Жаңалықтар

Мәдидің ертоқымы

Шет аудандық архе­ологиялық-этнографиялық музейінің қоры жаңа жәдігермен толықты. Құсбегілік өнерді Арқа жерінде қайта жаңартқан Тілеуқабыл Есенбекұлы ақын, әнші, композитор Мәди Бәпиұлының ертоқымын табыстады.

Ертоқымның бұл түрі Арқа даласында кең таралған. Ердің ел аузындағы атауы – үйрекбас ер немесе арғын ер. Бұл жәдігердің бас пішіні көбіне үйрек ерге келіңкірейді. Бір қарағанда сұлбасы суда жүзген үйрек секілді. Көбіне сал-серілер қолданған көрінеді.

– Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы, халық ақыны, әнші-композитор, сегіз қырлы, бір сырлы, өз заманында өлең-жырлары, жыр-шумақтары қағаз бетіне түспесе де, ел аузында сақталған дарқан даланың дүлдүлі Мәди Бәпиұлының ертоқымын музей қорына табыстау көптен ойымда жүр еді. Дегенмен, тарихи жәдігердің үйдің төрінде тұрғаны да ерекше әсерлі. Алайда, менен кейін кім ие болып қалатынын ойлап, осы шешімді жөн көрдім. Маған дейін қолдан-қолға өтіп келген жәдігер ғой. Құнды дүниенің қолыма түсуінің де тарихы тереңде, – дейді саятшы, өлкетанушы Тілеу­қабыл Есенбекұлы.

Жәдігер бүркітшінің қолына қалай түскен деген сұрақ тууы заңды. Мәдидің жол серігі, атқосшысы болған Тоқаш Кәдікеев әншінің қарындасы Мәпрузаға үйленген. Мәди атылып кеткеннен кейін ер-тұрманы күйеубаласы Тоқаш Кәдікеевте қалған. Тоқаштан баласы Лятайға берілген. Лятайдан шахтада бірге жұмыс істеген Айғожа туысына көшеді. Айғожадан жақын туысы Нығметолланың қолына түседі. Ал, Нығметолла – Тілеуқабылдың нағашысы. Бұл ертоқымды бұл кісі қалпына келтіріп, 30 жыл тұтыныпты.

Көне ер шамамен XX ғасыр­дың басында жасалған. Материалы ағаштан шабылып, таза былғарымен қапталып, күміспен күптеліп, безендірілген.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Шет ауданы
Сурет музейден алынды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button