Брифинг

Мүлік салығын төлеу жолдары жеңілдеді

Облыстың жарты миллионға жуық тұрғыны – салық төлеушілер санатында. Олар келесі айдың басына дейін мүлік салығын төлеп тастауы тиіс. Оны бірнеше жолмен жүзеге асыруға болады екен. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық, салық салу объектілері және төлеу мерзімі тақырыбына арналды. 

– Мүлік салығын төлеу –  маңызды мәселе, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабеков. – Салық заңнамасына сәйкес, 2021 жылдың қаңтарынан бастап жер салығы мен мүлік салығы бірыңғай мүлік салығына біріктірілді. Осыған байланысты есептелген сомма екі салықтың міндеттемелерін қамтып, бірыңғай сомамен төленеді. Салық кодексінің ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар мүлік салығын төлеуші болып табылады. Бұл тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар және меншік құқығымен тиесілі өзге де құрылыстар, ғимарат, үй жайлары.

Спикердің айтуынша, мүлік салығынан босатылатын тұлғалар да бар. 1000 айлыө есептік көрсеткіш шегінде Кеңес Одағы Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар. Сонымен қатар, үш дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Отан» орденімен наградталған адамдар. «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері болған көпбалалы аналар, бөлек тұратын зейнеткерлер де осы қатарға жатады. Айта кетерлігі, салық заңнамасы бойынша бөлек тұратын зейнеткерлер деп, бір заңды мекенжайда тек қана зейнеткерлердің тіркелуі есептеледі. Ал, 1500 АЕК мөлшері шегінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген ардагерлер, мүгедектер. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар 18 жасқа толғанша мүлік салығынан босатылған. Егер, олардың мүлік салығының көлемі көрсетілген мөлшерден асып кетсе, сол асып кеткен соманы төлейді. 

– Жыл сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәліметтері негізінде Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 1 шілдеге дейін жеке тұлғалардың мүлік салығын жеке меншік құқығын иеленудің нақты мерзімін ескере отырып есептейді. Кейін барлық салық төлеушілерге тиісті хабарлама жіберіледі. Бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 422 443 хабарлама жіберілді, – деді Қанат Жолтайұлы.

Егер, қандай да бір себептермен хабарлама алмаған тұрғындар болса, оның мөлшерін білудің бірнеше жолы бар. ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің порталында Kgd.gov.kz. электрондық сервистер бөлімінде және e-Salyk Azamat мобильдік қосымшасы арқылы біле алады. Аталған мобильдік қосымшаны App Store немесе Play Market арқылы көшіріп алуға болады. Оның көмегімен төлем жүргізуге де болады. Сонымен қатар, Каспий банк және Халық банктың мобильдік қосымшасы арқылы да төлеу мүмкіндігі бар. Ал, екінші деңгейлі банктердің төлем терминалдары және банкоматтары арқылы қолма қол ақшамен төлем жасауға болады.

Сондай-ақ,  департаменттің 1414 желісі де жұмыс жасап тұр. Тұрғындар салық төлеу мәселесіне қатысты кез келген сұрақпен хабарласуына болады.

Егер салық уақытылы төленбесе, әр күнге өсімпұл есептеледі.  Ол 1 айлық есептік көрсеткіштен асқанда, салық төлеушіге хабарласып, ескертеді және оған 30 күн уақыт беріледі. Бұл уақытта да төленбесе, арнайы салық бұйрығы шығарылып, ол сот орындаушыларға жіберіледі. Нәтижесінде, салық төлеуші салықты өсімпұлымен ғана емес, сот орындаушылардың да шығын өтеуге мәжбүр болады.

Спикер хабарламаларда көрсетілетін тұрғындардың жеке реквизиттері туралы атап өтті.

– Еліміздегі төлемнің барлық түрлері ЖСН арқылы жасалады. Екіншіден, хабарламалардың үлгісін уәкілетті орган – Қаржы министрлігі анықтайды. Заң бойынша салық төлемі туралы хабарламалар жеке қолына немесе басқа жолмен берілуі тиіс. Біз қазіргі уақытта хабарламаларды «ҚарағандыЖылуСбыт» ЖШС арқылы жолдаймыз. Дегенмен, бұл мәселе бойынша жүгінетіндер көп. Сондықтан, оны Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдадық, – деді Қ.Балтабеков.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button