрде тұрған портретімен сырласып, көз жасыма ерік беретін сәттерім көп болды. Жақында тағы бір ауыр қайғыны бастан кешірдім. Кіші ұлым Серік кенеттен дүние салып, мен үшін дүние төңкеріліп кеткендей болды. Баланың артында қалып, боталағаннан ауыр не бар ана үшін…

  • Қайғыңызға ортақпыз, апа. Алла бойыңызға қуат, сабыр берсін! Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.